Қай жылдары, қай басшының тұсында қалыптасқанын қайдам (әлде туа бітті, қанмен сіңген қасиет пе екен?), әйтеуір, Сәукеңнің бойында мені таңғалдыратын ерекше бір білімдарлық бар. Онысына ізденімпаздығын қосыңыз. Ал тектілік пен дегдарлық, зиялылық пен сыпайылық, сабырлылық пен сақылық сықылды қадір-қасиеттері өз алдына бір төбе. Сәукеңнің басты байлығына айналған осы ерекшелігін қаншама жылдардан бері кірпік қақпай қорғап келе жатқан тоғыз қабат торғауыты не дейсіздер ғой? Ол – қарапайымдылық. Әлбетте, сырт қараған жанға томаға-тұйықтау көрінуі бек мүмкін, бірақ оның жан сырына үңіліп, түсіне білетін адамдар нағыз әдебиетшілерге тән әңгімешіл, тіпті, ұрымтал әзіл-қалжың мен тапқыр сөзден де кенде емес екенін байқап жүр.
Әңгімені де осы қарапайымдылығынан бастайын. Қай жылы екені есімде жоқ, әйтеуір, Сәукеңнің министр боп тұрған кезі, Астанаға бардым. Мақсатым министрге жолығып, шаруа айту. Шаруам да оңай емес - Алматыдағы Абай мен Гагарин көшесінің қилысындағы баспа үйінің ащы ішектей шұбатылған ұзыннан ұза-а-ақ дәлізіндегі тар құжыралардың бөлмелеріне орналасқан ірілі-ұсақты басылымдардың біріне «бастық» болу. «Үйдегі бағаны, базардағы нарық бұзар» деген, әрине, менікі көңіл, яғни құрғақ қиял.
Ол кезде министрлік астаналықтар «Зажигалка» деп атап кеткен аспанға ұмсынған зәулім ғимараттың ең жоғарғы қабаттарының біріне орналасқан болатын. Кіреберістегі қыз-келіншектер қызметтерінің талабы бойынша қайдан және кімге келгенімді сұрады. «Жас Алаштың» Жамбыл облысындағы меншікті тілшісі екенімді, Ақпарат министріне келгенімді айттым. Олар телефон арқылы жоғарғы қабаттағы әлдекіммен тілдесті де (министрдің қабылдау бөлмесіндегі хатшы қызбен сөйлескен шығар), төлқұжатымның заңды екенін көріп, қай қабатқа көтерілетінімді түсіндірді. Көп ұзамай министрдің қабылдау бөлмесінде, одан министрдің қарсы алдындағы орындықта отырдым. Бұрын жазғандарын оқығаныммен, жүзбе-жүз отырып сөйлескен кісім емес, «Қалай қабылдар екен?» деген күдікпен қорқасоқтап кіргем. Бірақ, бақытыма орай, менің қиялымдағы мекіренген министрлердің ауылынан емес екен. Бөлмесі де сондай қарапайым. Сөзі де, ықыласы да жылы. Кәдімгі қыстан қалған қасаты қарды сел-сел ғып жіберетін алтынкүректің лебіндей ізгі ілтипатқа тап болдым. Айтқан әңгімесі де, берген ақыл-кеңесі де ойымнан шықты. Ол кезде Жүсіпбек Қорғасбек, Қали Сәрсенбай бәріміз «Жас Алаштамыз», ал оның – оппозициялық басылым ретінде енді-енді «азуын» ақсита бастаған тұсы болатын, сондықтан ағайымның ақылы: «есіміз барда «елімізді» табуымыз керектігіне» кеп сайды. Ол ақылын кейбір басшыларға тән айғаймен, аттанмен емес, өзіне тән сыпайы, сырбаз мінезімен басын бір жағына қисайтыңқырай отырып, асықпай, аптықпай нақты дәлелдермен майдан қыл суырғандай жеткізді. Жұмысбасты боп бір жаққа асығып отырған немесе қағазбасты боп, үстеліне шұқшия түскен бөтен-бөгде кейіп танытпады. Ол үшін сол сәттегі жұмыстың ең үлкені – оппозициялық басылымдарда жүрген талантты журналистерді мемлекеттік басылымдарға тарту сияқты көрінді. Ал енді ауылдан Астанаға ат арытып келген шаруама, яғни «Мен де бастық болып көрсем қайтеді?» деген құрғақ қиялыма келсек, көкем көңілімді су сепкендей басты да тастады. Ақылы алтын сауытына айналған ағайымның жетеме жеткізуі бойынша, Алматыдағы Абай мен Гагарин көшесінің қиылысындағы баспа үйінің ащы ішектей шұбатылған ұзыннан ұза-а-ақ дәлізіндегі тар құжыралардың бөлмелеріне орналасқан ірілі-ұсақты басылымдардың біріне «бастық» болмақ тұрмақ, тіпті, «болсам» деп те қиялдауыма болмайды екен. Менің орнымда басқа бір жалған намыстың құлы болса бұл сөзге намыстанып, ашуланатын-ақ жайт, бірақ мен Сәукеңнің тауып айтқан сөзіне рахаттана күліп жібергем. Өйткені, өзім шығармаларын қатты құрметтейтін бір атақты қаламгер көкем тұрғанда мен көксеген орын, шынында, армандаудың өзі ұят саналатындай әрекет екен. Не керек, сол жолы қиялыма қолым жетпесе де ауылға марқайып қайттым. Өйткені, Астанаға барып тұрып, министрге жолыға алмай қайтып жатқандар қаншама?!. Арада бір-екі жыл өткен соң Астанаға тағы жолым түсті. Бұл кезде Сәукең «Егемен Қазақстан» газетіне басшылыққа тағайындалған. Яғни, «Зажигалкадағы» министрлік орнында болғанымен, министр басқа. Бірақ, көзді ашып-жұмғанша министрдің қарсы алдындағы орындыққа отыруға дәнігіп қалған мен, анадайдан менмұндалап тұрған «Зажигалкаға» такси ұстап жетіп барайын. Тағы да кіреберісте отыратын қыз-келіншектер қарсы алды. Тағы да сол баяғы сұрақ-жауап. Ойымда ештеңе жоқ, қалтамнан төлқұжатымды шығарып жатқанымда телефондағы келіншек: - Министрдің қабылдауына алдын ала жазылып па едіңіз? - деп сұрағаны. - Жоқ, - дедім, - біреу төбемнен мұздай су құйып жібергендей сүмірейіп. - Онда қабылдай алмайды. Өзім алыстағы ауылдан бүгін келсем министрдің қабылдауына қалайша алдын ала жазылмақпын? «Жас Алашта» бірінен соң бірі шығып жатқан мақалаларым мен аты-жөнім қай министр үшін де алдын ала жазылмай-ақ кірудің кілті емес пе еді деген ойымен салым суға кетіп, ауылға оралдым. Құлазыған көңілімнің көгінде экс-министр Сәукең тұрды аспандап. «Ә, кімнің кім екенін енді түсіндің бе?!.» дейтін сияқты сыпайы ғана жымиып. Кейін Сәукеңнің қарамағына қызметке келдім. Мұның да тарихы бар. Біздің жақта: «Егемен Қазақстан» газетінің Жамбыл облысындағы меншікті тілшісінің орны босайды екен» деген сөз шығысымен-ақ Парламент сайлауының алдындағы қызу талас-тартыс сияқты бір бәсеке басталады да кетеді. «Үміткерлердің» саны алғашында бір-екеуден басталып, күндер өте келе онға жетеді. Бәрінің де «көкелері» мықты: біреуі атақты жазушы, енді біреуі министр, енді біреуінің ағасы тағы бір жерді «тіреп» тұр дегендей... Менің ағам да, көкем де... жазуым. Тараздың төңірегін түртінектеп жүрсем де талайға танымалмын. Соған сеніп Астанаға тарттым. «Қызылорда-Көкшетау» пойызынан түсе сап, «Егемен Қазақстанға» келсем, президентіміз Сәукең бір шетелдегі симпозиумға кетіпті де, бар жауапкершілік Жанболат ағаға қалыпты. Ол кезде вице-президент Жанболат аға да, бас редактор Ержұман Смайыл аға болатын. Сондықтан, Жанболат ағама мақсатымды айттым, арманымды ақтардым. «Жас Алашта» жаманды-жақсылы еңбек еттім, енді бұрын қызмет істеп кеткен жеріме, яғни «Егемен Қазақстанға» қайта келсем» дедім. Жанболат ағаға да жамбылдық «үміткерлердің» біразының хабары жеткен екен, «Келіп жатыр, - деді, - біреуінің көкесі, біреуінің жәкесі. Бірақ, ешқайсысының өзін де, сөзін де (мақалаларын дегені) білмеймін. Ал сені білем. Бірақ, вице-президент деген атым болмаса менің қолымнан кадр мәселесін шешу келмейді, ол Сәукеңнің құзырында...» деді. Сол сәтте Сәукеңнің министр боп тұрған кезінде жылы қабылдағаны есіме түсіп, «ол кісі мені біледі» деп жіберіппін. «Олай болса Сәукең оралған соң осындай да осындай үміткерлер келіп жатыр, қайсысына тоқтайтыныңызды өзіңіз айтыңыз деп» жеткізермін деді Жанболат аға. Кейін естідім, сөйтсем, сыртта жүрсе де газетпен хабарласып тұратын Сәукең меншікті тілшінің бос тұрған орны не боп жатқанын сұрапты. Жанболат ағамыз бір топ үміткермен бірге менің де атымды атайды. Сәукең ары ойланып, бері ойланып, менің аты-жөніме тоқталыпты. Шерхан Мұртаза ағамыз «Лениншіл жас» газетіне бас редактор болып тұрған кезде Маңғыстаудан Фаризаны, Өскеменнен Оралханды, Қарағандыдан Ақселеуді, Шымкенттен Мұхтарды (Шаханов) «тапқанындай», мен де Сәукең мен Жанболат ағаның арқасында «Егемен Қазақстанға» екінші рет оралдым. Мұның бәрі адамның адамгершілігі тұрғысындағы әңгіме ғой, ал енді жоғарыда санамалағанымдай Сәукеңнің бір шоғыр жақсы қасиеттері туралы таңға айтып тауыса алмайсыз. Кейбір бас редакторлар бастық болғанның жөні осы екен деп, оқу, іздену, жазу дегенді мүлде қояды. Мүлде қоймағандары, «мен де бірдеңе жазбасам ұят болар» дегендіктен ара-тұра болса да шатпаққа ұрынады. Ал Сәукең қай құрлық, қай мемлекетте жүрмесін, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінен, аузымен құс тістеген саясатшылардан, атақты мәдениет және өнер иелерінен, тасы өрге домалаған кәсіпкерлерден сұхбат алып, мақала жазып келуге де үлгереді. «Егемен Қазақстан» газетінің «брендіне» айналған «Әлемге әйгілі» айдарымен жазылған танымдық мақалалар цикілінің тағылымы қандай керемет десеңші, шіркін. Мысалы, осы айдар арқылы елдің білсем екен, оқысам екен деп он ойланып, жүз толғанып, бірақ жеме-жемге келгенде соны іздеуге мойны жар бермей жүрген тақырыбы үйіне өз аяғымен келіп тұрады. Осы шығармашылық жобаның да, мақалалар циклінің авторы да Сауытбек Абдрахманов! Кездесулерде ардагерлердің осы айдардың үзілмеуін, онда әлемге белгілі мынандай ғажайыптар, анандай тұлғалар туралы жазылғанын қалайтынын өтінгенін өз құлағыммен естігенім бар. Газет басшысына бұдан артық қандай баға керек! Ондайда Сәукең асықпай-аптықпай: «Ол туралы жазылған, Сіз байқамай қалғансыз ғой, ол мына жылдың, ана айындағы санында еді» деп тәптіштеп, түсіндіріп береді. Бір жолы облыстық мәдениет басқармасының бастығымен кітап туралы басталған әңгімеміз Сәукеңе ойысып кетті. Реті келген соң мен Сәукеңнің көп оқитынын, кітапқұмарлығын айтып жатырмын. Сол кезде ол да мені қоштай кетті. «Иә, ол бір жолы Таразға келген сапарында менен бір кітап туралы сұрады, мен кітапханашылардың бастығына шығып ем, әлгі сұраған кітабы бар екен, алдырып бердім» деді. Басқарма бастығы бірақ сол кітаптың құтты орнына қайтып оралатынына күмәнді болыпты. Өйткені, Астана мен Алматыдан келетін небір «оқымысты» дөкейлер алған кітабын қайтару былай тұрсын, сол қылығына кешірім сұрауды да білмейтін көрінеді. «Ал сенің бастығың оқып, керектісін жазып алған соң, түу сонау Астанадан бір кісіге аманаттап, беріп жіберіпті» деген басқарма бастығы. Мінекейіңіз, Сізге зиялылықтың, сыпайылықтың, сақылықтың үздік үлгісі керек болса! Сауытбек Абдрахманов туралы бүгінгі жас министрлерге, жас редакторларға, жас журналистерге, жас кітапқұмарларға ғибрат болатын көп әңгіме айтуға болады. Мысалы, қай қаламгер қазақтың арғы-бергідегі ақындарының басын қосып екі томдық авторлық антология шығарды. Ол бүгінде «Абдрахманов антологиясы» деген атпен әдеби «айналымға» енді. Ақындар алғысына ие болды. Қай қаламгер орыс ақыны А. С. Пушкиннің поэзиясын С. Абдрахмановтай шұқшия зерттеді. «Қай қаламгер...» деп тізе берсек, әрине, оны толық аяқтап шығу үшін әлі де ондаған беттерге қалам тарту керек екені даусыз. Өйткені Сәукең, Сауытбек Абдрахманов бүгінгі қазақ зиялыларының ішіндегі өз жолын салып, өз мектебін қалыптастырған қабырғалы қаламгердің бірі. Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Өмір өткелдері» деп аталатын сұхбат кітабын (Назарбаев Н. Ә. «Фолиант» баспасы, 2015) шынайы шығармашылық адамына тән аса зор жауапкершілікпен, бірақ жұртқа түсінікті қарапайым тілмен жеткізу үшін де Сәукеңнің барын салғаны көзі қарақты оқырманға бірден аңғарылады. Әсілі, бұл кітап туралы алдағы уақытта бөлек жазған дұрыс шығар. Айтпақшы, мақала мазмұнындағы «еркіндікке» қарап Сіздер мені Сәукеңмен еркін сөйлесетін «ерке» екен деп ойлап қалмаңыздар. Өзінен сегіз жас кіші болсам да Сәукең маған «Сіз» дейді. Тапсырма берсе сөзін «...сүйтерсіз», «...көрерсіз», «...жазарсыз» деп, өте сыпайы аяқтайды. «Ымды түсінбеген, дымды түсінбейді», сосын біз де осы жарасымды «сіз», «бізді» бұзбай, ара қашықтықты сақтап, онша арсалаңдай бермейміз. Мағауинше айтсақ, осымен тәмәт тамам. Бірақ, әзірге дей тұрайық. Өйткені, Сауытбек мектебі туралы салмақты, салихалы сөздер тасқыны әлі алда!
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
Тараз қаласы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Қаратау қаласында биыл 17 балалар ойын алаңшасы ел игілігіне берілді
- 6 желтоқсан, 2024
«Әйелдер көшбасшылығы» тақырыбында семинар өтті
- 28 қараша, 2024
Адвокаттық сауалдан бас тартудың салдары қандай?
- 26 қараша, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді