«шығыс кен басқармасы» жоғары сапалы гравитациялық барит өндіреді
Мойынқұм ауданының аумағындағы «Шығыс кен басқармасы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жоғары сапалы гравитациялық барит өндіреді. Ол – химия өнеркәсібі, мұнай-газ өңдеу кәсіпорындары және медицина саласында қолданылады. Кәсіпорын Шығанақ кен орнында шикізат өндіреді, өңдейді және тапсырыс болса, темір жолмен жеткізіп береді. 2009 жылы ИСО-9001: 2008 халықаралық сапа менеджменті жүйесін енгізген.
2010 жылы «Русский Регистр» және «Қазақстандық сапа орталығы» қауымдастықтарының тиісті сертификаттарын алған. Заманауи жабдықтар орнатылған зертханада өнімнің сапасы қатаң бақылаудан өткізіледі. Ұнтақталған гравитациялық баритті концентрат буылып-түйіліп, контейнерлер арқылы вагондарға тиеледі. Осында өндірілген өнімнің дені елімізбен қатар Әзірбайжан, Ресей, Түрікменстан және Өзбекстан мемлекеттеріне өткеріледі. Кен орнында бариттің болжанған 9 миллион 972 мың тонна қоры бар. Кәсіпорын толық қуатында жұмыс істесе, жылына 300 мың тонна өнім өндіріп, өткере алады.
Әлемдік қаржы дағдарысы бұл өндіріс орнын да айналып өткен жоқ. Соңғы кезде мұнай-газ саласындағы экономикалық қиындықтарға байланысты баритке деген сұраныс азайды. Соның салдарынан серіктестік өткен жылы 120 мың тонна өнім өткерумен шектелген. Келісімшарт бойынша биыл да осындай мөлшерде өнім өндіреді. Осыған қарамастан, олар аз шығынмен мол әрі бәсекеге қабілетті тауар өндіру жөніндегі ізденістерін жалғастыруда. Мамандарды қысқартпаудың алуан жолдарын қарастыруда. Соның нәтижесінде 500-ден астам жұмысшының бірде-біреуі қысқармаған. Салыққа және міндетті төлемдерге қарызы жоқ. Жұмысшылардың 60 пайызға жуығы – жергілікті тұрғындар. Орташа жалақы – 80 мың теңге. Жұмыс вахталық әдіспен ұйымдастырылған. Мамандарға күнделікті үш мезгіл тамақ беріледі. Жататын орын, душ және моншамен қамтылған. Арнайы жұмыс киімі беріледі. – Өндіріс орнында кен ашық әдіспен өндіріледі. Шикізатты қажетті сыныпқа дейін ұсақтау үш сатымен жүргізіледі. Оны байыту үшін пневматикалық-механикалық тұндыру машиналарында гравитациялық әдіс қолданылады. Мұнда 2007 жылы жылына 300 мың тонна кен өңдейтін байыту фабрикасы іске қосылды. Фабрика құрамында ірі, орташа, ұсақ ұсақтағыш және тұндыру корпустары бар. Мұның өзі қол күшін және өндірістік шығындарды азайтуға, еңбек өнімділігін еселеп арттыруға қол жеткізді. Өндіру, өңдеу, тұндыру және жеткізу жұмыстары осындағы 30 бірлік техника күшімен атқарылады. Оларды жаңартуға да ерекше көңіл бөлінуде. Соңғы екі жылда 6 бірлік заманауи үлгідегі қуатты техника сатып алынды. Инновация – бәсекеге қабілеттілік кепілі. Бұрын бізде кен конустық тәсілмен ұсақталатын. Өткен жылы біз өндіріске роторлы ұсақтауды енгіздік. Мұның өзі кенді бұрынғыға қарағанда мол өндіруге, еңбек өнімділігін екі есе арттыруға қол жеткізді, – дейді «Шығыс кен басқармасы» ЖШС-ның атқарушы директоры Азамат Дүйсенов.
Ақылжан МАМЫТ, «Ақ жол».
Мойынқұм ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді