«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Нұрымбек Жанділдиннің өкініші

Нұрымбек  Жанділдиннің  өкініші
ашық дереккөз
Нұрымбек Жанділдиннің өкініші

Жанділдин кесіп сөйлейтін қызуқанды, өткір адам еді ғой, әлгідей деген соң тағы да: «Біз итпіз ғой, итпіз, адам емеспіз», – деп кіжінді. «Сол ісіме әлі өкінемін, бәлкім, өмір бақи өкі­ніп өтетін шығармын», – деп те нығарлады.

534cec67e3ac0ZhandildinКеңестік кезеңде екеуінің де Орталық партия комитетінің идеология жөніндегі (бірінен соң бірі) секретары боп, мәскеулік қырағылардың көз қырында жұмыс істеу тіпті де оңай болмаған Нұрымбек Жанділдин мен Саттар Имашев туралы былтыр жазда «Түркістан» газетінде жарияланған көлемді мақаланы бірқатар газет-журнал басшылары «қазір тираж аз, біздің оқырманымыз басқа, солар да оқысын» деген уәжбен автордан сұрап алып, (көшіру емес) біразы сол замат қайталап басты. Біразы таяуда шығады. Бәріне алғыс. Пікір айтқандар көп болды. Нақты факт, бұлтартпас айғақтармен айтылған кей кереғарлықтар жөнге келіп, ғайбат-жалаға тосқауыл қойылды. Жекелей таныс-білістігі жоқ, бірге қызметтес болмаған қос қайраткердің базбір пендешіліктерін де жасырмай, жақсы істері жайлы біршама даусыз пікірлер ортаға салынды. Бұрынғы партия, Совет органдарында жауапты қызмет атқарған ардагерлер, ғалымдар алғыстарын білдірді. Белгілі жазушы, марқұм Дидахмет Әшімханов «Алматы ақшамында» Жанділдин домбыраға қырын қараған емес деп, өзі білетін дәлел-дәйектерді ортаға салды. Әл-Фараби атындағы университеттің профессоры Әнуар Тарақов: «Сол мақалаға дейін Жанділдинді ұнатпаушы едім, оқыған соң жақсы көріп кеттім», – деп ағынан жарылды. Ондайлар көп. Бәрін бірдей жіпке тізу шарт емес. Тек... Өткенде аты-жөнін атамауды өтінген (себебі төменде айтылады), бұрын үлкен лауазым атқарған бір азамат: «Саған Жанділдиннің өз құлағыммен естіген бір сырын айтсам бола ма?» – деді жанамалай сөйлеп: «Ол не, айтыңыз», – дедім әрине. «Қысқаша былай. Жанділдин мен Имашев туралы жазғаның маған да ой салды. Олар да адам. Дұрыс та, бұрыс та жақтары болатыны (болғаны) заңды. Бірақ, еңбектерін біржола тәрк етуге ешкімнің қақысы жоқ. Оның үстіне, олар өздеріне сын көзімен қарай білген адамдар. Осы ірілік пе, жоқ па? Сені қайдам, меніңше, іріліктің көкесі. Соған бір мысал... Орталық партия комите­тінде істейтін кезім. Бірде әлдебір шаруамен алдын ала телефон соғып, шет тілдер институтының ректоры Нұрымбек Жанділдинге бардым. Ол жылы қарсы алып, «таза ауаға барайық» деген соң, тысқа шығып, іргедегі Весновка өзені бойымен жоғары өрлей жүріп әңгімелестік. Оған себеп, екеуміздің о бастан сөзіміз жарасып, тату болғанымыз еді. Көп нәрсе қозғалды. Солардың ішінен мына бір айтқаны әлі күнге есімде. Соны айтайын да қояйын. «Өзің білесің, 1964 жылы қара күзде бұрынғы бірінші босап, орнына Қонаев сайланды, – деді Нұрекең. – Бұл – енді жаңа басшы бәрін болмаса да, «бұрынғылардың» біразын босатып, айналасын жаңартады деген сөз. Олардың ішінде менің де болатыным анық. Тағы да біреулер. Сондықтан, уақыт оздырмай, орнынан «заңсыз» босағанына опынған бұрынғы біріншінің азғыруымен Қонаевтың үстінен бірнеше пақыр арыз жаздық. Мәскеуге. ЦК КПСС-ке. Түк өнбесін білсек те (солай болды да). Айтқандай-ақ, ұзамай Қонаев біраз адамды босатып, басқалар келді. Менің орныма идеология жөніндегі секретарь болып Целиноградтан шақырған Имашев қонжиды. Ол сонда өлкелік партия комитетінің идеология жөніндегі секретары еді. Біз жазған арызда айтылғандар қаперге алынған жоқ. Күніміз не болады деп айран-асырмыз. Әсіресе, менде зәре жоқ. Жай қызметке де алмайтын шығар деймін. Жоқ! Бәрі басқаша болды. Бірде қабылдауына шақырған Қонаев жағдайымды сұрап: «Ал не ойың бар, қандай қызмет істегің келеді?» – десін. Жердің тесігі болса, кіріп кетуге дайын отырған мен не дейін. «Ғылыми қызмет жарар» деп, күбір етуден аспадым. Өң-түсінде реніш жоқ Қонаев жайсаң қалпымен: «О не дегенің, Нұрымбек? Сен ғалымсың, доктор, профессорсың. Сондықтан, әзірше бір институтқа ректор бол. Кейінгіні көреміз. Келісесің бе?». «Астапыралла» дедім ішімнен. Күні кеше мен үстінен арыз жазған адам бүгін маған ректор бол дейді. Сенейін бе, сенбейін бе? Қайтейін, мақұл деуін десем де, жердің үстімен барып, астымен қайттым. Жанымды қоярға жер таппай, өзегім өртенді. Қазаққа Қонаевты Құдай жеткізген адам екеніне сол жолы имандай иландым. Қателігімді ұқтым. Сенімін ақтауға ниет еттім. Міне, солай. Қалай дейсің?». Маған осы әңгімені айтқан Нұрекең «сен қалай дер едің?» дегендей, бетіме қарады. «Сол жолы өзіңіз не айттыңыз оған?» – дедім. «Не айтайын, «рахмет», – дедім де қойдым». Жанділдин кесіп сөйлейтін қызуқанды, өткір адам еді ғой, әлгідей деген соң тағы да: «Біз итпіз ғой, итпіз, адам емеспіз», – деп кіжінді. «Сол ісіме әлі өкінемін, бәлкім, өмір бақи өкініп өтетін шығармын», – деп те нығарлады. «Қонаев – қазақтың бағына туған адам» деп кейін де талай айтып жүрді. – Осыны әлдеқашан жазуыңыз керек екен, неге іште сақтап жүрсіз? – дедім ардагерге. – Ұялдым, – деді ол бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеп. – Пәлі! Қандай ұялшақ едіңіз?! Міне, осы әңгімені айтқан ардагердің аты-жөнін атамай отырған себебіміз – сол. Ұялады екен. Бәлкім, осы жазбалар көзіне түссе, бұларды айтқан мен едім деп үн қатар, не хабар берер. Көре жатамыз...

Ж.ЫНТЫҚБАЙ.

(«Алматы ақшамы», 5 қараша, 2015 жыл.)

Ұқсас жаңалықтар