«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Туралықтан таймаған тұлға

Туралықтан  таймаған тұлға
ашық дереккөз
Туралықтан таймаған тұлға

cach++7vBgКөрнекті қаламгер Бейбіт Қойшыбаев туралы бір үзік сыр

Кірпияз да ақсүйек ағылшын халқының «Ең дұрыс саясат – әділдік пен туралық» деген қанатты сөзі бар. Осы анықтаманы танымал тарихшы қаламгер Бейбіт Қойшыбаевтың өмірі мен шығармашылығына қатысты айтуға болар еді. Өйткені, Бейбіт Орынбекұлының азамат ретінде де, жазушы ретінде де өмірлік ұстанымы: туралық, шыншылдық және әділдік. Сол үшін ол талай қудалау мен қысым, қиянат көрді, жазықсыз жапа шекті. Бәрібір Бекең кейбіреулер секілді боркеміктік, осалдық танытпай, ұстанған бағыт-бағдары мен қағидатынан айныған жоқ.

Бұл – біреулердің айтуымен емес, менің өзімнің ол кісімен біраз жыл қызметтес болып қатар жүріп, әріптес аға-іні ретінде араласқанда көз жеткізген шындығым. Бейбіт ағамен мен ең алғаш өткен ғасырдың сексенінші жылдарында «Қазақстан пионері» дейтін газетте қызметтес болдым. Бір тәуірі, о кезде балалар басылымы дегенмен, бұл газеттің ел арасында кәдімгідей беделі бар болатын. Оның бетінде жарық көрген дүниелерді үлкендер де қалт жібермей оқып, көтерген мәселелеріне республикадан бастап, облыс, аудан және жергілікті билік органдарына дейін құлақ асып, тиісті шаралар қолданып отыратын. Газет редакциясында: Тынышбай Рахимов, Дәуітәлі Стамбеков, Бейсенбай Сүлейменов, Алма Үмбетова, Раушан Имашева, Алпысбай Шымырбаев, Сапарбай Парманқұлов сынды – сайдың тасындай қыз-жігіттер қызмет істейтін. Басшымыз, яғни бас редакторымыз Бейбіт Қойшыбаев, қалғандарымыз: жауапты хатшы, бөлім меңгерушісі, аға тілші және тілші деген тәрізді – қарамағындағы қызметкерлерміз. Бәріміз де жаспыз. Үлкеніміз Бекеңнің өзі отыздың бесеуінде, Тынышбай мен Дәуітәлі соған жетеғабыл. Қалғандарымыз жиырма мен отыздың арасында. Басылмаған жастық пен албырттықтың екпіні бар. Арманшылмыз, қиялшылмыз, бастамашылмыз. Жас оқырмандарымыз үшін қызықты да маңызды тақырыптарды көтеруге тырысамыз. Бізден гөрі өмірден көргені, жиған тәжірибесі көбірек Бейбіт ағамыз редактор ретінде жөн сілтеп, бағыт-бағдар беріп отырады. Әлі есімде бір жолы Бекең бізге арнайы тапсырма беріп, газеттің бетінде өз ана тілін менсінбей орысша араластырып сөйлейтін балаларды сынға алған пікірталас ұйымдастырдық. Бұл өзі талайлардың көкейінде жүрген көкейтесті мәселе болғандықтан жан-жақтан хаттар қаптап кетті. Пікірталасқа оқушылар ғана емес, мұғалімдер мен ересек оқырмандар да белсене араласып, қазақ тілінің болашағына алаңдаушылық білдірді. Негізінен мұнда біз әркімнің ана тіліне деген сүйіспеншілігін ояту, тіл тазалағын сақтау сияқты ізгі мақсаттарды көздеген болатынбыз. Алайда, мұнымыз кеңестік тоталитарлық қоғамның қолшоқпары болып, билік тізгінін ұстап отырған жоғары басшылыққа ұнамады. «Балалар арасында мұндай тақырыпты қозғау біздің идеологиямызға жат, интернационализм идеясына қайшы» деп тауып, Бекеңді қысымға алды. Жан-жақты тергеу мен сұрақтардан кейін түсінік жаздырып, екінші қайталамайтындай қатаң ескертумен әрең басылды. Осы сияқты 1980 жылы Қазақ КСР-нің құрылғанына 60 жыл толуы қарсаңында газет бетінде «Күнге бет алған керуен» деген айдар ашып, онда жалынды қызыл революционер Әліби Жангелдин бастаған интернационалдық отрядтың 1918 жылдың қыркүйек-қарашасы аралығында Маңғыстау түбегіндегі Форт-Шевченкодан – Шалқар стансасына дейінгі экспедициясын жазып көрсетпек болдық. Бұл жобаны қолға алып бастаған жаңашыл журналист Сапарбай Парманқұлов «Лениншіл жас» газетіне ауысып кетті де, оны жалғастырып, аяқтауды редакторымыз маған тапсырды. Мен сонда Шевченко (қазіргі Ақтау) арқылы қиян түбек, кәрі Каспийдің жағасындағы Форт-Шевченко қаласына – Баутино айлағына барып, жергілікті тұрғындармен сөйлестім. Экспедицияны көзбен көріп, бар оқиғаның куәсі болған Қызылбаев деген кісі бар екен. Ол кісінің әңгімесінен былайғы жұрт біле бермейтін (мәселен, отрядтың халыққа көрсеткен өктемдігі мен зорлығы туралы) біраз шындықты естіп білдім. Осының бәрін Бекеңе айтып келгенімде үнсіз тыңдап отырып: «Жарайды. Мұның бәрі ішіңде болсын. Бірақ мақаланы қазіргі саясатқа ыңғайлап жаз», – деді. Мен солай еттім де. Әйтсе де менің кеңес өкіметі туралы көзқарасыма күрт өзгеріс енді. Балалар басылымы болса да Бекең кез-келген мақаланы жариялардың алдында оған «мұның жас ұрпақтың дүниетанымын кеңейтіп, көзқарасын қалыптастыруға, тәлім-тәрбиесін жақсартуға қандай пайдасы бар?» деп қарайтын. Және бәрімізге сондай талап қоятын. Енді қарап отырсақ, бас редакторымыз сол кездің өзінде, елдің ертеңгі иесі деп қарағандықтан, жеткіншек ұрпақтың бойына отаншылдық, ұлтжандылық, адамгершілік сияқты қазақтың мүддесіне қызмет ететін асыл қасиеттерді сіңіруге күш салып отырған екен. Бекеңмен біздің жолымыз екінші рет «Білім және еңбек» журналында түйісті. Бір айта кетерлігі, бұл журналды сонау 60-шы жылдары халқымыздың біртуар ұлдары Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан және Орынбек Жәутіковтер: «Қоғамның келешек дамуы ғылым мен техникамен байланысты болады. Сондықтан жастарды осы бастан ғылым-білімге, әсіресе, жаратылыстану, техникалық салаларға баулу керек», – деп Қазақстан Компартиясының алдына арнайы мәселе етіп қойып, тіпті Мәскеуге дейін айтып жүріп ашқызған екен. Соған сай журнал редакциясы алғашқы нөмірінен бастап әлемнің тылсым жұмбақтары мен сан алуан құпиялары туралы жазып, көпшілікті ғылым мен техниканың ең соңғы озық жаңалықтарымен таныстырып, жұртшылық арасында тез танымалдыққа ие болған. Керек десеңіз, кейде саясаттың шеңберінен шығып кетіп, батыл мақалалар басып, жоғары басшылықтан ұрыс пен сөгіс естіп, қатаң жаза да алған. Мәселен, Алаш орда үкіметінің атынан Колчакпен барып келіссөз жүргізіп қайтқан, қазақтан шыққан тұңғыш математик профессор Әлімхан Ермековпен сұхбат жүргізіп, Қазақ халқының шежіресі, жүздік құрылымы жайында материал жариялағаны үшін журналдың бас редакторы Талап Сұлтанбеков қызметінен қуылған. Былайша айтқанда, журнал халыққа жаққанымен, билікке жақпаған. Бар-жоғы жиырма жылдың ішінде төрт-бес редактор ауысқан. Сөйткен атышулы журналдың басшылық тізгінін ұстау бақыты 1980 жылдың аяғында (фантаст жазушы Абдул-Хамит Мархабаевтан кейінен) журналист-жазушы Бейбіт Қойшыбаевқа бұйырды. Мен бұл редакцияға 1982 жылы Мәскеудегі Жоғарғы комсомол мектебін бітіргеннен кейін келдім. Бойда баяғы жастықтың жалын, қызуқандылық, жаңашылдыққа деген ұмтылыс, орталықта оқып, шетелдік жастармен араласып, көрген-білгенім бар. Мұнда да бұрыннан өзім білетін жазушы-журналистер Танаш Дәуренбеков, Әлібек Асқаров, Жүнісбек Пайызов, Қынабай Аралбаев, Алпысбай Шымырбаевтармен тез тіл табысып, редакцияға кірігіп кеттім. Қай редакцияның да алға қойған мақсаты өз газет-журналын қызықты да мазмұнды етіп шығару екені белгілі. Бір жолы бізге ел ішінде ертеден келе жатқан, өзіндік дәстүрі мен тәжірибесі қалыптасқан халық емшілігі, бақсылық-балгерлік жайында мәселе көтеріп, оған білікті дәрігер ғалым, сала мамандарын және жұртшылықты кеңінен тартып, талқыласақ, оның пайдалы жақтарын алып, бүгінгі медицинамен ұштастырып, елдің кәдесіне, игілігіне жаратсақ деген ой келді. Алдымен сондай ізгі ой-мақсатымыздың мәнін түсіндірген шағын алғысөз жазып, «Білім және еңбектің» 1982 жылғы 10-нөмірінде «Халық медицинасы: пікірталасқа шақырамыз» деген айдармен «Бақсылықта құпия бар ма?» деп ортақ тақырып қойып, Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Күзембай Байбосыновтың «Балбике бақсы» атты суреттемесін және Қазақ КСР Ғылым академиясы Ш.Уәлиханов атындағы тарих, археология және этнография институтының ғылыми қызметкері Самат Өтениязовтың «Көне деректерге көз жіберсек...» деген зерттеу мақаласын жарияладық. Мұның алғашқысында автордың Балбике бақсының бойындағы емшілік қабілет-қасиеті және оның зікір салу сеансына қатысқандағы (ешбір алып-қоспасыз) көрген-білгені жазылса, екінші мақалада ХVІІІ ғасырда қазақ сахарасындағы бақсылыққа П.С. Паллас, П.Рычков сияқты саяхатшылардың мән беріп, өз естеліктерінде жазып қалдырғаны, сонан соң оны бурят ғалымы Доржи Банзаров (1823-1855), қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов (1835-1865), бұлардан сәл ертерек ағылшын философы Капрлейл Томас (1795-1881) зерттегені, сондай-ақ, бұл тақырыпқа ХІХ ғасырда Г.Н. Потанин, Ф.Поярков, Ә.Диваев, Б.Досымбеков тағы басқалар назар аударғаны айтылды. Бұған қоса, бақсылықтың көне заманнан келе жатқан емшілік қана емес, көріпкелдік те қасиет екенін дәлелдеу үшін: «V ғасырда ғұндар патшасы Аттилла (Еділдің) айналасында көптеген талантты бақсылар болған. Олар болатын әрбір оқиғаны күні бұрын болжап, патшаға жеткізіп отырған. Мәселен, 451 жылғы тарихта бұрын-соңды болмаған әйгілі қырғын – Каталуния шайқасын алдын ала сол бақсылар құмалақ ашып, болжап, шайқастың тағдырын қандай болатынын да айтып берген. Айтқандары артынан айдай келген...» дегендей деректер де келтірілді. (Иордан.О происхождении и деяниях гетов, Москва, 1960. 104-109 беттер). Шыны керек, біз бұл тақырыпты талқылауға айтулы ғалымдар мен дәрігерлер, осы салаға қатысты басқа да мамандар, тарихшылар, әдебиетшілер, жалпы көпшілік оқырман қатынасып, өздерінің кесімді де дәлелді көзқарас-пікірлерін айтады, сөйтіп пайдалы бір пікірталас туып, соңында ортақ қорытынды жасалады деп күттік. Сөйтсек, онымыз бекер болып шықты. Өкінішке қарай, ел арасында қоламтаны қоздырып, әрнәрседен саяси астар іздейтін жандайшаптар, бұғып жатып, тасадан тас ататын Батыраштар мен Қотыраштар әлі де бар болып шықты. Сондайлардың қоздыруымен болса керек. Бір күндері: «Ойбай не дейсің?! «Білім және еңбек» журналы ескілікті қозғап, баяғы феодалдық заманды аңсап, бақсылық туралы мақала жариялапты. Тіпті, онымен қоймай «халық жауы» Мағжан Жұмабаевтың Қойлыбай бақсы жайындағы жырынан үзінді келтіріпті» деген әңгіме гу ете қалды. Расында да екінші мақаланың бір жерінде: «Ертеде ел бар екен аты найман, Қытайға қалың найман қанат жайған. Қалың найман ішінде – бағаналы, Қазақта бақсы асқан жоқ Қойлыбайдан. Қойлыбай жын жүгендеп, пері мінген, Астында жорғалаған шашты сайтан. Қойлыбай қобыз алса-ақ, қалбалақтап, Қоқаман жетіп келер әлдеқайдан, – деген өлең жолдары келтірілген еді. Имандай шынымыз, біз бұл өлең жолдарының Мағжандыкі екенін білген жоқпыз. Себебі, ол уақытта үлкендер жағы болмаса, кейінгі толқын жастар Мағжан, Ахмет, Әлихан, Міржақып, Жүсіпбектерді білмейтін. Олардың аттары да шығармалары да айтылмайтын. Осыны білетін кейбір асыра сілтеуші, жандайшаптар әр саққа жүгіртіп, «олар мұны біле тұра әдейі жариялаған» дегендей өсек-аяң таратты. Мұндайды күтпеген біз абдырап қалдық. Оқиға бұлай өрбиді деп үш ұйықтасақ түсімізге кірген емес. Обалы не керек, осындай бір пәлекеттің боларын сезді ме, я болмаса 37-ші жылдың зобалаңын есітіп, елуінші жылдардың қуғын-сүргінін шет жағасын көргендіктен бе, ішіміздегі ересек журналистер, үлкен кісілер: – Сол бақсылық-балгерлік дегенді жазбай-ақ қояйық та. Ертең феодалдық байшыл заманды аңсапсыңдар, ескілікті қозғапсыңдар, деп бәле салып жүрер, – деп сақтық танытқан. Оған біз бойдағы қызуқандылық жастыққа тән албырттық әрі аңғалдықпен: «өй, объективті, әділетті турде жазсақ бізге не істейді?!» – деп бой бермегенбіз. Әрі қазір «асыра сілтеп, жазықсыз жазалай беретіндей» баяғы «37-ші жылғыдай зобалаң заман емес қой, біздер «кемелденген социализм» жағдайында өмір сүріп жатырмыз дегенбіз. Сөйтсек, мықтап қателескен екенбіз. «Отыз жеті» мен елуінші жылдардың салқыны мен сарқыншағы әлі жойыла қоймапты. Бұл әңгіме өрши түсіп, ақырында республикадағы бар билікті уысында ұстап тұрған Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне жетіп, ондағылар комсомолдың орталық комитетіне «Білім және еңбек» журналының мәселесін қараңдар, саяси тұрғыдан баға беріңдер, тәртіпке салыңдар!» деген тапсырма берген көрінеді. Айтқандай-ақ, көп ұзамай республика комсомолы ОК бюросында біздің мәселеміз қаралатыны белгілі болды. Біз де жақсылықтан, ақиқаттан үміт үзбей: «бәрін әділетті объективті қарап, ақты – ақ, қараны – қара дейтін шығар, кемшілігімізді көрсетіп, оны түзету жөнінде бағыт-бағдар беретін шығар», деп ойладық. Сондықтан бізді тексеруге жіберген комиссиясының алдына жасаған жұмыстарымызды көрсетіп, барымызды жайып салдық. Жер-жердегі оқырмандардың, авторлардың қолдап-қуаттауымен «Келешек келбеті» деп аталатын, жас мүсіншілер мен суретшілердің туындыларынан тұратын көрме ұйымдастырғанбыз. Оны талайлар көріп, тамашалап тамсанып кеткен. Соны көрсеттік. Бірақ та келген комиссия мүшелерінің іс-әрекетінен және қойған сұрақтарынан біздің жетістігімізден гөрі кемшілігімізді көбірек табуға келгендері байқалып тұрды. Дүниедегі ең жаман нәрсе көрер көзге қиянат көріп, жазықсыз жапа шегу екен. Сондықтан біз де қарап қалмай, «суға кеткен тал қармайдының керімен», өзімізді қорғайтындай дәлелдер іздей бастадық. Бізге жаны ашып, қол ұшын беруге ұмтылған тілектестер де табылды. Біреулерден «Мағжан Жұмабаев 1960 жылы Түркістан әскери округы трибуналының үкімімен ақталған» дегенді естідік. Қателеспесем, ол үкімнің көшірмесін редакцияға Мағжанның туысы, кезінде Түркістан легионында болып, Сібірде жазасын өтеп келген, ақын Хамза Абдуллин ақсақал әкеліп берді. Сондай-ақ, жиырмасыншы жылдары Мәскеудегі Көркем әдебиет институтын басқарған, орыстың әйгілі ақыны Валерий Брюсевтің сондағы бір курстың жетекшісіне Мағжан туралы: «Я Вам посылаю киргизского Пушкина» деп жазған хатын да қолға түсірдік. Біз білмегенімен жұрттың біразы, әсіресе, аға буынның өкілдері Мағжанның ақындығын, өлеңдерін жақсы біледі екен. Бәзбіреулер: Түркістан – екі дүние есігі ғой, Түркістан – ер түріктің бесігі ғой. Тамаша Түркістандай жерде туған, Түріктің тәңір берген несібі ғой, – деп жазған сол ақын ғой, дегенді сыбырлап айтып жүрді. Тіпті, кейбір білетіндердің айтуынша 1969 жылы Мағжанның шығармашылығы жайында «Простор» журналына көлемді материал жариялау әрекеті де болған көрінеді. Бірақ оны өзге емес (қазір атын айтсаң, жүзің ұялатын), өзіміздің атақты жазушыларымыз Орталық Комитетке «ойбай-ау, ол халық жауы ғой!» деп, шағым түсіріп, «аттандап» жүріп, мақаланы шыққалы тұрған жерінен алдыртып тастапты. «Бір жоқты бір жоқ табады» деген. Біз ойламаған жерден бұрын-соңды білмей келген Мағжан ақынды танып, ол туралы біраз жайттарға қанықтық. Әрине мұның бәрі қазір айтуға оңай. Бұл оқиға кезінде біздің талай уақытымызды алып, жүйкемізді әлденеше есе жұқартты. Жұмыстың да берекесі кетті. Баяғы жастық құлшыныс пен энтузиазм су сепкендей басылды. Дегенмен, басымызда «қара бұлт үйрілген» сол бір күндерде бас редакторымыз Бейбіт Қойшыбаевтың жас та болса үлкен ұстамдылық пен төзімділік танытуы, бәрімізді сабырлылыққа шақырып отыруы жігерімізді жасытпай, үмітіміздің сөнбеуіне ықпал етті. Сөйтіп, не керек, ақыры «Білім және еңбек» журналының мәселесін, яғни жастар мен жасөспірімдерге коммунистік тәрбие беруде жіберген кемшіліктері бойынша Қазақстан комсомолы орталық комитетінің бюросында тайлы-таяғымызбен шақырып қарады. Бірінші хатшы Серік Әбдірахманов дейтін азамат. Әрине, бүгінгі күннің деңгейінен «өйту керек еді, бүйту керек еді» деп айта беруге болар. Бірақ ол кезде де төменнен бастап, жоғарыға дейін басшының қай-қайсысы да жүйенің ымырасыз орындаушылары болды. Қазір де сол әдеттен арылдық, мүлде аулақ кеттік деп айту қиын. Сондықтан оған да жоғарыдан сондай «тапсырма» берілген болуы керек. Өйткені, ол уақытта комсомол партияның сенімді серігі, лайықты резерві ғана емес, айтқанын екі етпей орындайтын қолғанаты әрі қолбаласы-тын. Ал, партияның тапсырмасын орындамау өзіңді оққа байлаумен бірдей. Ер-тоқымың сыпырылып, көшеде жұмыссыз қалуың оп-оңай. Бюро мүшелері де біздің мәселемізді қарауға «тас түйін» дайындалған екен. Іштерінде қазақша біліп, журналды түсініп оқитындары бар, оқымайтындары бар бірінен соң бірі шығып, қызына сөйлеп, әрбір ісімізден кемшілік, ілік іздеп тауып, бізді қаралап жатты. «Коммунистік тәрбиеге жат, қайдағы бір бақсылықты жазып нелерің бар, Мағжан Жұмабаев деген «халық жауының» өлеңін қайдан алдыңдар, оны сендерге кім берді, біле тұра әдейі бастыңдар», деп кінәлады. «Мағжан Жұмабаев 1960 жылы Түркістан әскери трибуналының үкімімен ақталған екен» деп, ақтау қағазының көшірмесін көрсеткенімізде олар: «бұл нағыз саяси ақтау емес, жәй азаматтық ақтау» деп тойтарып тастады. Аңғалдық әрі тәжірибесіздік қой, біз бұған кәдімгідей тосылып қалдық. Артынан анықтап білсек «ақтау» (реабилитация) «саяси» және «азаматтық» деп бөлінбей біреу ғана болады екен. Мағжан Жұмабаев саяси көзқарасы үшін сотталған және сол бойынша ақталған болып шықты. 1981 жылы Қазақстанның Ресейге қосылуының 250 жылдығына орай, осы оқиғаны алға тартып, журналдың бетінде Абылайхан мен Әбілхайыр жайында материалдар беріп, суреттерін жариялағанымыз да «саяси қателік», яғни кінә болып тағылды. «Біз олардың прогрессивті жақтарымен қатар, кемшіліктерін де сынап көрсеттік» дегенімізді қаперлеріне де алмады. «Сынап жетістіріпсіңдер, жұрт олардың суреттерін журналдан қиып алып, ұлықтап үйлерінің төрлеріне іліп қойыпты», десті. Бізді қаралаушылар қыза-қыза келгенде «журналдың аты затына сай емес, «Білім және еңбек» болғандықтан мұнда 50 пайыз білім, 50 пайыз еңбек туралы жазылуы керек» дегенге дейін барды. Осыған байланысты бас редакторымыздың «журналдың аты солай бейнелі түрде қойыла береді, мәселен Мәскеуден «Огонек» дейтін журнал шығады, бірақ ол от туралы жазбайды, ал Қазақстанда «Жұлдыз» дейтін журнал бар, ол да жұлдыздар жайында жазбайды» дегені бюро мүшелерінің шамына тиіп, ызасын келтірді. Олар бұрынғыдан да өршеленіп, жағдай ушығып кетті. Бюроға бізбен бірге басқа да жастар мен балалар басылымдарының редакторлары, республикамызға танымал, атақтары дардай ақын-жазушылар қатысып отырды. Әншейінде адуынды, кеуделерін соғатын сол аға-апаларымыз әділін айтып, бізге ара түсетін шығар десек, қайта бұқпантайлап, бастарын құмға тыққан түйеқұстай «сен тимесең, мен тименге» көшіп отырды. Тіпті, кейбіреулері балағымыздан тартып, «ойбай, отыр, үндеме!» деп аузымызға қақпақ бола берді. Үлкендер мұндайды аңғалдық, балалық деуші ме еді. Сол айтпақшы, біздікі шын балалық және аңғалдық екен. Өзімізше қисынды пікір, орынды дәлел айтсақ құлақ асатын шығар деп жүрміз ғой. Сөйтсек, онымыздың бәрі бос әурешілік болып шықты. Жоғарыдан бәрі алдын ала кесіліп, мәселе шешіліп қойған екен. Ұзын сөздің қысқасы, комсомолдың бюросы «журналдың ұстанған бағыты дұрыс емес, жастарға коммунистік тәрбие беру ісінде саяси жағынан дөрекі қателіктерге жол берген» деген қорытындыға келіп, бас редакторымыз Бейбіт Қойшыбаевты қызметінен босатты да, қалғандарымызға бір-бір сөгісті арқалатып жіберді. Осымен іс бітті деді. Басты төмен салып, ұнжырғамыз түсіп бюродан шығып жүре бердік. Мен өзім әлі күнге ұмытпаймын. Басымызға бұлт үйіріліп, теперіш көрген сондай бір қиын сәтте, көрнекті қаламгер сыншы, қоғам, мемлекет қайраткері дәрежесіне дейін өскен, аяулы азамат Сағат Әшімбаев ағамыз біздерге кісілік пен парасаттылықтың биік үлгісін көрсетті. Еңсеміз түсіп, жігеріміз құм болып тұрған сәтте бәрімізді жинап алып: – Әй, жігіттер, кешке Бейбіттің үйіне барайық, – деді. – Ат үстінде, қызметте жүргенде жаныңнан шықпайтын жағымпаздар көп болады. Қызметтен түстің бе, ондайлар зым-зия жоғалады. Біз адамдық қасиетімізді сақтап, азаматтың жанына жалау болып, көңілін аулап қайтайық. «Лениншіл жас» газетінде жүргенде мұндай әділетсіздікті мен де бастан кешкенмін, – деді. Айтқандай-ақ, Сағат аға бас болып, Бекеңнің үйіне барып, басу айтып, түннің бір уағына дейін отырып қайттық. Адам бәріне шыдағанымен, әсіресе, қиянат пен әділетсіздікке шыдай алмайды екен. Елдің арасында біздің журнал туралы неше түрлі қауесет, алып-қашпа әңгіме тарады. Біреулер: «өздеріне де сол керек, бақсылықты жазып, «халық жауының» өлеңін жариялап несі бар» десе, енді біреулер: «бұл өзі әу бастан ұлтшылдық, керітартпа бағыттағы журнал, бұған өмірі басшы құтайған емес» десті. «Шешінген судан тайынбайды». Көрер көзге жасалған қиянатқа төзе алмай біз ұжым болып, төрелік сұрап Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне, тура Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өзіне шағым хат жаздық. Өйткені, жұрттан ол кісінің алдына барған адамның меселі қайтпайды, қолына тиген арыз-шағым қараусыз қалмайды дегенді еститінбіз. Кеудеміз бен көкейімізде сондай сәулелі үміт пен сенім болды. Көп болып, ұжымның атынан жазылған соң ба, сәл күннен кейін-ақ «дұрыстап дайындалыңдар, сендерді Қонаевтың өзі қабылдайды» деген сөз шықты. Біз бойымызды-ойымызды түзеп, айтатын сөздерімізді пысықтап, ол кісінің алдына кіргенше әрі қуанып, әрі қобалжып жүрдік. Бірақ бер жақтағы жандайшаптар бізді барынша үлкен кісінің алдына жібермеуге тырысып бақты. Ақыры дегендеріне жетіп, бізді Димекең емес, идеология жөніндегі хатшы Кәкімжан Қазыбаев қабылдайтын болды. Бұған да шүкір дедік. Себебі, ол кісі біздің аға буын әріптесіміз. Бұған дейін ҚазТАГ-тің директоры болған. Алматы облыстық «Жетісу», республикалық «Лениншіл жас» газеттерінде қызмет істеген. Сондықтан мәселенің ақ-қарасын айтатын шығар деп үміттендік. Бірақ ол кісі де бізді ренішпен қарсы алды. Ортамыздағы үлкендеріміз Танаш аға Дәуренбеков пен Жүнісбек аға Пайызовты бұрыннан таниды екен. Олардың әрқайсысының журнал редакциясында қанша уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқандарын сұрады. – Жоқ жерден проблема тудырып, елді бұлай шулатқандарың дұрыс емес, – деді ол тұнжырап отырып. Сонан соң журналдың бетінде жіберген «біраз кемшіліктерімізді» тізбелеп шықты. – Партиялық жетекші басылым «Социалистік Қазақстанның» өзі «январь», «февраль», «март» деп жатқанда, сендер бүйректен сирақ шығарып: «қаңтар», «ақпан», «наурыз» деп жазасыңдар, – деді. Ұзын сөздің қысқасы бұрынғы бас редакторларыңды қызметіне қайтара алмаймыз. Орнына жақында бір білікті азамат барады. Сол бәрін түзеп, қалпына келтіреді», – деп қорытты. Шамалауымызша, бұл кісі де әділетсіздіктің болғанын, асыра сілтеудің орын алғанын – бәрі-бәрін біліп, көріп отырса да сол кездегі жүйенің, биліктің ықпалынан шыға алмады. Есесіне республиканың бірінші басшысы Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев Бейбіт Қойшыбаевтың СОКП Орталық Комитетіне жазған арызына орай, өзі қабылдап сөйлесіп, тікелей «Социалистік Қазақстан» газетіне бөлім меңгерушісі етіп жіберді. Ақиқаттың әр кезде де кешігіп келетініндей, бұл да болса көңілімізге кішкене демеу болып, біздің шындық іздеп, шырылдап жүргеніміздің бекер емес екеніне жұрттың көзі жеткендей болды. Дегенмен, басымызға күн туған сол бір қиын-қыстау күндерде бірге жұмыстас болған біз – үлкен-кіші әріптестері жазушы-журналист Бейбіт Қойшыбаевтың бойынан туралықтан, әділдіктен таймайтын күрескерлік қасиетті танып білдік. Мұнан кейін де Бейбіт Қойшыбаев Қазақ КСР Жоғары Кеңесі Төралқасының кеңсесінде қызмет істеген тұста партия жиналысында 1986 жылы желтоқсанда көшеге шыққан жастарды жақтап сөйлегені үшін, қуғын мен қысым көрді. Мұнда да «жауырды жаба тоқитын» асыра сілтеушілер табылып, партиялық қатаң сөгіс бергізіп, қызметтен шеттеттірді. Алайда, Бекең оған мойымады. Өзінің шығармашылығын да күрескерлігін де жалғастыра берді. Мен өзім кейде: «Бейбіт ағамыз бойындағы білім, талант қабілеті, артық сөзге бармайтын ұстамдылығы, сабырлылығымен кейбіреулер секілді басшылардың ыңғайына жығылып, «бетегеден биік, жусаннан аласа» болып жүре бергенде биліктің баспалдағымен біраз жерге барып, талай лауазымды қызметтерді атқарар еді-ау» деп ойлаймын. Бірақ, өйтіп өзінің ұстанымынан айну, мықтының ыңғайына жығылу – Бекеңнің болмысы мен табиғатына жат еді. Өкініштісі сол біздің жәдігөй қоғамда адамдар атқарған лауазымды қызметіңе қарай қарым-қатынас жасап, соған сай сый-құрмет көрсетеді. Сондықтан да жұрт амалсыз жоғары қызметтерге ұмтылып жатады. Бір тәуірі Бекең дырдай министр не әкім болмағанымен ел-жұрт танитын, зиялы қауым бағалайтын, өзіндік көзқарасы бар қаламгер тұлға болып қалыптасты. Бүгінде санамалап қарасақ, жазушы Бейбіт Қойшыбаевтың қаламынан туған: «Ай нұры», «Алтын діңгек», «Біз табысар қиырлар», «Дүние-кілт», «Сен ғана», «Қарқара», «Әділет» туымен ширек ғасыр», «Жазықсыз жапа шеккендер», «Әлихан Бөкейханов, «Бақытжан Қаратаев», «Саттар Ерубаев», «Рух», «1905 жыл», «Сұлтанбек Қожанов», «Жастық шақ жырлары» т.б. отыздан астам кітап жарық көріпті. Аттарынан да аңғарылып тұрғандай мұның бірқатары тарихи-танымдық тақырыптарға арналған. Әрине, әдеби шығармаларының айтар ойы, көтерген идеясы және көркемдік деңгейі, ал тарихи туындыларының нақты деректер мен мәліметтерге құрылғандығы, жазған дүниелерінің сондай құндылықтарымен оқырман жүрегінен жылы орын тапқаны өз алдына бөлек әңгіме. Ең бастысы, бұл еңбектердің қай-қасысынан да автордың жазушылық кредосы, азаматтық ұстанымы, өмірлік қағидаты, туралық пен шыншылдығы байқалады.

Әшірбек Маханбетқұлұлы, журналист.

Алматы.

Ұқсас жаңалықтар