Тәртіп бар жерде – табыс бар

Тәртіп бар жерде – табыс бар
ашық дереккөз
Тәртіп бар жерде – табыс бар

Кез-келген еңбек ұжымында ондағы қызметкерлер мен жұмысшылардың еңбек жағдайларын белгiлеуде және өзгертуде, еңбекке ақы төлеуде, ұжымдық шарттар мен келiсiмдер жасасуда және аталған құжаттарда көрсетілген талаптарды орындауда, сондай-ақ, қолданыстағы заңнаманың, ұжымдық шарттар мен келiсiмдердiң ережелерiн қолдануда жұмыс берушi мен қызметкерлер арасында өзара келісім орныққан жағдайда, әр уақытта да қолға алынған іс тиісті жемісін әкеледі. Әрі бұл ретте, ашығын айту керек, жұмыс берушінің өкілі болып табылатын ұжым басшысы мен қызметкерлер өкілі – кәсіподақ ұйымының арасындағы ынтымақтастық үлкен рөл атқарады. Міне, осы тұрғыдан келгенде, бүгінде аумақтағы қатарына 4360 кәсіподақ мүшесін топтастырып отырған 51 бастауыш ұйымның басын құрайтын ауыл шаруашылық қызметкерлері салалық кәсіптік одағының облыстық ұйымы жұмыс берушілер мен қызметкерлердің және жұмысшылардың бір-бірінің мүддесіне құрметтеушілік тұрғысынан қарап, түсінісіп тірлік жасауына игі ықпал етіп келеді. Нақтылы кезеңде салалық кәсіподаққа қарасты әр бастауыш ұйым, ең алдымен, өзі өкілі болып табылатын қызметкерлер мен жұмысшылар еңбек ететін мемлекеттік мекемеде немесе шаруашылық жүргізуші субъектіде еңбек даулары мен жанжалдары туындаған жағдайда оны реттеу, ескеру және алдын алу тетіктерін мүмкіндігінше жан-жақты ойластыруға күш салуда. Екіншіден, өндірістегі еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бақылау жұмыстары барынша күшейтілген. Үшіншіден, еңбек ұжымдарында құрамы жұмысшылар мен қызметкерлердің, сондай-ақ, кәсіптік одақтардың өкілдерінен тұратын және ұжымдағы еңбек шарттарының жағдайы мен оларды жақсартуға қатысты көптеген мәселелердің шешімін таба алатын, жұмысшылардың әртүрлі әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін қарап талқылайтын өндірістік кеңестер жұмыс істеуде. Төртіншіден, аумақтағы ауыл шаруашылығына қатысты мемлекеттік мекемелердің, шаруашылық жүргізуші субъектілердің қай-қайсысында да еңбек қатынастары Қазақстан Республикасы Еңбек кодексін және басқа да қолданыстағы заңнамалық құжаттарды, нормативтік-құқықтық актілерді басшылыққа алып жасалынған ұжымдық шарттың негізінде реттеліп отырады. Бұл – ұжымдардың барлығында дерлік адамдардың алаңсыз жұмыс істеуіне, еңбек өнімділігінің жоғары болуына және табыстың еселеніп артуына мүмкіндік туғызуда. Бұған облыстың ауыл шаруашылық саласы қызметкерлерінің биыл да өздерінің төл мерекесін еңбекте қол жеткізген толымды табыстармен қарсы алғандығы толық айғақ бола алады. Ауыл шаруашылық қызметкерлері салалық кәсіптік одағының облыстық ұйымы өз жұмысын Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 27 маусымдағы «Кәсіптік одақтар туралы» №211-V Заңы негізінде ұйымдастыруда. Бір атап өтетін жай, филиалға қарасты бастауыш ұйымдардағы кәсіподақ белсенділерінің тең жартысынан астамын жастар құрайды. Сондықтан, олардың кәсіби біліктілігін, құқықтық сауатын көтеру үшін кәсіподақтардың облыстық бірлестігі жанындағы оқу орталығында қысқа мерзімді курстар ұйымдастырылып, Еңбек кодексінің негізгі ережелері және еңбек қатынастарын реттейтін басқа да құқықтық актілер жөнінде лекциялар тыңдауы қамтамасыз етілуде. Бүгінде, салалық кәсіподақтың облыстық ұйымындағы кәсіподақ белсенділерінің барлығы дерлік, Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты шығармасында кәсіподақтың міндеті туралы «негізінде мемлекеттің, жеке сектор мен кәсіподақ бірлестіктерінің әріптестік механизмі болатын әлеуметтік еңбек қарым-қатынасының тиімді моделін құру маңызды», деп неліктен атап көрсеткенін терең түсініп, өз жұмыстарын соған орай құруда. Жуырда еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы бірлесіп, ауыл шаруашылық саласындағы жұмыс берушілер мен жұмысшыларды отандық агроөндірістік кешенді әлемдік деңгейде бәсекелестікке жеткізу мақсатында бірігіп жұмыс істеуге шақырған үндеу қабылдады. Бұл ретте, министрлікке – ауыл шаруашылық өнім өндірушілерге қажетті қаржы көздерін іздестіру және инновациялық технологияларды енгізу, әлеуметтік қарым-қатынасқа қолайлы шаралар қарастыру, жұмыс берушілерге – отандық агрокәсіп көрсеткіштерінің ел экономикасында тұрақты дамуын, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сонымен қоса, әлеуметтік-кәсіптік жауапкершілікті көтеру және жоғары дәрежелі сала мамандарын даярлау, сала жұмысшыларына – еңбек өнімділігін және сапасын арттыру, ал әлеуметтік серіктестіктерге – ұжымдық келісім-шарттардағы міндеттемелердің сәтті іске асуына қолдау көрсету жүктелінетін болады. Қазіргі таңда, бастауыш кәсіподақ ұйымдары үндеуден туындайтын міндеттерді жүзеге асырудағы тараптардың атқаратын рөлі жайлы кәсіподақ мүшелері арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Баршаға мәлім, ағымдағы жылғы қараша айының 24 күні Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам – Ұлт жоспарын іске асыруға және еңбек қатынастары жүйесін жаңғыртуға бағытталған Қазақстан Республикасының жаңа Еңбек кодексіне қол қойды. Бұл – еңбек қатынастарын нығайтуда кәсіподақтардың, соның санатында, ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіптік одағының өз жұмысын еліміздің жаңадан қабылданған Заңдары аясында ұйымдастырып, үйлестіре жүргізуін қажет етеді. Осы орайда, әлеуметтік серіктестіктер арасындағы қарым-қатынастар мен жұмысшылардың әлеуметтік-еңбек қатынастарын қорғауда үлкен тәжірибе жинақтаған біздің кәсіподақтың облыстық ұйымының да белсенділік танытары даусыз.

Жаналы Көбеев, ауыл шаруашылығы қызметкерлері салалық кәсіптік одағы облыстық ұйымының төрағасы.

Ұқсас жаңалықтар