Еңбекке құштар өрендер

Еңбекке құштар өрендер
ашық дереккөз
Еңбекке құштар өрендер

кәсіппен айналысамын деген жастар көп

Шағын және орта кәсіппен айналысамын деген жастар көп. Олардың өзіндік жоспарлары мен алға қойған мақсаттары бар. Оны біз Шақпақ ата ауылында жастармен болған кездесу барысында аңғардық. Округтің жастар ісі нұсқаушысы Ақжан Ахметов бір топ кәсіпкерлікке бет түзеген жастарды жинап, олардың облыстық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалының директоры Ұлан Жолдықұлұлымен кездесуін ұйымдастырды. Шақпақ ауылдық округі әкімдігінің ғимаратында өткен қабылдауда ол ауыл жастарын мұқият тыңдады. Ауыл тұрғыны Жанар Отаралиева тігін цехын ашып жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді. Әңгіме барысында ол тігінші мамандығын алғанын, көрші қырғыз елінде тігін фабрикасында, Тараз қаласында тігін цехында жұмыс істегенін айтты. Қазіргі таңда үйде тапсырыс қабылдап, ұлттық және әйелдер киімін тігеді. Руслан Тоғаев мал бордақылаумен айналысады. Қорасында 25 бас бұқа бордақылануда. Осы кәсіппен айналысқанына екі жылдың жүзі болыпты. Енді қора-жайын кеңейтіп, мал басын арттырмақ ниетте. «Сыбаға» бағдарламасымен де жұмыс істегісі келеді. Айнұр Кедикова болса дүкен ашып, сауда-саттық жасамақ. Қазір жалға ғимарат алып, оның іші-сыртын жөндеп жатыр. Жас кәсіпкерге кәсіпкерлер палатасы қандай көмектер бере алатынын сұраған ол төмен пайызбен несие алғысы келетінін жеткізді. фЕрлан Нұрлыбаевтың кәсіпкерліктен хабары бар болып шықты. Ол 2004 жылдан бастап жеке кәсіпкерлігін ашып, дәнекерлеу жұмысымен айналысқан. Жақында ғана тірлігін уақытша тоқтатып қойған. Оған талайдан бері несие ала алмай жүргені себеп болыпты. – Бүгін де тапсырысым көп. Жалғыз өзім үлгере алмай жатырмын. Кәсібімді жандандырып, қасыма бірнеше жұмысшы алып, бір орталықта жұмыс жасайын десем несие ала алмай жүрмін. «Тараз» несие серіктестігінен де көңілім қалды. Жүз мың теңгеге құжат жинап енді алайын деп тұрған тұста уәдеден тайып, талаптарын өзгертіп, пайызын арттырып жіберді. Өйтетін болса біз сияқты шаруа адамдарды бастапқыда алдамай-ақ, шындықты айтпайды ма? – деп, өкпе-назын да бүкпесіз жеткізді. Жоғарыда аталған жастардың әңгімесін, мақсаты мен мүдделерін мұқият тыңдаған кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы директоры Ұ. Жолдықұлұлы жан-жақты түсінік беріп, оларға көмектесуге уәде берді. Кейбірін арнайы курстарға жіберетін болды. Шараға қатысқан жастар кәсіпкерлер палатасына келіп, тіркеліп, олармен тығыз байланыста жұмыс жасағысы келетіндіктерін білдірді.

Марат ҚҰЛИБАЕВ, журналист.

Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар