Сұлтан Әбілдаев, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің экономика саласы бойынша ғылым докторы.
Әлем экономикасының тоқырауына, доллар бағамының сан өзгергеніне қарап, көпшіліктің көңілінде «енді жағдайымыз не болады?» деген күдік туған еді. Елбасының халыққа арнаған дәстүрлі Жолдауынан кейін күмәнді ой сейілді. Президент әлемде қалыптасқан жағдайларды саралай келе, ел экономикасының даму бағыттарын айқындап, Үкіметке нақты тапсырмалар берді. Ең бастысы, қаржы секторын тұрақтандыру керектігін атап өтті. «Долларсыздандыру» құралдарын кеңейту арқылы ұлттық валютаға деген сенімді нығайтуға қол жеткізудің маңызы зор», – деді Елбасы. Шындығына келгенде, бүгінде тұрғындардың теңгеге деген сенімі доллар бағамы сияқты айнымалы болып тұрғаны жасырын емес. Ел аузында тек «көк қағаз» туралы әңгіме. Ел экономикасының долларға тәуелділігі де нарықтың шарықтауынан байқалып қалды. Көптеген кәсіпкерлер мен қарапайым халық не істерін білмей дал болуда. Бизнес өкілдері ақша салымдарын салып бизнестерін дамытудың орнына, бар бизнестерін сақтап қалуға тырысуда. Тіпті, тұрғындардың өзі лажы болса азын-аулақ ақшасын долларға айырбастап банктерге салуда. Ұлттық Банктің соңғы мәліметіне сүйенсек, екінші деңгейлі банктер депозиттеріндегі доллар салымы 80 пайызға дейін өсіпті. Теңгені еркін айналымға жібермей тұрғандағы жағдай керісінше еді. Бірер айдың ішінде халықтын долларға деген сұранысы артты. Міне, осы жағдайды реттеу үшін Ұлттық Банк амалсыз доллар бағамын тұрақтандыруға 1 миллиард доллардан асқан валюталық интервенция жасады. Енді жағдай өзгермесе, Ұлттық Банк тағы да нарыққа қосымша доллар сатуға мәжбүр болады. Ол өз тарапынан доллар құрамын азайтумен қоса мемлекет резервінің кемуіне алып келуі мүмкін. Жалпы, бұл мәселелер қалай туындады? Оның шешімі бар ма? Неліктен доллар басқа валюталарға қарағанда біздің экономикамызға қатты әсер етуде, оның басымдылығына не әсер етуде? Алдымен, осы сұрақтарға жауап іздеп көрелік. Доллар Америка Құрама Штаттарының ақша бірлігі екені белгілі. Және оны бірнеше мемлекет өздерінің ұлттық валютасы ретінде қолдануда. Америка экономикасының жылдан-жылға күшейуі осы ел валютасына деген сенімділікті күшейтті. Басқа валюталардан ерекшелігі – еркін айналымдағы құны алтынға бағалануында болды. Сондықтан, әлемдегі барлық дамушы және дамыған елдер артық қаражатын, яғни резервтерін осы доллармен ұстай бастады. Тек 1976 жылы Ямайка валюта жүйесіне қатысты Америка Құрама Штаттары доллардың орнына болашақта алтын бере алмайтынын айтқаннан кейін ғана доллар тек долларға ғана бағаланды. Бірақ, оған сұраныс сонда да төмендемеді. Бұған 1973 жылы АҚШ президенті Никсон мен Сауд Арабиясы королі Фейсал арасында жасалған құпия келісім ықпал еткен еді. Ол келісім бойынша Америка Құрама Штаттары Сауд Арабиясын Кеңестер одағы, Иран және Ирак сияқты сыртқы жаулардан қорғауы, ал оның өтеуіне елдегі барлық мұнайды сыртқа сатуда есеп тек АҚШ долларымен жүруі тиіс болды. Бұл жағдай өз кезегінде әлем бойынша мұнайдан басқа тауарлар мен қызметтерді сату барысында тек сенімді валюта ретінде тек долларды қолдануға алып келген. Қытай халық республикасының сыртқы есептесулерінде долларды қолдануы қазіргі таңда резервтегі доллардың үлесін 1 триллион долларға жеткізіп отыр. Бұл тек резерв қана емес, бұл Америка мемлекетінің құнды қағаздарына салынған салым екенін ескерсек, онда АҚШ-тың Қытайға сыртқы қарызы осы соманы құрайтыны белгілі. Сыртқы сауданы доллармен жүргізу арқылы Қытай экономикалықтан бөлек, саяси мақсатты да ұстанған секілді. Қазір Америка елінің Қытайға қайтарып бере салатындай артық триллион доллары жоқ. Оның үстіне, осындай үлкен соманы бірден қайтарса, онсыз да дағдарыстан қатты күйзелген АҚШ экономикасын бұл құлдыратып жіберуі мүмкін. Сондықтан, Америка бүгінде сыртқы саясатта өте сақ. Дүниежүзілік банк жүргізген есепке сүйенсек, әлемдегі 139 мемлекет өз резервін АҚШ валютасында ұстайды екен. Бұл көрсеткіш барлық резервтің 60 пайызын құрап отыр. Елбасы Н. Назарбаев Қазақстан экономикасындағы доллардың рөлін төмендету туралы мәселені бекер көтеріп отырған жоқ. Ақшаға тәуелділік басқа да тәуелділікті тудырмауы тиіс. Долларға тәуелділікті төмендету үшін не істеу керек? Бүгінде ел экономикасының 40 пайызы осыған тәуелді. Ол дегеніміз – көптеген тауарлар мен қызметтер бойынша шетелге жүгінеміз деген сөз. Қазақстанның сыртқы саудасында Ресейдің рөлі жоғары. Өйткені, біз Ресеймен көптеген халықаралық интеграциялық ұйымдар шеңберінде жұмыс істеудеміз. Негізгісі – Кедендік одақ. Одақ шеңберінде тауарлар мен қызметтер қозғалысында кедендік бақылаулар мен шектеулер алынып тасталғаны белгілі. Сондықтан, экспорттық тауарлар мен қызметтер осы Ресей арқылы көптеп келуде. Доллардың еркін айналымға жіберілуі – рубльдің де құлдырауына әкелгені мәлім. Көршіміз өз тарапынан мемлекеттегі тауарлар мен қызметтерді арзандатып, біздің отандық өндірушілердің бәсекелестік қабілетін төмендетті. Сондықтан, еліміз валюта бағамын еркін айналымға жіберуге мәжбүр болды. Қазіргі таңда Ресей үкіметі негізгі сыртқы саудада негізгі серіктесі Қытаймен АҚШ долларынан бас тартып, отандық валюталарға көшу туралы келісімге келіп отыр. Тіпті, Ресей парламенті доллардың ішкі нарықта қолданылуына шектеу қою мақсатында арнайы заң жобасын қарастыруда. Осы жағдайлар Ресей рублін тұрақтандыруы мүмкін. Ал бұл жағдай өз кезегінде біздің отандық экономикаға оң әсерін тигізуі тиіс. Қазір әлемде көптеген мемлекеттер «жасыл қағазға» деген тәуелділіктен арылу жолдарын іздестіруде. Тіпті, Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен БРИКС ұйымы долларға қарсы баламалы валюта ойластыру үстінде. Еуразиялық экономикалық одақ аясында да ортақ валюта шығару туралы әңгіме толастар емес. БРИКС – әлемдегі экономикасы өте қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің интеграциялық ұйымы. Оған әлем бойынша жалпы ішкі өнімі паритеті бойынша 7-орында тұрған Бразилия, 5, 6-орындардағы Ресей, 3-орындағы Үндістан, 1-орындағы Қытай және 25, 29-орындағы Оңтүстік Африка республикасы кіретінін ескерсек, болашақта ол ең ықпалды ұйымға айналатыны анық Сондықтан, осы мемлекеттердің долларға қатысты ортақ шешімдері болашақта АҚШ валютасының әлем экономикасына ықпалын төмендетуі ғажап емес. Қазақстан Үкіметі Ұлттық Банкпен бірлесіп, 2015-2016 жылға арнап экономиканы долларсыздандыру жоспарын құрды. Бұл жоспар үш бағытта жүзеге асырылуда. Бірінші бағыт – ол макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, екінші бағыт – қолма-қол ақшамен есеп айырысу операцияларын азайту мен көлеңкелі бизнеспен күрес. Ал үшінші бағыт – ұлттық валюта паритетін көтеру. Рас, қазіргі таңда ел экономикасындағы ақша массасының 40 пайызын доллар құрайтындықтан, Ұлттық Банк ақша-несие саясатын жүргізуде қауқарсыздық танытуда. Сондықтан, қаржы саласы сыртқы және ішкі тәуекелдіктерге дәрменсіз болып отыр. Осы жағдайлар Ұлттық Банкке белсенді ақша-несие саясатын жүргізуге итермелеуде. Доллардың еркін айналымға жіберілуінің негізгі себептерінің бірі де осы. Дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде қазір Қазақстанда теңгеге деген сұраныс артуда. Халық жылжымайтын және жылжитын мүліктерін теңгемен саудалауда. Бұл теңгеге деген сенімділікті көрсетсе керек. Жалпы, ақиқатын айтыңызшы, қашанға дейін біз валюта айырбастау пункттерінің қожайындарын байытуымыз керек? Біз барлық ішкі сату және сатып алу операцияларды тек теңгемен жүргізсек, онда экономикадағы долларға деген сұраныс кемиді. Доллар бағамының тұрақсыздығынан банктер пайда көріп отыр. Олар айырбас бағамы арқылы пайдаға кенелуде. Екінші деңгейдегі банктердің көбі жекеменшік банктер екенін ескерсек, олардың бұл жағдайда максималды пайда табуға тырысатыны белгілі. Доллардың ел экономикасына ықпалын төмендету үшін сауданы теңгемен жасауға тиіспіз. Ол үшін мемлекеттегі импортты алмастыру саясатын қарқынды дамыта беру керек. Отандық өнім сапасын артырып, шикізатқа тәуелділікті жою қажет. Экономиканы жасайтын да, оны алға жылжытатын да халық. Қазір ел экономикасына көмектесетін кез келді. Теңгеге деген сенімділікті арттыруды өзіміз қолға алмасақ, оны басқа ел азаматтары жасамайды. Сондықтан мемлекет жүргізіп отырған саясатты қолдауымыз керек. Отандық өндірушілерге демеу көрсетуге тиіспіз. Олардың шығарған өнімдерін тұрғындар сатып алмаса, өндіріс орындары ішкі нарықта бәсекеге қабілетті бола алмайды. Ішкі нарықты жауламаған кәсіпкердің экспортқа шығуға мүмкіндігі жоқ. Сол себепті, біз мүмкіндігінше отандық тауарлар алуға тырысуымыз керек. Ел экономикасы біздің әрекетімізге тәуелді. Ендеше, өз Отанымыздың экономикасын нығайтуға ат салысайық! Елбасының сөзімен айтсақ, барды бағалап, жоқты жасай білген жасампаз жұртымыздың көк байрағы әрдайым биікте желбіресін!
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді