Өнім өндіру көлемі төмендегенімен, табиғи газдың қоры мол
- author «Ақ жол»
- 12 қараша, 2015
- 212
Аманкелді газ кені 1974 жылы сейсмобарлаумен іздестіру бұрғылауын жүргізу нәтижесінде 1975 жылы ашылғаны белгілі. Ұзақ жылғы ізденуден соң «көгілдір отынды» кәсіптік-тәжірибелік негізде пайдалану тек 2003 жылдың 28 қазанында ғана жүзеге асқан болатын. Болашақта кен аймағын зерттеу, игеру жұмысы жалғасын таба ма деген сауалдар кез-келген адамды қызықтыруы мүмкін.Бұл жөнінде «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамының еншілес ұйымы – «Аманкелді Газ» ЖШС-ның облыстағы өкілі Шәкизада Ибрайымұлы: «Бұл күнде Мойынқұм ішінде кішігірім қалашыққа айналған Аманкелді газ-кен орны тұтынушыларға алғаш «көгілдір отынды» ұсынған күннен бастап қазірге дейін 4 миллиард текше метр табиғи газ бен 30 миллион тонна конденсат өндірді. Қазіргі уақытта 28 ұңғы жұмыс істейтін кеніштің негізгі тұтынушысы – өзіміздің облыс», – деді.
Үстіміздегі жылдың 9 айында өндірілген өнім көлемі 213 678,443 мың текше метр табиғи газ бен 12 842,500 тонна конденсатқа жетіпті. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда биыл 23 981,84 мың текше метр табиғи газ (жоспар – 89,16 пайыз), 2814,58 тонна конденсат (жоспар – 85,58 пайыз) кем өндірілген екен. Өнім көлемінің кемуіне Аманкелді газ-кен орны бойынша жер қыртысындағы қысымның төмендеуі себеп болған көрінеді. Соңғы жылдардағы Аманкелді кен орнын өндірістік игеру жобасы бойынша анықталған бірден-бір себеп осы екен. Өндіріс көлемінің төмендеуі кен жатқан аймақтарды игергені үшін төленетін түрлі салықтарға да кері әсерін тигізіп отырған сыңайлы. Мәселен, жер телімін пайдаланғаны үшін, қоршаған ортаны ластағаны үшін Мойынқұм, Талас аудандарының бюджетіне тиесілі қаражат біршама кем құйылыпты. – Бұл мәселелер жыл аяғына дейін шешімін тауып, газ-кен орнын игерудегі кемшіліктер түзетілмек. Сондай-ақ, кен орнын одан әрі зерттеп, нақты қорын анықтау мақсатында 2015-2023 жылдарға арналған жұмыстар да қолға алынуда. Қосымша газ кендерін ашып, ол игерілген жағдайда «көгілдір отынның» көлемі арта түсетініне сенімдімін. Себебі, алдын ала жүргізілген зерттеу нәтижелері «көгілдір отын» қорының мол екенін дәлелдеуде. Тағы бір айта кетер жайт, қос аудандағы газбен қамтамасыз етілмеген елді мекендерге газ құбырларын тарту Үкіметтік деңгейде шешімін таба беретін болады, – дейді Ш.Ибрайымұлы. Облысымыздағы басты өндірістің бірі саналатын Аманкелді газ-кен орнында еңбек етушілердің денінің жергілікті кадрлардан жасақталуына баса мән берілген секілді. Өйткені, мұнда вахталық әдіспен екі ауысымда (15 күн сайын) 140 жұмысшы-қызметкер еңбек етсе, соның 95 пайызы – жергілікті тұрғындар.
Сәулембай Әбсадықұлы, «Ақ жол».
Талас ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді