Адамзат қоғамы алға дамыған сайын жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Мемлекеттердің алдына жаңа міндеттер қойылады. Ғарыштық қарқын алған жаһандық даму барлық елдердің де стратегиялық жоспарларына үнемі өзгерістер енгізуді қажет етеді. Жаңа заманға бейімделе білген мемлекет қана экономикалық даму деңгейінің тұрақтылығын ұстап тұра алады.
Жаңа ғасырдың екінші он жылдығында Еуразиялық экономикалық одақ мәселесі өзінің дұрыс жүйесін тауып, оны іске асыруды 2011 жылдан бастап қолға ала бастады. Сөйтіп, Еуразиялық экономикалық қауымдастық құрылды. 2011 жылы Қазақстан, Ресей және Беларусь – үш ел арасында құрылған Кеден одағының тиімділігін бүгінде уақыт көрсетіп отыр. Жаһандық экономиканың өзі нақты бәсекеге бағытталған. Ал бәсекелестік өнімнің сапасы мен оның өзіндік құнының арзандауымен, сол арқылы тұтынушыларға қолжетімді бағамен жетуімен бағаланады. Ал осыған қалай қол жеткізуге болады? Мысалы, біздің бидайымызды әлемдік саудаға шығару үшін ең бірінші инфрақұрылым қажет. Яғни, Азия елдеріне және әлемнің басқа да елдеріне астығымызды сату мақсатында транзиттік тасымалдау мәселесін шешіп алғанымыз жөн. Темір жолдың транзиттік бағыттарын пайдаланамыз, сондай-ақ, теңіздерге шығу үшін порттар және басқа да құрылымдар керек. Соның барлығын есептей келсек, тауардың бағасы шарықтап шыға келеді. Өйткені, транзиттік тасымалдауды жолға қойып алған елдердің осы мәселемен айналысатын ұжымдары бар, олардың ішкі тәртібі, өз көзқарасы бар, өздерінің тауарларына жасалатын жеңілдіктері қарастырылған. Ал біз үшінші тарап ел болып оған кіру үшін өте қомақты деңгейде қаражат салуымыз керек. Ол тауардың өзіндік құнын бірнеше есеге өсіріп жіберетіні белгілі. Басқа шығындарды есептемегеннің өзінде осы тасымалдың өзі көп қаражатты талап етеді. Ал Еуразиялық одақ бізге тиімді жолды ұсынады. Мысалы, еліміздің тұрғындары 17 миллион болса, енді тұтынушыға айналып отырған үш елдің халқын қосқанда – 170 миллион. Сондықтан біздің кәсіпкерлердің нарыққа шығаратын өнімдерінің көлемі арта түседі. Тауар өндіру көлемі де артатыны анық. Ол – табыс көзі және жаңа жұмыс орындары ашылады деген сөз. Соның нәтижесінде көптеген әлеуметтік-экономикалық мәселелер жақсара түсетіні белгілі. Қазірдің өзінде Кеден одағы аясында шығарылатын тауарларымыздың көлемі бірнеше есеге өсіп отыр. Бұл бірінші меже ғана. Ол әрмен қарай өсе беретіні сөзсіз. Ал өнімнің артқаны біздің экономикамыз тұрақтанады, халықтың жағдайы жақсарып, еліміздің әлеуеті нығая түседі деген сөз. Тәуелсіздік алған кезімізден бері қарай бізге Ресейдің темір жолын пайдалану қымбатқа түсетін. Қазір шекара ашылғаннан кейін екі ел арасындағы кеденге қатысты көптеген мәселелер шешімін тапты. Бүгінгі таңда әр адам үшін, әрбір мемлекет үшін уақыт қымбат! Бұрын Қазақстанның, Ресейдің және Беларусьтің тауар өндірушілері өз өнімдерін кеден арқылы өткізу үшін қаншама уақыттарын ысырап қылатын. Қазір соның бәрі азайды. Сауда-саттықта қандай жол ашылып отырғанын осыдан-ақ түсінуге болады. Еуразиялық одақтың тиімділігін көрсететін тағы басқа да факторлар көп. Үш ел арасында құрылған Кеден одағына әлемнің бірқатар елдері қызығушылық танытуда. Одаққа қосылуға алыс шетелдердің де қызығушылығы артуда. Олардың қатарында Түр-кия, Вьетнам, Үндістан және басқа елдер бар. 2012 жылғы 14 желтоқсандағы «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз Кеден одағын және Біртұтас экономикалық кеңістікті нығайтатын боламыз. Біздің таяудағы мақсатымыз – Еуразиялық экономикалық одақ құру. Осыған орай біз мәселелердің консенсус арқылы шешілетінін нақты мәлімдейміз. Саяси егемендікке қысым көрсетілмейді», – деп нақты айтты. Экономиканың қарқын алуы, өсуі тұтынушылар нарығының көлеміне байланысты. Егер нарық көлемінің деңгейі неғұрлым ұлғая берсе, кедергілер келісімдер арқылы шешілген болса, кәсіпорындарға, кәсіпкерлерге өз тауарларын шығаруға мүмкіндік жасалады және елдің экономикасы мейлінше тұрақты болады және дами береді. Экономиканың дамуы – қоғамның берік болуының негізі, халықтың жақсы жағдайда өмір сүруінің кепілі. Бұл – бір. Екіншіден, осы еуразиялық интеграция ішіндегі бәсекелестік біздің біраз мүмкіндіктерімізді ашады. Біздер бұл іске білімді жастарды тартуымыз керек. Ол үшін өз елімізде білім және ғылым саласын дамытуымыз қажет. Бәсекелестікке төтеп беруде өндірісті дамытуға, кәсіпкерлікті алға бастыруға, оны басқару үшін білімді және денсаулығы мықты азаматтар болуы тиіс. Үшіншіден, ішкі нарығымыздағы азық-түлік тауарларын өндіруді ұлғайта түсеміз. Өнімнің өзіндік құны тұрақты болып, халыққа тиімділігі арта түседі. Бәсекелестік неғұрлым көп болған сайын соғұрлым тауардың өзіндік бағасы төмендеп, сапасы жақсарады. Сондықтан, біздің Президентіміздің бастамасымен құрылып отырған Еуразиялық экономикалық одақ – келешегі зор құрылым. Бұл – Елбасының көрегендік саясатының арқасында жасалып отырған ауқымды интеграциялық жоба. Осындай батыл қадамдардың нәтижесінде біздің еліміз одан сайын нығая түседі, экономикасының тұрақтылығы мен дамуы арта береді деп сенеміз.
Мунира Темірғалиева, ТИГУ «Қаржы» кафедрасының профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді