Өкініш пен өтініш
Неге сөнді арманымның шырағы,
Неге ақпады үмітімнің бұлағы.
Сан соқтырып самұрығы ажалдың,
Құрыш тұяқ арғымағым құлады.
Айтыңдаршы, не жазығым бар еді,
Кең дүние неге маған тар еді.
Құлынымның тұлпар болып өскенін,
Анам байғұс бір көруге зар еді.
Жастық шағым неге гүлдеп тұрмады,
Неге шаттық маған мойнын бұрмады.
Айдынымнан аққуымды үркітіп,
Қара құзғын қайғы мені шырмады.
Кездерім көп көк желкемді қасыған,
Жөнсіздіктен қаным талай тасыған.
Неге осынша бақытсыз боп туды екем,
Әңгір таяқ кетпейтұғын басынан.
Қатал тағдыр көндірген соң ырқына,
Аяқ-қолым шегенделді құлпыңа.
О, Тәңірім! Өтер ме екем осылай,
Қылдырықтай пайдам тимей ұлтыма?!
Ай балтасы мұқалмасын талапты ер,
Таланттыға талмайтұғын қанат бер.
Ұлы Раббым! Қиындықты жеңетін,
Құлдарыңа ақыл-ой мен сана бер!
Арпалысқан алақұйын заманда,
Адаспасын қырық қатпар ғаламда.
Жалынамын жарық нұрға бөлейтін,
Парасатты білім берші адамға!..
Шырын Мамасерікова.
Мерке ауданы
Ұқсас жаңалықтар
Қазіргі қазақ прозасы не айтқысы келеді?
- 4 желтоқсан, 2025
Қазақ өлеңіне қолдау мен құрмет
- 1 желтоқсан, 2025
Ақпарат
Шаруалардың маңдай тері ақталатын күн жақын
- 25 қыркүйек, 2025
Әлемде транзит үшін бәсеке күшейіп бара жатыр – Тоқаев
- 8 қыркүйек, 2025
Цифрландыру пойыздың кешікпеуіне көмектесе ме?
- 21 тамыз, 2025
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді




