Made in kazakhstan

Made in kazakhstan
ашық дереккөз
Made in kazakhstan

отандық өндірушілерді халықтың қолдауы маңызды

Елбасы Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбекті қабылдады. Мемлекет басшысы Президенттің Алматыдағы резиденциясында өткен кездесу барысында экономикалық, қаржылық, мәдени және білім орталығы ретінде бүгінде Алматының ел дамуында зор маңызы бар екенін айта келіп, қалада мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың маңыздылығын айтты. – Алматы – үлкен қала, оны басқару күрделі міндет жүктейді және бұл осында болып жатқан үдерістерді терең талдауды қажет етеді. Инвестиция тарту, мемлекет-жекеменшік серіктестігін дамыту осы кезеңде жұмыстың негізгі бағыттарының бірі болуға тиіс, – деді Қазақстан Президенті. Б.Байбек қаланың әлеу-меттік-экономикалық дамуының негізгі көрсет-кіштері, инвестициялық және инфрақұрылымдық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы туралы баяндады. – Біз келесі жылы мемлекеттік инвестицияны 70 миллиард теңгеге дейін азайту арқылы экономиканы қайта құрылымдауды жоспарлап отырмыз. Жеке бизнестің жұмысын 75 миллиард теңгеге жандандыру қарастырылуда. Бүгіннің өзінде 14 бала-бақшаның, 3 мектептің, бір емхананың құрылысына байланысты меморандумдарға қол қойылды, – деді Алматы әкімі. Әкім сондай-ақ өнеркәсіпті дамыту, қаланың 2017 жылғы Универсиадаға дайындығы мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Соңында Қазақстан Президенті елдегі ірі қаланы басқару зор жауапкершілік жүктейтініне тағы да назар аударды. – Мегаполис ауқымын ескере отырып, Үкімет қолдау көрсетуге тиіс. Қалада тәртіпке келтіретін көп жұмыс бар. Әсіресе, террорлық қатер ұлғайып келе жатқан қазіргідей жағдайда құқық қорғау органдарының үйлесімді қызмет еткені маңызды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.

* * * Алматы экономикасының өсімі жыл қорытындысы бойынша 2,5 пайызға жетеді. Өнеркәсіптік өндірісінің өсімі 2,2 пайыз болды, инвестициялар 1,3 пайызға ұлғайды, бір миллион шаршы метрден астам баспана пайдалануға берілді. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қаржының игерілуі 73 пайыз болды, жыл аяғына дейін 100 пайыздық көрсеткіш қамтамасыз етіледі. Осы бағдарлама арқасында 2,6 мың жұмыс орны, жыл басынан бері 17 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылды. Алматыда 10 адамның алтауы шағын және орта бизнес кәсіпорындары арқылы жұмыспен қамтылған, олардың саны 10 пайызға көбейді. Бұл сектор салық түсімдерінің 44 пайызын қамтамасыз етеді. Мемлекет басшысы «Қазжеңілөнеркәсіп – Алматы» ЖШС-да болды. Елбасы нысанды аралау барысында кәсіпорын қызметімен және оның өндірістік цехы жұмысымен танысты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қаладағы жеңіл өнеркәсіптің ірі және орташа кәсіпорындары өнімдерінің көрмесін аралап көрді. Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпорын ұжымымен әңгіме барысында отандық өндірушілерді халықтың қолдауы маңызды екенін айтып өтті. – Барша қазақстандықтарға өзіміздің отандық тауарларды, соның ішінде «Мade in Kazakhstan» белгісі бар аяқ киімдер мен костюмдерді сатып алу қажеттігін айтқым келеді. Егер жеңіл өнеркәсіп ілгері басатын болса, сала кәсіпорындарында жұмыс істейтіндер еңбекақы алып, мемлекетке салық төлейді. Бұл бәріне тиімді – бюджетке түсім түседі, елде өзіміздің өндірген тауарларымыз пайда болады. Бұл орайда өнім сапасын ұдайы жетілдіріп отырған жөн, – деді Қазақстан Президенті. * * *

«Қазжеңілөнеркәсіп – Алматы» ЖШС – аяқ киім мен киім, соның ішінде әскерилер мен күштік құрылымдарына арналған киімдер шығаратын ірі өнеркәсіптік кәсіпорын. Фабрика жұмыс істей бастаған 2011 жылдан бері жұмысшыларының саны 15 есеге артты.

Ұқсас жаңалықтар