«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Менің қазақстаным

Менің қазақстаным
ашық дереккөз
Менің қазақстаным

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІК ӘНҰРАНЫ

Сөзін жазғандар: Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев Әнін жазған: Шәмші Қалдаяқов

Алтын күн аспаны, Алтын дән даласы, Ерліктің дастаны, Еліме қарашы! Ежелден ер деген, Даңқымыз шықты ғой. Намысын бермеген, Қазағым мықты ғой!

Қайырмасы:

Менің елім, менің елім, Гүлің болып егілемін, Жырың болып төгілемін, елім! Туған жерім менің – Қазақстаным!

Ұрпаққа жол ашқан, Кең-байтақ жерім бар. Бірлігі жарасқан, Тәуелсіз елім бар. Қарсы алған уақытты, Мәңгілік досыңдай, Біздің ел бақытты, Біздің ел осындай!

Қайырмасы:

Менің елім, менің елім, Гүлің болып егілемін, Жырың болып төгілемін, елім! Туған жерім менің – Қазақстаным!

Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ.

Kazakhstan_National_Anthem-(1)

Әлі біраз жұмыс ет, әлі біраз қателес, өз дұшпаның өзің бол, өз ойыңмен жат, егес. Алтын балық емес қой даңқ деген ау салар, не ұстап ап өрістен жайдақ мінер ат емес.

Әйтеуір бір білерім: машақат тап, машық тап, – бұдан әрі сұрама, желкемді көп қасытпа. Кен болса ол – кен шығар алынатын мысқалдап, көл болса ол – көл шығар жиналатын қасықтап.

Әлі біраз жұмыс ет, көсіле біл, күйе біл. тапсырамын өзіңе мына сені ие ғып. Даңққа сен асықпа, төбе ғой ол, қарттықта қайғырып бір шығатын таяғыңа сүйеніп.

* * * Атақ деген немене? Ақ жорға ма деп қалам, әр тақымда бір шауып, бір қазыққа тоқтаған. Мен де мінем демеші, дұрыс болса топшылау: кісі мінер онда енді бүтін арқа жоқ шығар. Байлық деген немене? сараңдық па деп қалам, жайған қолға тоқтамай, жұмған қолға тоқтаған. Мен де болам демеші, екі көздің құны не: екі көзің бітсе егер жан қалтаңның түбіне.

Бақыт деген немене? сұлу қыз ба деп қалам, әр жігітпен бір билеп, бір жігітке тоқтаған. Менімен де бір билеп кетпеді деп күймеңіз: шақырушы көбейсе шықпайды ғой биге қыз.

* * * Ақындықты қайтсем екен мына саған бітпеген батылдықты қайтсем екен мына маған бітпеген. Майлап алып жағар ма еді қайғы-мұңды сендегі, байлап алып сабар ма еді қаймығуды мендегі.

Сұлулығың, жесір ғой ол, ақылдыға бітпеген, ұлылығың, кесір ғой ол, адал жанға бітпеген, Қыңырлықпен бөліп бәрін әділетсіз табиғат, соған қарап таңдануды екеумізге жүктеген.

* * * Ұстаз болсаң, мезгіл, мені мақтама, – шақырылған шәкірттеймін тақтаға: бір есепті шығара алмай қалармын, айтқаныммен бір сұрақты жаттаған. Географ-дос алдыңа кеп тұрмын мен, оқығанмен тұрмыс деген білгірден, бір төбеңді таба алмаспын картадан, бір қалаңнан адасармын, кім білген.

Тәуекел деп келдім саған, күнде ескі көп қатеммен бірге тудым, бірге өстім: бір тауыңның биіктігін білгенмен, бір көліңнің тереңдігін білмеспін. Тағы келдім, келдім саған, жыр кештің биігінде аңқаулықпен бірге өстім: есеріңнің естілігін білгенмен, естілердің есерлігін білеспін.

Уақыт, менің жәйім осы, мерейім: жазу еді саған басқа не дейін. Менен түк те сұрамашы, мен саған бір әсерлі күйлер шертіп берейін... * * * Ақ бұлақтың тағы тулап ағысы, анау қыран кетті шыңнан тағы ұшып. Сен отырсың тағы маған ұрысып, мен отырмын бір досыммен тағы ішіп.

Бір сотқардың қас-қабағы тағы ісіп, бір момынның кетті тағы намысы. Екі лашын екі бөлек өтті ұшып, екі қарға қалды тағы табысып.

Көп ғалымнан тағы шықты бір надан, – тағы менің бір ойымды ұрлап ал. Тағы тартып бітірдім мен бір күйді, бір тыңдаушым тағы өкпелеп тұр маған.

Тағы да іздеп ойдың жаңа түр-түрін, тағы ілінбей отыр менің кірпігім. Отырғанда осыларды тағы ойлап өтіп кетті-ау тағы менің бір күнім. * * * Қазанаттың тұлпарша сілкінісі жараспай, біреулердің жүр бізде сыртына іші жараспай: адалдықтар туралы, таңдайынан май тамып, арамзалар айтады және ғажап айтады.

Қазанаттың тұлпарша сілкінісі жараспай, біреулердің жүр әлі сыртына іші жараспай: Жомарттықтар туралы таңдайынан май тамып тас сараңдар айтады және әдемі айтады.

Жараспай-ақ келеді-ау, бізде көп іс, көп тірлік: Қанжардағы топастық, қырғыштағы өткірлік... Қараңызшы өзіңіз: қонар ма еді ойға аса Бұлбұл құстың үнімен жапалақтар сайраса?!

* * * Қинайды ғой, қинайды, өнер шіркін қинайды-ақ, өз пікірің сыймай қап өзің жазған шимайға. Топтап берсең журналға бәрі сыйып, қинайды жаның күйіп жазылған жалғыз жырың сыймай қап.

Қинайды ғой, қинайды, өнер шіркін қинайды-ақ, жыр келмесе қолыңнан етігің тік, үй майла. Қайтер едің, ағайын, жұқпай жаққан бояуың, жатса етігің ешкімнің аяғына сыймай қап?!

Қинайды ғой, қинайды, өнер шіркін қинайды-ақ, қиындықта қызу бір – кетеді екен ми қайнап. Өмір қиын, ағатай, – кешір, мен де кешіктім, Мезгіл айдап әкеткен автобусқа сыймай қап...

* * * Мақтаймыз кеп өлгенді, мақтаймыз-ау төкпелеп, Мақтаймыз кеп жазғанын тірісінде өтпеген. Жорғалаймыз алдында табытының, сол өлік тұрып кетер секілді некрологқа өкпелеп. Мені бүгін бір досым мақтап жазды, секірді жолдан-жолға сұлу сөз, бәле ғой бұл, не тірлік. шошып кеттім: «мен осы өлгенім жоқ па екен» деп, өйткені кей мақтаулар некролог секілді.

* * * Мен үйрендім күйінуді күйреп бір, тағдыр маған жастан дауды үйретті. Тамсандым мен дәмін татып бейнеттің: тағдыр маған мастанбауды үйретті.

Мен үйрендім өзімді-өзім сүйреп бір, әр асулар – жалтаңдауды үйретті. Менің ізім сызық болды ирек бір: адасулар – жол таңдауды үйретті.

Қыз-бозбала қызығынан әлі де, бос қалмауды үйретіп жүр өлеңім. сене-сене, сене-сене бәріне дос таңдауды үйренбей-ақ келемін.

* * * Сұлу қызды сүйген кезде құшып қал, сұлу гүлді тиген кезде құшып қал. Қонақтарым күткен кезде келіп қал, жомарттарым, сұрағанда беріп қал.

Сұлу қызың бір жылар да жат болар, Сұлу гүлің бір қурар да шөп болар. Тым кешігіп келген қонақ аш қалған... бар қасірет кешігуден басталған.

* * * Ақындықты көріп жүрміз не түрлі, батылдықты көріп жүрміз не түрлі; қастықты да көріп жүрміз не түрлі, достықты да көріп жүрміз не түрлі. Бірақ ақын – ақын болып қалсын тек, бірақ батыл – батыл болып қалсын тек; бірақ досың – досың болып қалсын тек. Ақындық пен әуреліктің арасы, қастықтар мен достықтардың арасы – қор қылатын осы-ау адам баласын.

Ұқсас жаңалықтар