Біздің аудан облысымыздың оңтүстік-шығысында, Қырғыз Алатауының бөктерінде орналасқан. Шығыста Қырғыз Республикасымен, солтүстік-шығысында Шу, солтүстікте Мойынқұм, оңтүстік-батысында Т.Рысқұлов аудандарымен шектеседі. Ауданның негізгі экономикалық бағыты – ауыл шаруашылығы және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу. Жалпы жер ресурстарының көлемі 705,7 мың гектар. Ауданда 83 мың 900 халық тұрады. 14 ауылдық округінде 44 елді мекен бар.
Бақтияр Көпбосынов, аудан әкімі.
Меркі ажары күн сайын гүлденіп, құлпырып келеді. Жері шұрайлы, елі қонақжай өңірдің әр күні берекелі істерге толы деп айта аламын. Мұнда кілең еңбекке құштар, бақытын жұмыстан іздеген тұрғындар тұрады. Өңірде ауыл шаруашылығы саласын өркендетуге ерекше назар аударып отырмыз. Аудан аумағында 11 мың 900 жылқы, 36 мың 36 ірі қара, 110 түйе, 240 мың 700 қой-ешкі өсірілуде. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ірі қараның саны 180 басқа, жылқы 10 басқа өсіп отыр. Төрт түліктің өзге түрлерінен де мал басының кемігені байқалмайды. Сондай-ақ, мал төлдету науқаны да жауапкершілікпен жүргізілді. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша кейінгі төрт жыл ішінде мүйізді ірі қара малының 1520 бас аналығын сатып алуға қол жеткіздік. Қазіргі таңда олар 26 фермерлік шаруа қожалығында бағылып, өсірілуде. Ал «Алтын асық» кешенді бағдарламасы бойынша 2015 жылы ауданымызда 2 мың 915 бас қой сатып алынып, жоспар 104 пайызға орындалды. Сонымен қатар, «Құлан» жылқы шаруашылығын дамыту кешенді бағдарламасы бойынша біздің ауданда 220 бас жылқы сатып алынып, меже 96 пайызды құрап отыр. «Жайылымды суландыру» бағдарламасы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар да нәтижелі. Ауданымыздың агроөнеркәсіп саласында 1652 шаруа қожалығы, 8 жауапкершілігі шектеулі серіктестік, 2 өндірістік кооператив, 1 акционерлік қоғам бар. Егістік жердің көлемі 98 мың 370 гектарды құрайды. Оның ішінде 19 мың 715 гектары суармалы егістік жерлер. Биыл 12 мың 500 гектарға күздік бидай, 17 мың 242 гектарға жаздық арпа себілді. Қант қызылшасы 1350, жоңышқа 4 мың 500 гектарды құрайды. Нәтижесінде күздік бидайдан 16 мың 170 тонна, жаздық арпадан 35 мың 174 тонна өнім жиналды. Көкөніс, мақсары, жеміс-жидек, бақша дақылдарынан да түскен түсім жаман емес. Биыл аудан бойынша отырғызылған жеміс бақтары мен жүзімдіктер көлемі 130 гектарды құрады. Оның ішінде «Совет» шаруа қожалығы тамшылатып суару жүйесі арқылы 20 гектарға интенсивті алма бағын өсіруді қолға алды. Бұл жобаның жалпы құны 304 миллион теңгені құрайды. Сондай-ақ, «Ақарал» өндірістік кооперативі 20 гектар жерге бақ және 26,1 гектар жерге жүзімдік алқабын отырғызды. Жобаның құны 150 миллион теңгені құрады. Былтыр 760 гектарға тамшылатып және жаңбырлатып суару қондырғылары орнатылса, биыл тағы 45 гектар алқап тамшылатып суару жүйесіне көшті. Биыл 971 адам жаңа жұмыс орнымен қамтылды. Жұмыспен қамту бағытында да атқарылып жатқан жұмыстар бар. Үстіміздегі жылы әлеуметтік жұмыс орындарын ашуға және жастар тәжірибесін ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 10,7 миллион қаржы бөлінді. Ауданда бірқатар әлеуметтік нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, Сарымолдаев ауылында 140 орындық, Жамбыл ауылында 280 орындық балабақша ашылып, пайдалануға берілді. Кеңес ауылындағы Мәдениет үйі 16 миллион теңгеге, Ақарал ауылындағы Мәдениет үйі 93 миллион теңгеге күрделі жөндеуден өтті. 250 келушіге арналған орталық емхана құрылысына 1 миллиард 836 миллион теңге жұмсалды. Биыл жолдарды ағымдағы жөндеуден өткізуге және қысқы күтіп ұстауға облыстық бюджеттен 212,5 миллион теңге, аудандық қазынадан 10 миллион теңге бөлінді. Ауданымыздың мәдениет саласында да өркендеу бар. Мәдени ошақтардың арасында «Шахан» халық театры мен «Шолпан» халықтық ән-би ансамблінің беделі биік. Олар үнемі жоспарларын жаңартып, көпшілікті ерекше дүниелерімен қуантып отыр. Аудандағы кітапханалардың жалпы оқырмандары шамамен 10 мыңға жуықтайды. Сондай-ақ, аудандық тарихи-өлкетану музейін жылына 6 мыңға жуық адам көріп, тамашалайды. Жылдан-жылға аудан экономикасы жақсарып, мәдени-рухани салада да даму үрдісі байқалады. Өнерпаздарды бағалап, мәдениет саласының өкілдеріне мүмкіндігінше қолдау көрсетуден аянған емеспіз. Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, белгілі композитор жерлесіміз, Алтынбек Қоразбаевты меркіліктер мақтан тұтады. Жергілікті талантты ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Шырын Мамасерікова да мақтанышымыз. Бүгінгі қазақ журналистерінің ұстазы, Қазақ ұлттық университетінде ширек ғасыр журналистика факультетінің деканы болған Темірбек Қожекеевтің Меркі жерінде туып-өскені аудан халқы үшін үлкен мәртебе. Шырайлы Меркі жерінің әрбір соққан самалында, әрбір ұшқан құсы мен шуақты даласында қасиет бар. Қазыналы адамдарының сөзі жан жадыратады. Ауданның өсіп, өркендеу жолында қол жеткізген жетістіктері жылдан-жылға арта бермек. Биыл өнеркәсіп өндірісінің көлемі бойынша жоспарды 121 пайызға орындап, облыс аудандары арасында бірінші орынға шықтық. Алдағы уақытта да осындай биік межеден, абыройлы белестен түспеу үшін тер төге беретін боламыз. Бұл мақсатқа жету үшін аудан еңбеккерлерінің мүмкіндігі, күш-жігері, ынтымағы, бірлігі жетеді деген сенімдеміз.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді