«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Қазақстандық жаңа индустрияландыру: 2015 жылдың нәтижелері

Қазақстандық жаңа индустрияландыру: 2015 жылдың нәтижелері
ашық дереккөз
Қазақстандық жаңа индустрияландыру: 2015 жылдың нәтижелері

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жалпыұлттық телекөпір арқылы еліміздің әр аймағындағы 18 жаңа өндіріс ошағын іске қосты

ccec20db01d035760da3eafefc3f11d5_2_2 IMG_1108-Индустрияландыру күні аясында «Қазақстанды жаңа индустрияландыру: 2015 жылдың нәтижелері» атты жалпыұлттық телекөпір өтті. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында өткен телекөпір барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің әр аймағындағы 18 жаңа өндіріс ошағын іске қосты. – Бұл жобалар Қазақстанның өнеркәсіптік өндіріс саласының 8 перспективалық саласында жүзеге асырылды. Әрбір жаңа кәсіпорын жыл сайын, орташа алғанда, 81 миллиард теңгенің өнімін шығаратын болады. Бұл жобалар біздің экономикаға кемінде 270 миллиард теңге қосымша табыс әкеледі, – деді Н.Назарбаев. Елбасы атап өткендей, іске қосылған өндірістерде 3 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылып отыр. Онлайн режімде өрбіген жалпыұлттық телекөпір аясында Елбасы іске қосқан Индустрияландыру картасының жаңа нысандары қатарында облысымыздағы іргелі кәсіпорын «ЕуроХим-Қаратау» ЖШС фосфат кенін өндіру кешені де бар. Әлемдік жетекші компаниялардың бірі «ЕуроХим» компаниясы Қазақстандағы өндірістік кешенді салуға арналған жобасының бірінші кезеңін ойдағыдай жүзеге асырды. «ЕуроХим-Қаратау» ЖШС-ның директоры Дмитрий Валышев Елбасына осыны баяндады. – Құрметті, Нұрсұлтан Әбішұлы! Сіздің қолдауыңызбен біз жүзеге асырып жатқан жоба жұмыстары оң нәтижесін беруде. Біз жобаның бірінші кезеңін сәтті аяқтадық. Жылына 640 мың тонна фосфорлық ұнтақ өндіретін кәсіпорынның алғашқы кезеңін жүзеге асыру үшін компания 155 миллион АҚШ долларынан астам қаржы жұмсады. Ендігі кезекте компания келер жылы Жаңатас қаласында жылына 1 миллион тоннадан астам минералдық тыңайтқыш өндіретін химиялық кешенді салуға кіріспек. Оған 950 миллион АҚШ долларына жуық қаржы бөлінеді деп күтілуде. Кешеннің құрылысы 2018 жылдан бастап кезең-кезеңімен аяқталады деп жоспарланып отыр, – дей келе, Дмитрий Валышев Мемлекет басшысынан өндірістік кешенді іске қосуға рұқсат сұрады.

Жобаның маңыздылығын ерекше атап өткен Мемлекет басшысы: «ЕуроХим-Қаратау» кәсіпорны – біздің Ресей мемлекетімен бірлескен ең маңызды жобаларымыздың бірі. Бұл жобаның іске қосылуы елімізде минералды тыңайтқыштарды өндіру көлемін бірнеше есеге арттырады және ауыл шаруашылығы өнімдері көлемін еселейді», – дей келе, Елбасы жобаның алғашқы кезеңінің сәтті аяқталуымен құттықтап, кешен жұмысына сәттілік тіледі. Елбасы келісімін алған соң облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев пен серіктестіктің бас директоры Дмитрий Валышев зауытты іске қосты.

Айта кетейік, химиялық кешен алдағы уақыттарда жылына 660 мың тонна фосфат дикальцийін, 330 мың тонна NPK тыңайтқыштарын, 630 мың тонна калий сульфатын, 120 мың тонна магний сульфатын өндіреді деп күтілуде. Сондай-ақ, түрлі өнеркәсіп салаларында қолдануға болатын қосымша өнімдерді, атап айтқанда, химиялық таза гипстің 120 мың тоннаға дейінгі мөлшерін және кальций хлоридінің 360 мың тоннасын өндірмек. Ол ғана емес, жоба толық жүзеге асқанда екі мыңға жуық жұмыс орны ашылады деп болжануда. Топырақтың құнарын арттыру үшін қолданылатын минералды тыңайтқыштардың бірнеше түрін шығаратын бұл зауыт әлемде теңдесі жоқ бірегей жобалардың бірі болып табылады. Нәтижесінде егін шаруашылығына қажет жоғары сапалы өнім алынады. Жоба Қаратау мен Жаңатас қалаларының әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартуға ықпал етеді. Себебі өндірілген тыңайтқыштардың 40 пайызы ішкі нарыққа жөнелтілсе, 60 пайызы ТМД елдеріне экспортталады. Айта кетейік, 2015 жылы Индустрияландыру картасы аясында елімізде барлығы 120 жаңа нысан іске қосылып, 10 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. Үкімет жылына екі рет телекөпір бойынша Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарға есеп беріп келеді десек, жалпы, бағдарлама жүзеге асырылған 6 жылда елімізде 890 өндіріс өз жұмысын бастаған. 85 мың адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етілген. Жобалардың 90 пайыздан астамы жеке бизнестің есебінен жүзеге асқан. Телекөпірде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев онлайн жүйе арқылы жаңа индустриялық жобалардың Тәуелсіздік күні қарсаңында Қазақстан халқына үлкен сый болғанын айтты. – Экономиканың жаңа бағыттары үшін технологиялық негіз қалыптастыруымыз қажет. Бұл мәселеде негізгі драйвер трансұлттық корпорациялар болуы керек. Сонымен қатар, жоғары технологиялық стартап компаниялардың санын арттыру керек. Бүгін мен отандық кәсіпорындардың барлығын тағы да бір рет Қазақстанның индустриялық қуатын арттыруға белсене ат салысуға шақырамын, – деді Мемлекет басшысы. Нұрсұлтан Назарбаев бұл біздің болашағымыз екенін атап өтіп, индустрияны дамыту арқылы ғана өзге елдердің көшіне ілесе алатынымызды ескертті. – Жастарды жаңа кәсіпорындардың құрылысына қатысуға шақырамын. Бұл – уақыт талабы. Ал бүгін экономикалық әлеуетімізді жаңа өндіріспен толықтырған, кәсіпорындар туралы жіті баяндаған сіздерге, кәсіпорындарды салған, оны пайдалануға берген қызметкерлердің барлығына, аймақ әкімдіктеріне алғысымды білдіремін. Барлықтарыңызды келе жатқан Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын. Зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс тілеймін, Қазақстанның қуатты мемлекет болуына барлығымыз үлесімізді қосайық. Мәңгілік Еліміздің мерейі үстем, айбыны асқақ болсын! Істеріңіз ілгері болсын! – деп түйіндеді сөзін Президент.

Жанғазы АХМЕТ, Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар