М.Х.Дулати атындағы ТарМУ студенттерінің өз жылыжайы бар. Сәуір айында ашылған бұл жылыжайдың қызығы да, берер пайдасы мен үйретері көп. Оңтүстік Кореяның «KoreanGreenHouse Co Ltd» компаниясының технологиясымен жасалған жылыжайда студенттер түрлі тәжірибелер жасап, өз мамандықтары бойынша барынша машықтануда. Нысан пайдалануға берілгенде онда алғаш қызанақтың махитос, қиярдың кибрия, бұрыштың фламинго сынды сұрыптары отырғызылған. Алғашында көңілге күдік ұялатқанмен, тиянақты жұмыс жемісін беріпті. Бәрі де өніп шықты. «Жылыжай» тәжірибе алаңын пайдалануға беру арқылы бүгінде аталған оқу орнындағы «Биология» кафедрасының студенттері мен магистранттарының өндірістік тәжірибеден өтуі жолға қойылып отыр. Сонымен қатар, Түрікменстан, Әзірбайжан және Өзбекстан сынды елдерден келіп оқитын студент жастар үшін тіпті қолайлы. Бұрын олар тәжірибе жинақтау үшін өндіріс орындарына көптеген құжаттар жинап, әуре-сарсаңға салынатын. Енді сол түйткілдің түйіні тарқатылды. Бүгінге дейін мұнда жүзден аса жас тәжірибе жинақтап үлгерген. «Шілде айына дейін жылыжайдан 500 килограмм қызанақ, 2 тонна қияр және 160 килограмм бұрыш жиналып алынып, олар ТарМУ-дың құрылыс жасақтарына, жатақханада тұратын студенттерге, унверситет қызметкерлеріне өткерілді. Экологиялық таза өнімнің бағасы да базар бағасынан анағұрлым арзан. Жылыжайдан жиналған көкөністерді сатудан түскен қаржы университеттің қаржы-экономикалық бөліміне тапсырылады. Аталған өнімнен 350 мың теңге түсім түсті. Осылайша, біздің жастар білімін толықтырумен қатар, университеттің қаржылық мәселесіне де пайдасын тигізуде», – дейді «Биология» кафедрасының меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты Л.Қожамжарова. Шынында, заман талабына сай білім мен табыс табуды қатар алып жүруге машықтандыратын аталған «Жылыжай» жобасы жастар үшін пайдалы екені даусыз. Жалпы, қай бағыттағы білім беруді де осылай нақтылы тәжірибемен ұштастырса, нұр үстіне нұр болмақ.
Маржан Кәрімжанқызы, журналист.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді