Мойынқұм – жері ұлан-ғайыр, шөбі шүйгін, оты мол, мал өсіруге қолайлы өңір. Мұнда кейінгі кезде мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру нәтижесінде мал басы көбейіп келеді. Әсіресе, асыл тұқымды мал өсіруде «Мойынқұм Агро» және «Түрікпен Агрофирмасы» ЖШС-ларының филиалдары ерекше белсенділік танытуда. «Мойынқұм Агро» серіктестігінің филиалына аудан аумағынан 14381 гектар жайылымдық, 457 гектар суармалы жер бөлінген. Серіктестік ет және сүт бағытындағы мүйізді ірі қара өсіреді. Кеңес ауылдық округінің аумағында 3 мың басқа арналған ірі қара бордақылау алаңын салуға – 1 миллиард 200 миллион, мал алуға 700 миллион теңге несие алу үшін әрекет жасауда. Малды өз төлі есебінен өсіретін шаруашылық ет және сүт өндірумен қатар келешекте айналасындағы ұсақ шаруа қожалықтарын ірілендіруді жоспарлауда. «Түрікпен Агрофирмасы» ЖШС-ның филиалы «Құлан» бағдарламасы бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы несиеге – 500 миллион теңгеге 1700 бас жылқы, 450 миллион теңгеге 5 мың бас мүйізді ірі қара сатып алмақ. Алынған несиенің бір бөлігіне 1065 жылқы және 602 бас қалмақ тұқымды мүйізді ірі қара сатып алынды. Жылдың аяғына дейін Ресейден тағы да 1000 бас қалмақ тұқымды мүйізді ірі қара әкелінеді. Серіктестік 150 миллион теңгеге 20 қора және малшылар отыратын 20 үйдің құрылысын жүргізуде. Қазірге дейін 8 қора пайдалануға берілді. Малшыларға арналған 2 отбасы тұратын 20 үйдің 8-і бітті. Бұл жұмысқа 45 адам және 9 техника жұмылдырылған. Агрофирмалар қарамағындағы малды өз төлі есебінен көбейтуді көздеуде. Ұрғашылары – өсімге, ал еркек мал бордақыға қойылады. Пайдалануға берілген қора-жайлардың басында қажетті жемшөп қоры жасақталған. Шалғайдағы малшылардың үйлеріне күн сәулесінен қуат алатын панельдер орнатылған. Оларға жалақы да жақсы төленеді. Серіктестіктер мал өсіруге негізінен жергілікті азаматтарды тартуда. Олар келешекте көздеген мақсаттарына қол жеткізетін болса, Мойынқұм өңірі асыл тұқымды мыңғырған малға толады. Мұның өзі елімізде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге игі ықпалын тигізері анық.
Бауыржан Жақсымбетов, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді