Фермерлер одағының жұмысы жанданып келеді
«Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігі – шағын және орта бизнеске жататын ауылдық тауар өндірушілердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғайтын ұйым. Бірлестік құрылған кезден бастап, шаруалардың мүддесін қорғап, көптеген істерге бастамашы болды. Фермерлердің қаржылық қолдау қорлары арқылы жеңілдетілген несие алуына жәрдемдесті. Дегенмен, бұл фермерлердің мәселесі толыққанды шешімін тапты деген сөз емес. Өңірлерде түйіні тарқатылмаған түйткілдер әлі де баршылық. Өйткені, ауыл шаруасының жанайқайы жоғарыға жете бермейді. Көбіне-көп жергілікті атқарушы органдардың табалдырығын тоздырумен шектеліп қалады. Осындай қордаланған мәселелер фермерлер одағының филиалын өңірлерде де ашу қажеттігін туғызды. Жасыратыны жоқ, бұған дейін аталмыш одақтың әр аймақта өкілдері жұмыс істеп келген. Бірақ, арнайы құрылым болмағаннан кейін жұмыс жүйелі жүргізілмеді. «Енді жұмыс жанданатын болады. Біз барлық аудандарды аралап, фермерлермен кездесу өткіздік. Әр ауданнан өкілдерімізді сайладық. Бүгін Тараз қаласында аймақ басшысының қолдауымен алғаш рет облыстық фермерлер одағының конференциясы өткізіліп отыр», – деді «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Жигули Дайрабаев. Облыстық фермерлер конференциясына облыс әкімінің орынбасары Абдалы Нұралиев, «Қазақстан фермерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әуесхан Дәрінов қатысты. Абдалы Тоқбергенұлы өңірімізде ауыл шаруашылығын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, облыс фермерлеріне қандай қолдау көрсетіліп жатқанын тілге тиек етті. Мемлекеттік қолдаулардың арқасында ауыл шаруашылығында қол жеткізген табыстарды атап көрсетті. Одақ төрағасы облыс фермерлерін дағдарыстан шығудың жолын бірлесе іздеуге шақырып, әркім өзі үшін деген ұстанымның ескіргенін, шаруалар алдынан шығатын қазіргі қиындықтарға немқұрайды қарауға болмайтынын айтты. – Өзіміздің құқықтық қорғалуымызға баса мән беруге тиіспіз. Сол үшін тығыз байланыста жұмыс жүргізгеніміз жөн. Сіздер ұсыныстарыңызды бізге жеткізсеңіздер, біз жоғарыдағы атқарушы органдардың қаперіне салып отырамыз, – деді Әуесхан Дәрінов. Конференцияда облыстық фермерлер одағының аудандардағы өкілдері сөз сөйлеп, өз пікірлерімен бөлісті. Байзақ ауданынан келген фермер Бөгенбай Битабаров, Т. Рысқұлов ауданындағы бірлестік өкілі Берік Қарақойшиев, меркілік Бақыт Сауранбаев, тараздық кәсіпкер Дүйсенбек Ыбынәлиев келелі ойларымен бөлісті. Соңыра облыстық бірлестіктің комиссия мүшелері, жұмысшы тобы және Қазақстан фермерлерінің ІІІ республикалық конференциясына делегаттар сайланды. Елбасы Н. Ә. Назарбаев «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында үкіметтік емес ұйымдардың рөлін арттыру, есеп беретін мемлекеттік қалыптастыру жолдарын нақтылап, болашақтағы Қазақстан қоғамының бет-бейнесінің қандай болатынын көрсетті. Президент мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын, республикалық бюджет қаражатының игерілуіне қоғамдық бірлестіктер бақылау жүргізуі керектігін бұған дейін де көтеріп келді. Соның арқасында азаматтық ұйымдар әлеуметтік-экономикалық, ауыл шаруашылығы саласында қабылданған бағдарламалардың нәтижесі бойынша сұрау салып, мәселе көтере алатын деңгейге жетті. Сондай даму белесінен өтіп келе жатқан «Қазақстан фермерлер одағы» ауыл шаруашылығын өрге сүйрейтін қоғамдық құрылым болатынына сенім мол.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Тараз.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді