Ауылда жүріп-ақ биік асуларды бағындыруға болады. Мұны Меркідегі №16 Сыпатай атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Диана Коркмазова тағы бір мәрте дәлелдеді. Ол жуырда Чехия астанасы Прагада өткен «Талантты жас жұлдыздар» атты халықаралық фестивальда Нұрғиса Тілендиевтің «Аққу» күйімен қарт құрлық тыңдармандарының таңдайын қақтырды. Әлемнің әр қиырынан келген түрлі музыкалық аспаптарды шебер меңгерген жиырмаға жуық өнерпаздың арасында домбыраның құдіретін паш еткен қалмақ қызы Диана қазылар алқасының ең жоғары ұпайына ие болып, 1-орынды жеңіп алды.
Бүлдіршін кезінен қазақтың қара домбырасының шанағынан төгілетін сырлы саздың тылсымына терең бойлап өскен Диана Әлимұратқызының талантын ашып, шеберлігін шыңдаған ұстазы – Мария Райымқұлова. Шәкіртінің республикалық, облыстық байқауларда өз өнерімен дараланып, ылғи да жүлделі орындардан көрінетінінен болар Прагадағы фестивальда да Диананың білгенінен жаңылмайтынына сенімді болыпты. «Оның үстіне, халықаралық фестивальдың жолдамасы қолымызға түскеннен кейін біз Прагаға фестивальға қатысқанның өзі абырой деп емес, Еуропаға халқымыздың қара домбырасының үнін танытамыз деп аттандық», – дейді Мария Аманқызы. Халқымызда «Талпынған жетер мұратқа» деген жақсы сөз бар. Тынымсыз еңбек өз өтеуін берді. Бірақ, ұстаз бен шәкірт бұл жүлделеріне малданып, арқаны кеңге салмайтынын айтады. Әлемге әлі талай қазақ домбырасының құдіретін танытуға күш саламыз дейді. Біз де өз тарапымыздан бұл жетістіктері болашақтағы бағындырар биіктерінің бастауы болғай деп тілейміз.
Нұрболат ӘЛДИБЕКОВ, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді