Әбіш КЕКІЛБАЕВ:
Нәжімеденов – жиырмасыншы ғасырдың соңғы қырық жылындағы өз мойнына алған суреткерлік міндеттемесін толық орындап, қазақ әдеби кеңістігіндегі поэзия сынды қозы жамыратқан ауылдай мазасыз алқапты аяқ-қолы түгел, басы-көзі бүтін, қапысыз сомдалып, мұқият мүсінделген кесек еңбек тастап кеткен адам. Оны ыждағаттап оқып, мұқият түсініп, әділ бағалауға арсы-күрсі әлеуметтік құштарлықтар мен ию-қию танымдық дау-шарларға толы беймаза уақыт әлі қалыптасып бітпеген жаңа қоғамға әлі жеткілікті мұрша бермей жатыр. Әлі түгел түсінікті болып үлгермеген суреткер әділ бағасын алып та үлгермейді. Сондықтан да, тірісінде: «Жақсыларын күндеген жұрт жабыла, жамандарды менсінбейді тағы да, қанағат жоқ, кайырым да жоқ әрі – сонда кім боп күн көруге болады?» – деп күйзеліп өткен ақын рухы «Қажасып тұр қарт шыңдар, кекесіп тұр; бірінде бет, бірінде шеке ісіп тұр; өрмелеймін биікке, тағдырым-ау, мына мені алдымда не тосып тұр?!» деп әлі алаңдаулы. Әзір көп жұрт оның есімі мен «Менің Қазақстаным» деген әнін жақсы біледі. Барша жұрт оның барша өлеңін оқып, бүкіл мұрасын жаппай қастерлейтін күн де алыс емес болар. Нұрлан ОРАЗАЛИН:
Өлең – ақынның өмірбаяны, жыр – ақын жандүниесінің айғағы, ойы мен парасатының айнасы. Жұмекен – жырдың айдыны кең, аспаны асқақ, өз сөзімен айтқанда, «бұтақтары – биікте, тамырлары – тереңде!». Не жазса да, нені жазса да рухани тегінің қайдан бастау алып жатқанын естен шығармайды. Сөзінің иесі мен киесі кім екенін білдірмей, жырына өмірлік қуат берер құнарлы топырақтың қадірі мен касиетін ауызға алмай, өткендерге бас иіп, тағзым етпей Жұмекен ақын қолына қалам ұстамайтын секілді. Мұндайда оның сыйынары да, сүйенері де жеткілікті. Соның бірі – Абай аруағы. Абай – Жұмекеннің рухани тегі, қиналғанда алдына барып бас иер қағбасы. Бұрынғы-соңғы ақындар секілді Жұмекен де көп сырдың жауабын Абайдан сұрайды, Абайдан табады.
Жұмекен поэзиясы қазақ тарихында, мәдениетінде, қазақ әдебиеті мен өнерінде ғана емес, күнделікті өмір-тіршілігімізде де өшпес, өлмес өз орнын ойып алып, ұрпақтан-ұрпаққа ұласып, ұштасып бара жатыр. Оның жырлары жаттауға жеңіл емес еді, бірақ бүкіл халық ең болмаса бір өлеңін жатқа біледі, оның жырлары әнге арналмаған болатын, бірақ еліміздегі бүкіл ұлт пен ұлыстар оның қаламынан шыққан «Менің Қазақстанымды» оң қолдарын жүрегіне басып, тік тұрып шырқайды. Кеше осы әнмен Желтоқсан көтерілісіне шыққан, бүгін де, ертең де осы әнмен келешекке қадам басады. Ақын бақыты деген осы. Ақында ажал болмайды. Жұрт оның туған күні мен туған жылын маңызды санап, мерейтойларын атап өтіп жүргенімен, дүниеден өткен жылы мен қайтқан күнін тек ет жақын туыстары болмаса, былайғы жұрт көбінесе естен шығарып алатыны содан. Біз қазір тіліміз құрып барады деп қанша зарлағанымызбен Ұлтымыз рухани негізінен, тәуелсіз санасынан айырылып қалмаса, қазақ тілі ешқашан да өлі тілге айналмайды. Жұмекен ақынның өлмес өлеңдері салтанат құра беретініне сенімім кәміл, ал мұның өзін ұлы қазақ тілінің салтанаты деп қабылдаған абзал.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді