«Ақтоған» шаруа қожалығы кластерлік жүйемен жұмыс істейді
Т.Рысқұлов ауданындағы «Ақтоған» шаруа қожалығы 1999 жылы құрылған болатын. Қожалықтың қарамағында 10600 гектар егістік жер бар. Оның жартысына жыл сайын дәнді дақылдар өсіріледі. Үстіміздегі жылы агроқұрылым 4600 гектар күздіктің әр гектарынан 17 центнерден түсім жинады. Биыл күзде 5691 гектар алқапқа күздік бидай тұқымын септі. Кәсіпорынның өз диірмені бар. Онда тартылған ұн 2-50 килограмдық ыдыстарға салынып, өткеріледі. Ұнның бір бөлігінен макарон мен жарманың 30 түрі өндіріледі. Заманауи үлгідегі италиялық және ресейлік жабдықтарда шығарылатын өнімнің сапасы жоғары. Сыртында «Ақтоған» деген жазуы бар макарон мен жарманы еліміздің түкпір-түкпірінен кездестіруге болады. «Ақтоғанның» нарықта ойып алар орны бар. Өнімнің денін тұтынушылар өндіріс орнынан өздері келіп әкетеді. Тараз және Алматы қалаларына жеткізетін арнайы көліктері бар. Тауар кластерлік жүйемен өндірілгендіктен өнімнің өзіндік құны да төмен. Мұның өзі оны тұтынушыларға қолжетімді бағамен өткеруге мүмкіндік беруде. Мәселен, 5 килограмдық макаронның құны 525 теңге. Ал оның нарықтағы бағасы – 800 теңге.
Қожалық қажетті техникамен қамтамасыз етілген. Жиырма бірлік техникасы бар. Өткен жылы егін жинайтын 5 комбайнды лизингтік жүйемен алған. Кәсіпорында тұрақты 24 адам жұмыс істейді. Науқан кездерінде олардың саны 40-қа дейін жетеді. Жылына 15 миллионнан астам теңгенің өнімін өндіреді. Шығарылған тауардың барлығы арнайы зертханада тексеруден өткізіліп, сертификат беріледі. Олар біраз уақыт бұрын макарон мен жарманы ыдысқа салатын екі желі сатып алып, орнатқан. Мұның өзі қол жұмысын азайтумен қатар, өнімнің өтімділігіне игі әсерін тигізуде. – Келешекте өндірісімізді кеңейтіп, жарманың тағы да бірнеше түрін өндіреміз және мақсары дәнін өңдеп, май шығарамыз. Мұның өзі тағы да 10 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, – дейді «Ақтоған» шаруа қожалығының жетекшісі Сейітхасан Ақаев.
Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол». Т.Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді