«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Біздің күш-қуатымыз – бәсекеге қабілетті ғылымда

Біздің   күш-қуатымыз  –  бәсекеге  қабілетті  ғылымда
ашық дереккөз
Біздің күш-қуатымыз – бәсекеге қабілетті ғылымда

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың 5 институттық реформасын жүзеге асыруға бағытталған «100 нақты қадам» бағдарламасында елімізде ғылымды дамыту мәселелеріне айрықша назар аударылған. Бұл тұрғыда өңірдегі мемлекеттік жоғары оқу орындарында қандай шаралар жүзеге асырылуда? Жалпы, жоғары мектептерді алда қандай өзгерістер күтіп тұр? Міне, осы мәселелерге байланысты аймақтағы білім мен ғылымның бірегей орталығы М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры, ҚР Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған Ұлттық ғылыми кеңестің төрағасы Махметғали САРЫБЕКОВПЕН сұхбаттасқан едік.

– Махметғали Нұрғалиұлы, «100 нақты қадам» бағдарламасының 64- қадамында «Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Заңды әзірлеу қарастырылған. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды? – Сіз айтып отырған Заңды білім және ғылым қызметкерлері көптен күткен. Себебі, осы күнге дейін ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін нақты өндіріске енгізу мәселесі заңды түрде шешілмей келді. Нақтырақ айтсақ, ғылыми жобалардың нәтижелерін өндіріске енгізу тетігін реттейтін нормативтік құжат болған жоқ. Сол себепті осы жұмысты қаржыландыру мәселесі де толық шешілмеді. Ал жоғарыда аталған Заң еліміздегі ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландыру жүйесінің қызметін жүзеге асыруға байланысты қоғамдық қатынастарды, сондай-ақ коммерцияландыру процестері мен ғылыми және ғылыми-техникалық қызметтің нәтижелерін коммерцияландырудың мемлекеттік кепілдік берілген қолдау тетіктерін реттейтін болады. Заң жобасы Білім және ғылым министрлігі тарапынан дайындалып, ҚР Парламентінде қаралып, Елбасына жолданған-ды. Үстіміздегі жылдың 31 қазанында Қазақстан Республикасының Президенті Н. Ә. Назарбаев бұл Заңға қол қойды. – Сіз басқарып отырған университеттің ғылым саласындағы жетістіктері қандай? – Елбасы инновациялық зерттеулерді дамытудың жаңа саясатын ұсынып, «Жаңа технологиялық толқын жалына жармасып, теңдессіз инновациялар жасау барлық елдің қолынан келе бермейді. Сондықтан ауқымды халықаралық ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуымыз қажет», – деп атап көрсетті бұл тұрғыда. ТарМУ халықаралық білім беру кеңістігінде интеграцияны тереңдету, оқытушылардың ғылыми-зерттеу мүмкіндіктерін кеңейту және білім алушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту мақсатында Шанхай ынтымақтастық ұйымы университеттерінің (ШЫҰУ) желісіне ресми түрде қабылданғаны белгілі. Яғни, университет студенттерді жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламасы бойынша «Су ресурстары және суды пайдалану», «Жерді мелиорациялау, баптау және қорғау» және «Гидротехникалық құрылыс және ғимараттар» мамандықтарын ШЫҰУ шеңберінде оқытуды ұсынатын болады. Сонымен қатар, университет Беларусь-Қазақстан ғылыми-білім консорциумына мүше. Консорциум аясында Беларусь жоғары оқу орындарымен бірлесе 8 жоба әзірлеудеміз. Ұсынылған жобалардың ішінде «Дәнді дақылдарды қайта өңдеу негізінде жаңа тұрпатты өнімдер алу үшін техникалар мен технологиялар әзірлеу» жобасының Жамбыл өңірі үшін маңызы ерекше. Бұл жобада дәнді дақылдарды сұрыптау коэффициентін 93-96 пайызға жеткізетін әмбебап технологиялық нобай бойынша дәнді дақылдарды өңдеудің жаңа ресурс үнемдеу технологиясы мен техникасын енгізу қарастырылған. Жоба облысымыздағы дәнді дақылдарды өңдеп, ұн өнімдерін шығарумен айналысатын кәсіпорындардың қатысуын және қолдауын қажет етеді. Тағы да басқа ауқымды ғылыми жобалардың бірі – М.Х.Дулати атындағы ТарМУ және Беларусь ұлттық техникалық университетінің ғалымдары қатысатын «Ғимараттардың қадалық іргетастарын қалау үшін ресурс үнемді ұңғымалы темірбетонды қадаларды тәжірибелік сараптау және әзірлеу» жобасы. Соққыға шыдамды және экономикалық тиімді, ТМД-да және алыс шетелдерде теңдесі жоқ берік қадалар отандық құрылыс саласының инновациялық дамуының жаңа белеске көтерілуіне мүмкіндік береді. Бұл жобаға байланысты университет «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ-мен келісімшартқа тұрды. 2015 жылдың 15 сәуірінде ТарМУ Университеттердің Еуразиялық Ассоциациясына толыққанды мүшесі ретінде қабылданды. Бұл біздің ғалымдарымызға жаңа ғылыми жобаларды осы Ассоциация аясында орындауға мүмкіндік береді. – Біз білетіндей, Тараз мемлекеттік университеті оңтүстік өңірде ең ірі патент иеленуші болып табылады. Осы ғылыми жаңалықтардың нақты өндіріске енгізу жағдайы қалай? – Жалпы айтқанда, ғылым монография немесе диссертация үшін керек емес, ғылым қарапайым халықтың өмір сапасын жақсартуға бағытталуы қажет. Жыл сайын университет ғалымдары жаңа құрылғылар мен жабдықтарға, механизмдерге, құрылыс материалдарына орта есеппен 30-дай ҚР инновациялық патенті мен авторлық куәліктерін алады. Өкінішке қарай, олардың көбісі қағаз жүзінде қалып, нақты өндіріске енгізілмеуде. Облыстағы патент иеленушілер қатарында М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дан басқа «Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС, Жамбыл жобалау институты, Тараз инновациялық-гуманитарлық университеті және бірқатар ұйымдар бар. Облыстағы жоғары оқу орындары мен ұйымдарында көптеген патенттер мен авторлық куәліктердің шоғырланғанын ескере отырып, оларға коммерциялау бойынша іріктеу жүргізу үшін Жамбыл облысы әкімдігінің аясында арнайы аймақтық талдау орталығын (АСО) құру қажет. Оның жұмысына ғалымдар, экономистер, бизнес, кәсіпорын өкілдері және мүдделі тұлғалар белсенді қатысуы тиіс. Ал біз өз кезегімізде мамандарымыздың қызметін ұсынуға және аталмыш орталықтың тиімді жұмыс істеуі үшін университет базасында қолайлы жағдайлар жасауға дайынбыз. Елбасы Жолдауларында ғылым мен бизнестің толыққанды кооперациясын іске асыру қажеттігі жөнінде айтумен келеді. Бұл ұсыныс «100 нақты қадам» бағдарламасының 63-қадамында да нақтыланып көрсетілген. Бұл тұрғыда негізгі күш аймақтарда ғылымды қажет ететін экономиканы дамытуға жұмылдырылуы тиіс. – Университеттегі ғылымның дамуы зертханалық базаның әлеуетіне де байланысты. Осы орайда университетте қандай жұмыстар атқарылып жатыр? – Университеттің даму стратегия-сына сәйкес жыл сайын зертханалық базаның нығайтылуына 180-200 миллион теңге бөлінеді. Соңғы екі жылдың ішінде 15 кафедраның зертханалары жаңа құрал-жабдықтармен толықтырылды. Мысалы, «Су ресурстары» кафедрасына Ұлыбританиядан гидроқұрылымдардың қауіпсіздігін зерттейтін арнайы зертхана алынып орнатылды. «Биология» кафедрасында табиғи материалдардан өнімдерді дайындау технологиясын іске асыру мақсатымен жаңа зертхана жабдықталды. Бұл зертханада Мойынқұм ауданында өсетін цистанхе (сай сағызы) тамырынан тамақ және косметология өнімдерін дайындау технологиясы зерттеліп жатыр. «Наноинженерлік лаборатория» арнайы тығыздау-машиналармен жабдықталды. Осы құрылғылар арқылы құрылыс материалдарының сапасын сараптамадан өткізуге толық мүмкіндік алып отырмыз. – Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Баймаханбет АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар