БЮДЖЕТ БЕКІТІЛДІ

БЮДЖЕТ БЕКІТІЛДІ
ашық дереккөз
БЮДЖЕТ БЕКІТІЛДІ
облыс экономикасын дамыту бағдарламасы да сараланды Бесінші шақырылған облыстық мәслихаттың кезекті қырық үшінші сессиясының күн тәртібіне қойылған мәселелер қаралмас бұрын ҚР Тәуелсіздігі күні мерекесіне орай бірқатар депутаттарға Қазақстан Республикасы Сенатының Құрмет грамотасы табыс етілді. Атап айтқанда, облыстық мәслихаттың депутаты Асқар Бекбауов, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Шолпан Иманбекова, Мойынқұм аудандық мәслихатының депутаты Шахикәрім Исабеков ел игілігі жолында еткен еңбектері үшін марапатқа ие болды.  Сессияның күн тәртібіне қойылған бірінші мәселе 2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы болды. Аталған мәселе бойынша және облысты дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасының жобасы туралы облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Жомарт Әмірханов баяндама жасады. «Облыстық бюджет жобасында 2016 жылға кірістер 170,5 миллиард теңгені құрап, 2015 жылғы нақтыланған бюджет көрсеткішінің деңгейіне жоспарланған. Оның ішінде, облыстың өз кірістері 17,4 миллиард теңге көлемінде, республикалық бюджеттен келетін трансферттер көлемі 153,1 миллиард теңгені құрады. Ағымдағы нысаналы трансферттер көлемі 53,6 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың нақтыланған бюджет көрсеткішінен 17,6 миллиард теңгеге артық бөлінді. Оның ішінде, 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік әкімшілік қызметшілер еңбекақысын ұлғайтуға 1,2 миллиард теңге, азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу жүйесінің жаңа моделін енгізуге 18,9 миллиард теңге қарастырылды. Нысаналы даму трансферттері Елбасының тапсырмасы бойынша өткен жылмен салыстырғанда 15,5 миллиард теңгеге кем бөлінді. Облыстық бюджет шығындары еліміздің бюджеттік саясаты шеңберінде бірінші кезекте мемлекеттік әлеуметтік төлемдерді төлеуді қамтамасыз етуге және әлеуметтік-экономикалық дамудың басым бағыттарын қаржыландыруға бағытталған. 2016 жылға қарастырылған облыстық бюджеттің жалпы шығындары 169,4 миллиард теңге көлемінде жоспарланып, ағымдағы жылғы нақтыланған бюджетке қарағанда, 504,1 мың теңгеге азайған. Бюджет шығындарының 38 пайызы немесе 64 миллиард теңгесі әлеуметтік саланы қамтуға бағытталуда», – деген басқарма басшысы бұдан әрі әр сала бойынша бюджеттің бөліну жоспарын атап өтті. Келесі кезекте облыстық мәслихаттың экономика, қаржы, бюджет және жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты Гүлсін Орынбаева және облыстық мәслихаттың депутаты Асқар Бекбауов 2016-2018 жылдарға арналған облыстық бюджеттің жобасы бойынша сөз сөйлеп, өткен жылдарда мемлекеттік бюджет есебінен атқарылған бірқатар тірліктерге тоқталды. Сессияның күн тәртібіне қойылған екінші мәселе «Жамбыл облысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жағдайы және оның алдын алу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы» облыстық мәслихаттың 2010 жылғы 2 маусымдағы №25-4 шешімінің орындалуы жөнінде облыс прокурорының орынбасары Айдос Майлыбаев баяндама жасады. Ол өз сөзінде билік басында жүріп жемқорлыққа барған, сыбайластыққа жол беріп, сотты болған бірқатар лауазым иелерін атап шықты. Дендеген дертпен күресу үшін облыста атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Аталған мәселе бойынша облыстық мәслихаттың депутаттары Мұратқали Сәрсенов, Сембек Сейдазимов, Асаубай Майлыбаев және Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары-Тәртіптік кеңестің төрағасы Ғалым Тұрсынбаев сөз сөйлеп, дәйекті пікірлерін ортаға салды. Мәслихат қарауына ұсынылған барлық мәселе бойынша тиісті шешімдер қабылданды.  

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар