«Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара. Сондықтан Үкімет жанындағы Инвестиция штабына ауқымды құзырет берілді. Бұл қадам металды терең өңдеу, мұнай-газ- көмір химиясы, туризм, энергетика және машина жасау сияқты маңызды салалардағы жобаларды жүзеге асыру қарқынын арттыруға жол ашты. Экономикаға салынған тікелей инвестиция көлемін азайтып алмау үшін осы бағыттағы жұмысты күшейту керек. Кейбір әкімдер мен министрлер инвестор тарту ісіне жөнді атсалыспай отырғанын атап өткім келеді. Үкімет бұл шаруаны ретке келтіруге тиіс» деді Президент Жолдауында. Президент тапсырғандай, бюджеттік қаржылардың жұмсалуын бақылау – атқарушы органдардың маңызды міндеті. Осы бағытта жұмысын үйлестіріп, қызметін жүргізіп отырған облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы өзіне жүктелген міндетті талапқа сай орындауымен ерекшеленуде.
Облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиеваның айтуынша, өңірдің осы жылдың қаңтар- қыркүйек айларындағы экономикалық өсімі 103,7 пайызды құраған. Ол өсім аймақта жүргізілген құрылыс, тұрғын үй, сауда, көлік, байланыс салаларындағы өсім есебінен қамтамасыз етілген.
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауларында ел экономикасының өсімін, бюджет қаражатының тиімді игерілуін, шағын және орта бизнеске, инвестиция тартуға бөлінген қаржының мақсатты жұмысалғанын бақылау қажеттігін ескертті. Мемлекет басшысы «Ең бастысы, салынған қаржы ел игілігіне жарауы керек. Бұл талапты нормативтік тұрғыдан бекітіп алу қажет» деп ескертті. Бүгінгі таңда облыста кейбір салалар бойынша өсім байқалады. Атап айтсақ, облыстың негізгі капиталына тартылған инвестиция өткен 9 айда 1,7 пайызға артқан. Жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құраса, инфляция деңгейі жыл басынан 104,5 пайызды құрап отыр, орташа республикалық көрсеткіштен 1,2 пайыздық тармаққа төмен қалыптасқан. Ал, өнеркәсіп саласында соңғы үш айда оң динамика байқалғанымен, өнім көлемі әлі де өткен жылдың тиісті деңгейіне жетпей тұр. Есепті кезеңде облыстың өнеркәсіп кәсіпорындарымен 645,9 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Жалпы, өнеркәсіп саласында үлесі 65,2 пайызды құрайтын өңдеу өнеркәсібі бойынша 420,9 миллиард теңгенің өнім, өндіріліп отыр. Өз кезегінде, «Меркі қант зауыты» 10 қыркүйектен қант қызылшасын қабылдап, жыл соңына дейін 450 мың тонна өнім өңдеуді жоспарлап отыр, – дейді облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Ермаханқызы.
Тағы бір атап өтерлігі, Президент Жолдауында «Мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден бір жолы – көрпеге қарай көсілу. Сондықтан, бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды- солды шашуды доғару керек. Бюджетаралық қарым-қатынасты да ретке келтіру қажет. Шағын және орта бизнестен түсетін салықты аймақтардың өзінде қалдыру дұрыс әрі уақтылы қабылданған шешім болды. Бұл қадам кәсіпкерліктің дамуына едәуір серпін берді. Сонымен қатар, әкімдердің дербестігін арттырды. Алайда, кейбір әкімдер қосымша кіріс көзіне ие болған соң, оны елге пайдасыз іске шашып, тиімсіз жұмсайтын болды. Аса маңызды емес міндеттер мен жобаларға қаржы бөле бастады. Үкімет бюджет тапшылығының орнын толтыратын қаржы көзін табу үшін тиімді компенсациялық тәсілдер ойластыруы қажет» дей келіп, ішкі капиталды дамытуға көңіл бөлді.
Атап айтар болсақ, ауыл шаруашылығы саласында 9 айда 348 миллиард теңгеге өнім өндірілген. Ал мал шаруашылығының өнімі 135,4 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңінен 1,8 пайызға артқан. Негізгі капиталға 328,3 миллиард теңге инвестиция тартылып, өсім 1,7 пайызды құрап отыр.
– Президентіміз Жолдауында ұлттық қордың қаражатын ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін, яғни еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет екенін айтты. «Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек. Ұлттық қор – ұзақ мерзімге арналған макро экономика лық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал. Сондықтан, оны тиімді басқару қажет» екенін айта келіп, жеке инвестициялар тарту арқылы іскерлік белсенділіктің артуына қолайлы жағдай жасаудың тиімділігін жеткізді. Президент тапсырғандай, облыста есепті кезеңге белгіленген жоспар 421,1 миллиард теңге статистикалық есептілікті жүргізу тәртібінің өзгеруіне байланысты 78 пайызға орындалды. Жыл соңына дейін «Еврохим-Қаратау» (30 млрд. тг), «Корцем» (10 млрд.тг), «Qazaq Soda» (25 млрд.тг), «Шағала майнинг» (5 млрд.тг), «Talas Investment Company» (10 млрд.тг), «Қаратау Кемикалс» (1,2 млрд.тг) жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сияқты ірі жобалар есебінен 202 миллиард теңге көлемінде жеке инвестиция тартылатыны күтілуде, – дейді басқарма басшысы.
Бүгінгі таңда құрылыс саласында да даму қарқыны байқалады. Есепті кезеңде 212,3 миллиард теңгені құрайтын құрылыс жұмыстары жүргізілген. Ал, өңірде экономикалық өсімді қамтамасыз ету бойынша іс-шаралар жоспары аясында биыл 750 шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Есепті кезеңде 513,3 мың шаршы метр немесе тиісті кезеңмен салыстырғанда 2,3 пайызға артық тұрғын үй пайдалануға беріліп, жылдық жоспар 68,4 пайызға орындалған. 9 айда бюджет қаражаты есебінен 664 пәтерлі 15 үй, оның ішінде 148 пәтерлі 3 жалға берілетін, 516 пәтерлі 12 кредиттік үй, ал жеке қаражат есебінен 931 пәтерлі 24 көпқабатты тұрғын үй құрылысы аяқталған. Өңірлер бөлінісінде Мойынқұм ауданынан басқа барлық өңірлерде пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі артқан.
Соңғы уақытта сауда айналымында да өсу динамикасы байқалады. Атап айтар болсақ, сауда айналымы 690,1 миллиард теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2,1 пайызға артқан. Оның ішінде бөлшек сауда айналымы 3,8 пайызға, көтерме сауда 0,1 пайызға өскен.
Көлік қызметтері 441,6 миллиард теңгені құраған. Жүк тасымалдау – 9,6 пайызға, жүк айналымы – 5,3 пайызға, жолаушыларды тасымалдау 14,1 пайызға, жолаушы айналымы өткен жылдың тиісті деңгейінен 18,7 пайызға артқаны байқалады.
Қорыта айтқанда, облыста бірқатар салаларда өсім динамикасы қалыптасып, бюджет қаржысының игерілуі талапқа сай жүргізілуде.
Марат ҚҰЛИБАЕВ
Ұқсас жаңалықтар
Кіріс көлемі кідіріссіз артып келеді
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді