«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Кимешек киген әншілер

Кимешек киген әншілер
ашық дереккөз
Кимешек киген әншілер

«Асыл-Ана» әжелер ансамблінің құрылғанына – 10 жыл

Жақында «Асыл-Ана» әжелер халықтық ансамблі құрылғандарына 10 жыл толуына орай Тараз қалалық Мәдениет үйінде шығармашылық концерт берді. Бұл шарада Тараз қаласы әкімінің орынбасары Әлім Жусанбаев құттықтау сөз сөйлеп, өнердегі еңбектері үшін ансамбль мүшелеріне алғыс білдіріп, шапан жауып құрмет көрсетті. Ықылас гүлін сыйлады. Одан әрі өнерге кезек берілді. Өз кезегінде өнер иелері өнерлерін ортаға салды. Ансамбль мүшелері орындаған «Домалақ ана», «Үш қоңыр» әндері көңілдерден шықты. Гауһар Бейсенова халық әні «Аққұмды», Күміс Рысбаева қырғыз әні «Жаңбыр төктіні», Гүлсім Сариева «Әнші даусы» әндерін керемет орындады. Ансамбль мүшелерінің Шәмші әндерінен орындаған попуриі де жүректерге жетті. Актриса Нұрсипат Салықова әншілік өнерімен де ерекшеленіп, халық әні «Ауылың сенің іргеліні» нақышына келтіре орындады. Осынау мерейлі кешке Тараздағы «Красная гвоздина» халықтық ардагерлер қоры және «Морячка» вокалдық тобы қонақ ретінде қатысып, 10 жылдығын тойлап жатқан ансамбль құрметіне өнерлерін көрсетті. 

– Біздің ансамбль құрамындағы Әсия Омарова, Күміскүл Ырысбаева­лардың өнері атап өтуге тұрарлық. Астана қаласы әкімдігі мәдениет басқармасы Елордаға барып-қайту шығынымызды төлеп, бір апта бойы жатын орнымыздың тегін болуын қамтамасыз етті. Апта бойы жүріп-тұруымызға арнайы көлік бөлді. Жеті күн бойы Елорданың ең көрікті жерлерін аралауға мүмкіндігіміз болды. Мұның барлығын өнерге деген жанашырлық деп түсінеміз. Ең бастысы, ару Астанамыздың сәт сайын дамып, құлпырып, ажарланып бара жатқанына көз жеткіздік. Өнердің арқасында Елорданың бүгінгі келбетін көріп қайттық, – дейді ансамбль мүшесі Шырын Сәтбергенқызы. Өнер иелері өзіміздің облыс аумағына да кеңінен танымал. Ансамбльдің көркемдік жетекшісі – Сұлушаш Сәлімбекова, музыкалық жетекшісі – Владимир Сорокин. Халықтық ансамбль құрамында Жаңакүл Әзімова, Ханшайым Жүсіпова, Шырын Сәтбергенова, Иакүл Шуақова, Гауһар Бейсенова ұзақ жылдан бері абыройлы өнер көрсетіп келеді. Ансамблдің ән қоржынында қырықтан астам әндер бар. Он жылдығын осылайша атап өткен «Асыл аналар» халықтық ансамблінің алдағы уақыттағы жоспарлары көп. Осынау мерекелік жылдарына орай аудандарға өнер сапарымен баруды көздеуде.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар