«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Жасампаз жобалар жемісі

Жасампаз жобалар жемісі
ашық дереккөз
Жасампаз жобалар жемісі

(Тілші толғанысы)

Өткен ғасырдың соңғы он жылдығы ел тарихының жаңа парақтары ашылған жарқын кезең болып жадымызда жаңғыра беретіні сөзсіз. Дегенмен, сол бір шақты экономикалық қиындықтарға байланысты «тоқсаныншы жылдардағы тоқырау» деп те атайтынымыз бар. Меніңше, бұл – қате ұғым. Өйткені, еліміз нақ осы кезде жаңғыру жолына қадам басқан еді. Қазақстан экономикасы тәуелсіздік алғаннан кейін тоқырауға ұшыраған жоқ. Рас, Елбасымыз айтқандай, 90-жылдардың бірінші жартысы біз үшін қолайлы бола қойған жоқ. Бірақ, дағдарыс Кеңес одағында басталған. 

КСРО құрамындағы барлық одақтас республикаларда 1980 жылдан кейін аса күрделі жағдай басталғаны тарихтан белгілі. Дағдарыстың себебі өте көп болды. Жариялылықтың болмауы, заңдылықтың бұзылуы секілді саяси себептерін былай қойғанда шаруашылық жүргізуде шығын ұлғайып, ғылыми-техникалық және технологиялық прогресте артта қалушылық айқын сезілді. Инфляция деңгейінің өсіп, тауар тапшылығының туындау себебін басқару аппаратының бақылаусыз қалғанынан деп түсіндірді мамандар. Осы жағдайлар халықтың тұрмыс деңгейінің нашарлауына әкеліп соқты.1985 жылы сәуірде КОКП ОК-ның пленумында әлеуметтік, экономикалық дамуды жеделдету мәселесіне сәйкес экономикалық құрылымды қайта құру бағыты жарияланды. Бірақ, қайта құру ешқандай бағдарламасыз, ғылыми айқындамасыз жүргізілді. Бұл бағыттың қияли болжамдары көп болды. Сондықтан, ол сәтсіздікке ұшырады. 

Сексенінші жылдардан басталған тоқырау тоқсаныншы жылдарда халықтың тұрмыстық ахуалын тұралатып тастады. Ал Тәуелсіздік елімізді даму даңғылына бастады. Дара саясаткер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында мемлекетіміз бүгінде Қытай, Үндістан және өзге де экономикасы қарыштап алға басқан мемлекеттер қатарында дамудың жоғары деңгейіне көтерілді. Өйткені Ұлт Көшбасшысы оған қол жеткізудің нақты стратегиясын ұсынды. Мемлекет басшысының ұтымды стратегиясы, серпінді бағдарламаларының арқасында еліміздің даму жоспары сәтті болды. Жасампаздыққа жұмыла кіріскендіктен, өркендеу көшіне ілестік. Толайым табыстарымен дүниежүзін мойындатқан Қазақстанның әлеуеті артып, экономикасы серпінді бола түсті. Ал дамуымыздың негізгі алғышарты –қазақстандық бірліктің өнегелі үлгісі дүниежүзіндегі мемлекет басшылары мен конфессия жетекшілерінен лайықты бағасын алғанын айта кетуіміз керек. Жасампаздық қуатымен әлемді таңғалдырған Тәуелсіз мемлекетіміздің қол жеткізген жетістіктерін әлем саясаткерлері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының жемісі деп санайды. Америка Құрама Штаттарының экс-президенті Джордж Буш Қазақстан Президентіне «Сіздің жетекшілігіңізбен Қазақстан соңғы жылдарда саяси және экономикалық реформаларда үлкен ілгерілеуге қол жеткізді. Осындай қиын жағдайда жеткен жетістіктер қажырлы еңбегіңіздің ақталғанын көрсетеді» десе, Францияның бұрынғы президенті Жак Ширак «Қазақстанның Тәуелсіздік жылдары жеткен экономикалық жетістіктері – бұл Н.Назарбаев пен оның қазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға жасаған саясаты және осы саясаттың арқасында жеткен экономикалық жетістіктері Қазақстанды Еуропада танымал етті» деп жоғары баға берді. Тәуелсіз Қазақстанның барлық табыстары Мемлекет басшысының тегеурінді стратегиялық жоспарларының жемісі деп нық сеніммен айта аламыз. Әлемдік дағдарыстың алғашқы толқыны дамыған мемлекеттердің өзін әбігерге салып жатқанда еліміз көптеген экономикалық өсімге қол жеткізді. 2008 жылы-ақ мемлекетіміз жоспарланғанынан екі жыл бұрын ішкі жалпы өнім көлемін екі еселеп және мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін тиімді орындады. Сол жылдарда орташа айлық жалақы 5 есеге, ал зейнетақының орташа мөлшері 3 есеге өсті. Өмір сүрудің ең төменгі деңгейінен аз табысы бар халықтың үлесі 4 есеге (50-ден 12 пайызға дейін) азайған болатын. Еліміз 1997-98 жылдардағы Оңтүстік-Шығыс Азиядағы қаржы дағдарысын да сол уақыттарда қабылданған стратегиялық шешімдер мен іс-қимылдардың арқасында қысқа мерзімде еңсере алды. Мемлекет басшысы өз Жолдауында айтып өткендей, сол кезеңде елордамыз Астананы тұрғыздық, «Қазақстан -2030» Стратегиясын қабылдадық. Жалпы, Тәуелсіздік жылдарында елімізде 50-ден астам мемлекеттік және салалық бағдарламалар жүзеге асырылды. Биыл денсаулық сақтау саласын дамытудың «Саламатты Қазақстан», химия өнеркәсібін, фармацевтика өнеркәсібін, тау-кен, металлургия саласын, минералдық шикізат кешенін, машина жасауды дамыту, құрылыс индустриясын және құрылыс материалдары өндірісін, жеңіл өнеркәсіпті, мұнай-газ секторын, туристік индустрияның перспективалы бағыттарын, көлік инфрақұрылымын, электр энергетикасын дамыту жөніндегі бағдарламалар аяқталып, жаңа бағдарлама қабылданды. Онкологиялық көмекті дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған, білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған, балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамтамасыз етуді көздейтін «Балапан» бағдарламалары жалғастырылуда. Қазір жүзеге асырылып жатқан «Бизнестің жол картасы – 2020», «Өңірлерді дамыту», Моноқалаларды дамыту, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңғырту, «Қолжетімді тұрғын үй – 2020», «Ақбұлақ», «Агробизнес – 2020» секілді көптеген ел экономикасына серпін беретін бағдарламалар бар. Экономиканы дамытуды көздеген бағдарламаларды жүзеге асырудың нәтижесінде көптеген өңдеуші салалар өсім көрсетті. Елбасы «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауында бес жылда өңдеу өнеркәсібі 1,3 есе, химия өнеркәсібі мен құрылыс материалдары өндірісі 1,7 есе, машина жасау өнімдерін шығару 2,2 есе, экспорт 3 есе артқанын айтты. Осы кезеңде 800-ден астам индустриялық жоба жүзеге асырылыпты. Биылдың өзінде металлургия өнеркәсібі бірден 15 пайызға, химия өнеркәсібі 3,2 пайызға, минералды өнімдер өндірісі 3,2 пайызға, киім-кешек 4 пайызға өскен. Тәуелсіздік жылдарында елімізде 1300-ден астам денсаулық сақтау нысаны мен 1700-ден астам білім ошағы бой көтерді. Олардың барлығы ең соңғы үлгідегі құралдармен жабдықталды. Осы жылдары облысымызда 71 мектеп, 20 балабақша, 14 аурухана, 3 емхана, 34 дәрігерлік амбулатория, 66 медициналық пункт, жалпы 117 денсаулық сақтау нысаны салынды. 2012-2014 жылдар аралығында 77 мектепке дейінгі білім мекемесі пайдалануға берілсе (58 балабақша, 19 шағын орталық), биыл 14 мекеме ашылды (9 балабақша, 5 шағын орталық). Әлемде күрделі экономикалық ахуалдың қалыптасуына қарамастан, облыс экономикасы тұрақты дамуда. Бұл – Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының бірінші бесжылдығында атқарылған ауқымды жұмыстардың жемісі. Осы кезеңде 33 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Өңірімізде баламалы энергетика, химия, ауыл шаруашылығы кешені, құрылыс индустриясы және тағы басқа салаларға қатысты 26 инвестициялық жобаны жүзеге асыру мақсатында әлеуетті шетел инвесторларымен келіссөздер жүргізілуде. Инвесторлар 3,1 миллиард АҚШ долларын құрайтын 14 инвестициялық жобаға қаржы салып отыр. Еліміздегі қалыпты экономикалық өсім халық тұрмысының жақсаруына, денсаулығының түзелуіне ықпал етті. Соның арқасында қазақстандықтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 72 жасқа жуықтады. Мемлекет басшысының жаңа Жолдауда айқындап берген дамудың басым бағыттарын жүзеге асыру арқылы Қазақстан өзінің өрлеу қарқынын бәсеңдетпейтініне сенім мол. Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі Қазақстан үшін 2016 жылға жоғары экономикалық өсу қарқынын болжап отыр. Дүниежүзілік банк сарапшылары Қазақстанда ішкі жалпы өнім өсімі 2015-2016 жылдары шамамен 1 пайызды құрап, ал 2017 жылы 3,3 пайызға дейін өсуі мүмкін дейді. Банк жүргізген базалық сценарийге сәйкес, мұнай бағасы 2016 жылы төмен деңгейде қалып, 2017 жылы қайта қалпына келе бастайды деп күтілуде.

Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар