Текті баба ұрпағы ем...

Текті баба ұрпағы ем...
ашық дереккөз
Текті баба ұрпағы ем...

Текті баба ұрпағы ем, бірақ келдім не көрмей,

Жасыра алман ғаріп күй кешкенімді көгермей. Аққа Құдай жақ деуші еді, не жазығым бар еді, Тексіздердің тепкісін, қиянатын көрердей!?

Жүрегімді мұз қарып, көңіліме сыз орнай, Бодандықтың бұғауын бұлқынсам да бұза алмай. Тәуелсіздік сен үшін, Кенесары, Наурызбай, Жебірлердің желкесін өкіне өтті-ау үзе алмай.

Сары белден сарғайып, сағындырып сарғыш таң, Содырлармен соғысып, Құздан құлап жарға ұшқам. Тәуелсіздік сен үшін, желтоқсанда кеп-кеше, Ербол, Ләззат, Қайраттай боздақтар боп қан құсқам.

Әпере алмай еркіндік ұрпағыма өрімдей, Жат босаға жасқаған көрінгені-ай төрімдей. Қиянаттың көкесі! Қалмап па едім далада Ақ сөңке боп шашылып, көр бұйырмай, көмілмей.

Құсаланып көңілім, маңдайыма мұң орнай, Ұрпақтарым құл, күң боп, хал-жағдайы сірә оңбай. Биік, еркін ұша алмай, жүрек шаншып жүргенде, Топсасына тас тиген, сынық қанат қырандай.

Армандатқан, аңсатқан егемендік, теңдік-ай! Ойлап па едім ешқашан келер-ау деп сен бұлай. Құдіретіңнен айналдым Тәуелсіздік әперген, Рахымы кең Құдай.

Болса екен деп жұртымның бауыры бүтін, басы аман, Келешегіме келемін беруменен аса мән. Шаңырағым шайқалып, босамасын босағам, Тілегімді бер, Жасаған!

Қуандық ШОЛАҚ, ақын, халықаралық «Алаш»  әдеби сыйлығының лауреаты.

Т. Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар