Облыс аумағындағы туберкулез сияқты әлеуметтік сипатқа ие аса қауіпті жұқпалы дерттің алдын алуға, емдеп-сауықтыруға мүмкіндік беретін медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы жыл өткен сайын жаңартылып, жақсартылу үстінде. Соның бір нақтылы айғағы ретінде, кеше Байзақ ауданының Мырзатай ауылдық округінде жобалық-сметалық құны 1 168,4 миллион теңгені құрайтын, 60 төсекке арналған туберкулезге қарсы аурухананың жаңа ғимаратының пайдалануға берілгендігін айтсақ та жеткілікті. Оның ашылу рәсіміне облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Ол тек соңғы үш жылдың бедерінде ғана өңірдегі денсаулық сақтау саласы мекемелерінің әлеуетін арттыру үшін мемлекет тарапынан 8 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, игерілгендігіне, нәтижесінде облыс қалалары мен ауылдық елді мекендерінде 46 нысанның пайдалануға берілгендігіне тоқталды. Солардың санатына осы бүгін ғана пайдалануға берілген, алдағы уақытта Байзақ ауданының тұрғындарына білікті стационарлық медициналық қызмет көрсететін және туберкулез ауруына шалдыққан жандарды емдеуге бағытталған кешенді емдік-профилактикалық шараларды жүзеге асыратын әрі дәрігері мен орта және кіші буын медициналық құрамы аралас жүзге тарта адам еңбек ететін туберкулезге қарсы аурухананың да жататындығын жеткізді.
Кәрім Нәсбекұлы денсаулық сақтау саласы мекемелерінің базасын жақсартуда мұндай оң құбылыстың орнығуын Елбасы бастамасы бойынша елімізде қолға алынған әлеуметтік саясаттың, ұстанымдардың нәтижесімен байланыстырды. Облыс әкімі, сондай-ақ, Ұлт Көшбасшысының ағымдағы жылдың 30 қарашасында халыққа арнаған «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» атты Жолдауында да әлеуметтік мәселелердің мемлекет назарында, қамқорлық аясында болатындығын мәлім еткендігін, нақ сондықтан келешекте де медициналық мекемелердің базалық мүмкіндіктерінің нығая түсетіндігін атап көрсетті. Бұдан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің мүшесі, еңбек ардагері, қарт дәрігер Сұлтан Мәжібаев сөз алып, осындай жаңа нысанның тұрғызылып, пайдалануға берілуіне ықпал еткені үшін аудан жұртшылығының атынан облыс басшыларына ризашылығын білдірді.
Аумағы 6844,6 шаршы метр жерді алып жатқан, негізгі корпусы үш қабаттан тұратын аурухана ғимаратының символикалық кілтін нысанның құрылысын жүргізген «Темир-Строй Сервис и Ко» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі директорының орынбасары Төлеген Қарағойшин туберкулезге қарсы аурухананың бас дәрігері Ержан Абдыхалықовқа салтанатты жағдайда тапсырды. Облыс әкімі К. Көкірекбаев 149,6 миллион теңгенің заманауи медициналық құрал-жабдықтарымен жарақтандырылған және кең әрі жарық бөлмелерге орналастырылған негізгі тоғыз бөлімнен тұратын аурухананың рентген кабинетін, амбулаторлық және арнаулы оқшауландырылған қабылдау бөлімдерін, паталогия-анатомиялық корпусын, зарарсыздандыру орталығын, бактериологиялық зертханасын аралап көріп, құрылыс жұмыстарын сапалы жүргізген «Темир-Строй Сервис и Ко» ЖШС өкілдеріне алғысын білдірді, ал аурухана ұжымының жаңа ғимараттағы жұмысына сәттілік тіледі.
Сапарғали Әлібай, «Ақ жол»
Байзақ ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді