Салықтан жалтаратындар жетеді

Салықтан жалтаратындар жетеді
ашық дереккөз
Салықтан жалтаратындар жетеді

Қаржыны түгел игермегендер де бар

Облыс әкімі аппаратының кезекті жиыны барлық басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері үшін сын сағаты секілді өтті. Өйткені, жыл басынан қазан айына дейін мемлекеттен бөлінген бюджет қаржысының қалай игерілгенінің есебі шығарылып, бағасы берілді. 2015 жылдың қаңтар-қазан айларына облыстық бюджеттің орындалуы туралы облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің директоры Асқар Тынысбеков пен облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Асқар Қырықбаев баяндама жасады. 

Мемлекеттік кірістер департаментінің директоры Асқар Тынысбековтің айтуынша, биыл 10 айда кірістер – мемлекеттік бюджет 101,1 пайызға, жергілікті бюджет 104,1 пайызға, республикалық бюджет 96 пайызға орындалған. Өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда мемлекеттік бюджетке 868 миллион теңге, республикалық бюджетке 4,5 миллиард теңге кем түссе, ал жергілікті бюджетке 3,6 миллиард теңге артық түскен.

Департамент түрлі деңгейдегі салық төлеушілерге жүзден аса тексеру жүргізіп, нәтижесінде, 2,3 миллиард теңге түсім түскен, 2601 жалдамалы жұмысшы анықталып, 364 жеке тұлға тіркеуге алынған. Соның ішінде, қала базарларында жеке кәсіпкер ретінде тіркеуге тұрмай жұмыс істеп жүрген тұлғаларға қатысты 53 әкімшілік хаттамасы толтырылып, 287 жеке тұлға тіркелген. Жеке кәсіпкер ретінде тіркелу құны ретінде 1,3 миллион теңге қаржы жиналған. Департамент басшысы көтерген өзекті мәселенің бірі – сауда нүктелерінде кассалық аппараттардың тиісінше жұмыс істемейтіндігі және халықтың арнайы чек талап етпейтіндігі болды. Соның салдарынан, саудагерлер өз табыстарының айтарлықтай бөлігін жасырып қалып, мемлекетке тиісті салығын төлеуден жалтаратыны анық. Осы мәселеге байланысты жүргізілген тексеру нәтижесінде тек Тараз қаласының өзінде 130 заң бұзушылыққа байланысты әкімшілік хаттамасы толтырылған екен. Мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан көтеріліп келе жатқан тағы бір мәселе – жолаушылар тасымалын заңсыз жүргізетін тұлғаларды анықтау мен тіркеу. Осы бағытта жүргізілген тексеру нәтижесінде 77 автотасымалдаушы жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, олардан 0,3 миллион теңге тіркеу құны өндірілсе, әлеуметтік салық ретінде тағы 10 миллион теңге қаржы түскен. Жыл басынан бері ҚР Жер кодексі нормаларына енгізілген толықтыруларға байланысты жергілікті басқарушы орган пайдаланусыз тұрған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге он есеге дейін салықты көбейтулеріне рұқсат берілген. Мұндай жерлер облыс бойынша 33,6 мың гектарды құрайды немесе 305 жер учаскесі. Олардың көп бөлігі Талас, Мойынқұм, Сарысу және Шу аудандарында. Болжамды есеп бойынша бұдан 5,1 миллион теңге салық түсуі мүмкін екен. Облыста тіркелген шаруа қожалық-тарында еңбек ететін жалдамалы жұмысшыларды тіркеуге қою, сол арқылы мемлекетке тиісті салық төлеу мәселесі де өз шешімін таппаған деуге болады. Олай дейтініміз, мысалы, 2014 жылы 11891 шаруа қожалығы бойынша 2362 ғана жұмысшы тіркелген. Ал арнайы тексеру нәтижесінде анықталған жұмысшылар есебінен 2013 жылмен салыстырғанда шаруа қожалықтары жұмысшыларының саны 1903-ке артқан. Олардан тиісінше салыққа 4 миллион теңге түсім түскен. 2015 жылдың осы мерзімінде мемлекеттік сатып алулар кезінде 27 қылмыстық құқық бұзушылық әшкере болған. Олардың мемлекетке келтірген шығыны 6,9 миллион теңгені құраса, оның 4,2 миллионы өндірілген. Сондай-ақ, жалған ақша жасаумен айналысатын бір цех анықталып, 1,5 миллион теңгені құрайтын жалған купюра тәркіленген. Облыс әкімдігі қаржы басқармасының басшысы Асқар Қырықбаев мемлекеттік мекемелердің өздеріне бөлінген бюджетті қалай игергенін баяндады. Бюджеттің атқарылуы және коммуналдық меншікті басқарудың жай-күйіне қысқаша тоқталған ол облыс бюджетінің кірістер бойынша жоспары аталған мерзімге 100,7 пайызға орындалғанын айтты. Ал жыл соңына дейін 99,9 пайызға қол жеткіземіз деген жоспарымен де бөлісті. Бұл көрсеткіш 2013 жылы 99, 7 пайыз болса, 2014 жылы 99,9 пайызды құраған болатын. Сонымен қатар, басқарма басшысы жекешелендіру мен мүлікті жария ету жұмыстарының жүргізілу барысына да тоқталды. Баяндамалар тыңдалған соң облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев бюджет қаржысының әлі де көп бөлігін игере алмай отырған басқарма басшылары мен аудан әкімдерінен жағдайдың себебін сұрады. Сөйтіп, облыс басшысы облыстық бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне, аудандар мен қала әкімдеріне бюджет қаражатын толық игеру туралы қатаң тапсырма берді. Уақыттың тығыздығына байланысты небәрі бір айдың ішінде аталған мәселе бойынша айтарлықтай көп жұмыс атқарылуы керектігін, облыс қаржысын қандай жолмен болса да игереміз деп қазына қаражатын оңды-солды шашпауды қатаң ескертіп, оған басшылық жасауды өзінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбековке тапсырды. Облыс әкімі аппараты отырысына қаралған негізгі мәселеден өзге күн тәртібінде тағы алты мәселе қаралып, тиісті шешімдер қабылданды.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар