«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Үміттің Екі жинағы жарық көрді

Үміттің  Екі  жинағы  жарық  көрді
ашық дереккөз
Үміттің Екі жинағы жарық көрді

Талас топырағы ешқашан таланттан кенде емес. «Талас – ақындар мен жазушылардың мекені» деген тіркес бұл күндері жиі айтылады. Жаны бар сөз. Неге десеңіз, Талас ауданынан шыққан қарымды қаламгерлер қатары қалың. Солардың бірі, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Үміт Битенованың жуырда екі жинағы жарық көрді. «Формат-принт» баспасынан шыққан ақынның «Үшаралдың үміті. Мен сүйген жар» және «Шын ғашықтар қосылмайды деген кім?» атты жинақтары көпшілікке жол тартты.

Алғашқы жинақ ғұмырбаяндық түрлі қызықты оқиғалардың жиынтығы десек те болады. Бес бөлімге бөлінген ол кітапта елге танымал ақындардың Үміт туралы әдемі пікірлері, жергілікті қаламгерлердің арнау өлеңдері, журналистердің ақын туралы мақалалары және онымен жүргізген сұхбаттары орын алған. Сондай-ақ, бесінші «Қаз-қалпында» бөлімінде нәзік жанды ақынның жолдасы Ербол Қамбатыров екеуінің басынан өткен қызықты сәттері суреттелген. Айта кету керек, бұл кітаптың алғысөзін жазған ақынның жары, айтыскер ақын Ербол Қамбатыровтың өзі өмірлік қосағы туралы әдемі лебізін білдіріпті. Қысқаша айтқанда, жинақтан аяулы ақын қыз туралы жан-жақты мәлімет алуға болады. Ол сонысымен тартымды дүниеге айналып отыр. Ал екінші «Шын ғашықтар қосылмайды деген кім?» атты жинақта ақын туралы ақынның өзінің жүрекжарды жырлары сөйлейді. Бұл кітап біркелкі ақынның әркездері жазылған өлеңдерімен толыққан. Мұндағы Үміттің лирикалық өлеңдерімен қатар балладалар және арнаулары, әдемі әндері де қалың оқырманның жүрегінен орын алады деп ойлаймыз. Жыр жинағының кіріспесі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қайырбек Асановтың қарындасына деген ілтипатты лебізімен ашылыпты. Ақынның тазалық пен сыршылдыққа тұнған туындылары көпшіліктің қызыға оқитын дүниесіне айналары анық.

Жанғазы АХМЕТ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар