«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Тарихты ұлықтаған той Шуда жалғасты

Тарихты  ұлықтаған  той  Шуда  жалғасты
ашық дереккөз
Тарихты ұлықтаған той Шуда жалғасты

Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойы биыл ел аумағында кеңінен атап өтіліп, Ұлы дала дүбірлі думанға бөленді. Әсіресе, тұғырлы тарихтың ордасы – Тараз қаласында дүркіреп өткен той араға бір ай салып хандықтың туы тігіліп, іргесі қаланған қасиетті мекен Шу өңірінде лайықты жалғасын тапты. Аудан орталығынан бастау алған іс-шаралар легі күні бойына толастамай, шулықтар қайталанбас ғажайып көріністердің куәсі болды.

Төле би ауылының орталық алаңына жиналған көпшіліктің күй күмбірінен рухы қуаттанып, әсерлі әуезден көңілдері нұрға бөленді. Қаз-қатар тігілген ақшаңқан үйлерде қазақы салтпен кең дастархан жайылып, іші мейманға толды. Алаңда аудан үйірмелерінің көрмесі қойылып, шеберлер қолынан шыққан қолөнер бұйымдары, тарихи тақырыпта бейнеленген сан түрлі картиналар, белгілі суретші-мүсінші Қали Қораласбаевтың тастан қашалған композициялары назарға ұсынылды. Ауданға арнайы ат басын бұрған делегацияны облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов бастап келді. Орталық алаң сахнасындағы бағдарлама шымылдығы Керей мен Жәнібек хандардың бейнесін айшықтаған театрландырылған қойылыммен ашылды. Көрерменнің рухын көтерген әсерлі қойылымның режиссері – Күннұр Тұрлыбекова. Ерқанат Нұрбапаұы салтанатты жиында сөз сөйлеп, мәртебесі биік, маңызы зор ерекше мерейтойды атап өту барысында атқарылған жұмыстар жайына тоқталып, оған белсенді ат салысқан көпшілікке облыс әкімінің атынан алғыс білдірді. Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, дирижер Алмабек Өскентаевтың жетекшілігімен «Шу еркесі» халықтық ән-би ансамблінің оркестрі Құрманғазының «Балбырауыны» және Әбдімомын Желдібаевтың «Ерке сылқымымен» сазды бағдарлама сәтті жалғасты. Аудандық, Шу қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары әуелетіп ән шырқап, мың бұралып би билеп, халықтың қошеметіне бөленді. Бұдан соң аудандық Мәдениет үйінде «Керей-Жәнібек» спектаклі қойылды. Шу қаласындағы «Наурыз төбе» аталып кеткен алаң да думан күні дүбірге толды. Онда ат спортының айшықты додалары ұйымдастырылды. Алдымен көкпардың көркі қызды. Бұл сайыста сайдың тасындай серілерден құралған Сауытбек командасы жеңіске жетіп, 100 мың теңге көлеміндегі сыйлыққа ие болды. Еліміздің әр өңірінен және көрші Қырғыз елінен тұлпарларының бабы мен бағын таразылауға келген шабандоздар тай бәйгесі мен аламан бәйгеде көсіліп шапты. Шу ауданындағы ат спортына қатысты іс-шаралардың үнемі басы-қасынан табылатын Көктөбе ауылының әкімі Найман Сұлтанбаевтың «Қыраны» тай бәйгесінде топ жарды. Ал аламан бәйгеде 21 шақырымдық 8 айналымға отыздан астам тұлпар шапты. Т.Рысқұлов ауданынан келген Рүстембек Тұтбаевтың «Үміті» үмітін ақтап, бас жүлдеге тігілген кілем жабуы бар түйені жетектеп кетті. 7 орынға жайғасқан тұлпар иелеріне жылқы малдары және бағалы тұрмыстық техникалар табыс етілді. Шу ауданының белді кәсіпкерлері мерейлі мерекеге демеушілік көрсетті.

Қарлығаш Есбергенова, «Ақ жол».

Шу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар