«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«Ақбұлақ» – ауылға құт

«Ақбұлақ» – ауылға құт
ашық дереккөз
«Ақбұлақ» – ауылға құт

Бабаларымыз «Су – тіршілік көзі» деп бекер айтпаса керек. Адам денсаулығының қалыпты жағдайда болуына таза судың тигізер септігі мол. Сондықтан ауыз су мәселесі еш уақытта өзектілігін жойған емес. Бұрын елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету күн тәртібінен түспейтін. Бұл күнде осы түйткіл түбегейлі шешімін тауып, еліміздегі шалғай ауылдарға да таза ауыз су келе бастады. Бұл – Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауларының жемісі деп нық сеніммен айта аламыз. Өйткені, 2011-2020 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасы Президентіміздің 2011 жылғы Жолдауындағы тапсырмасымен қабылданған. Бүгінде аталған бағдарламаның игілігін Қорағаты ауылының тұрғындары да көріп отырғанын айта кету керек. «Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша 211 миллион теңге бөлініп, ауылымызға су құбырлары тартылды. Құрылыс жұмыстарын тараздық «Алуан 21» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізді. 2013 жылдың мамыр айында басталған құрылыс жұмысы өткен жылдың күзінде аяқталып, 175 үй сапалы ауыз сумен қамтылды. Одан бөлек, мектеп, Мәдениет үйі, акушерлік-фельдшерлік пунктке де ауыз су кіргізілді. 180 метр тереңдіктен қазылып, тартылған судың сапасын мамандар жақсы дейді. Осы орайда «Алуан 21» ЖШС-ның ауыл жанынан бір емес, екі бірдей артезиан құдығын қазғанын ерекше атап өткен жөн. «Жаман айтпай жақсы жоқ» демекші, құдықтан қандай да бір ақау табылып, істен шықса, екіншісін қосуға толық мүмкіндік бар. «Ақбұлақ» бағдарламасының бір ерекшелігі – бағдарлама аясында ауыз сумен қамту бойынша тұтас бір іс-шаралар кешенінің жүзеге асырылғанында. Нақтырақ айтсақ, кез-келген өңірдегі елді мекендерде су құбырын тартудың оқшауланған жүйелерін (септиктер) салу және нысандарды қайта жаңарту немесе жаңадан салуда тың әрі жүйелі тәсілдер қолданылды. Соның арқасында арман болған ауыз су әрбір үйге дейін жеткізіліп, ауыл тұрғындары «Ақбұлақ» – ауылдың құты» деп жүр. Бұл – бағдарлама аясындағы жұмыстардың өңірімізде сәтті жүзеге асып жатқанының көрінісі. Ауыл тұрғындары мемлекет қамқорлығын айқын сезініп отыр.

Бақытбек Аблазимов, Қорағаты ауылдық округінің әкімі.

Т.Рысқұлов ауданы.

Ұқсас жаңалықтар