Бір мезгілде – 5 мың 500 қой

Бір мезгілде – 5 мың 500 қой
ашық дереккөз
Бір мезгілде – 5 мың 500 қой

SAM_7464«Меркі асыл тұқым зауытында» мал бордақылау алаңының құрылысы аяқталып келеді

Ақермен ауылдық округіне қарасты «Меркі асыл тұқым зауыты» акционерлік қоғамы бір мезгілде 5 мың 500 асыл тұқымды қой бордақылайтын жобаны жүзеге асыруда. Бұл – облысымыздағы шаруашылықтардың ет экспортын арттыруға жасалған нақты қадамдарының бірі.

Бұрын бұл ауылда асыл тұқымды мал зауыты болған. Зауыт жұмысшылардың табанды еңбегінің арқасында жақсы көрсеткіштерге жеткен. Ал бүгінгі кезеңнің талабы басқа. Сондықтан малайзиялық компания мен «Меркі асыл тұқым зауыты» акционерлік қоғамы өзара келісім жасасып, жұмысты алға жылжыту мақсатында үлкен жобаны қолға алды. Оны іске асыру үшін малайзиялықтар жеткілікті мөлшерде инвестиция құйып отыр. Австриядан және Оңтүстік Қазақстан өңірінен асыл тұқымды меринос қойлары әкелінуде. Бүгінгі күнге зауыттың меншігінде 19 мың асыл тұқымды қой бар. Биыл оның 5 мың 500 басы бордақыланатын болады. – Бізде мал бордақылауға қажетті мүмкіндіктердің бәрі бар. Қоймен қоса 250 жылқыны да күтімге алып, семіртетін боламыз. Мал азығының қоры жеткілікті. Қазірдің өзінде 120 тонна шөпті жинап алдық. Зауытта еңбек ететін маман және жұмысшылардың барлығы Ақермен ауылының тұрғындары. Бұл зауыт ауыл жастарына жұмыс көзі болмақ. Жалақылары да жастардың көңілінен шығады деп ойлаймын, – дейді зауыт директоры Абзал Оспанов. Зауыт басшысы Абзал Мырзатайұлы әлі отыз жасқа да толмаған. Бұрын Алматы қаласында құрылыс компанияларында еңбек етіпті. Жастың аты жас емес пе, ата кәсіпті жандандырып, негізгі, күрделі істі дөңгелетіп кететініне сенімді. «Басшымын» деп кеңседе отырмай, еңбеккерлердің бел ортасында жүр. Мұнда мал бордақылауға арналған жаңа үлгідегі бес баз салынуда. Құрылыс жұмыстарына отандық өнімдер жұмсалыпты. Қарағандыдан темір тасымалданса, Алматы қаласынан шифер, Солтүстік облыстардан бөренелер жеткізіліпті. Зауыт директорының көмекшісі Мұхтар Өтебаев, құрылысшы-шеберлер Ербол Демесінов, Еркін Мәутенов, Сәбит Төленов, Сәкен Мәутенов әр күнгі жұмысты белсенді ұйымдастырып, игілікті іске құлшына кірісіпті. Құрылыстың басталғанына 1 ай болған, енді 20 күнде аяқталады деп күтілуде. Жалпы құрылыс басында 80 адам еңбек етіп жатыр. Әрқайсысының орташа жалақылары 60 мың теңгені құрайды. Ауылдың іргесінде осындай ірі құрылыстың жүргізілгеніне, яғни жұмыс табылғанына ақермендіктер дән риза. Жыл басында ғана табиғи газға қол жеткізген ауыл тұрғындары, міне, енді ірі нысанның ашылуына куә болмақ. Біз «Меркі асыл тұқым зауыты» акционерлік қоғамының кеңсесіне арнайы ат басын бұрдық. Үлкен мақсаттарға қол созған өндіріс орнының кеңсесі де заман талабына сай жабдықталған. Бір мезгілде мыңдаған малды семірте алатын кәсіпорын еліміздің ірі қалаларын етпен қамтып, өнімдерін экспортқа шығаруды да көздеуде.

Есет ДОСАЛЫ, «Ақ жол».

Меркі ауданы.

Ұқсас жаңалықтар