Облыс әкімінің орынбасары Тимур Жанкенің төрағалығымен «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында салынатын 8 сервистік кешен құрылысының іске асырылуы жөнінде жиын өтті. Онда облыс аумағындағы туризмді дамыту үшін сервистік кешендерді соғу жұмысын жеделдету және ұйымдастыру мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылып, В және С санаттары бойынша құрылысы жүргізілетін жер телімдері Қордай, Меркі, Т.Рысқұлов, Байзақ, Жуалы аудандарында айқындалғаны айтылды.
Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы басшысының орынбасары Арман Нұрақынұлының жасаған хабарламасына қарағанда, кейбір аудандардағы құрылысты жүргізетін инвесторлардың әлі күнге дейін асықпай отырғандығы аңғарылды. Оның өзіндік себебі де бар болып шықты. Мәселен, Байзақ ауданындағы С санатындағы кешен құрылысын жүргізуі тиіс инвестор «Қазмұнайгаз өңдеу және маркетинг» акционерлік қоғамы болып бекітілген. Алайда бұл мекемемен арадағы жасалған меморандумға сәйкес аталған нысандардың құрылыс жұмыстарын «Тараз-Атшабар» ЖШС жүргізбек. Бірақ, құрылыс жүргізілуі тиіс жер телімі «Қазмұнайгаз өңдеу және маркетинг» АҚ-ның меншігінде болғандықтан, «Тараз-Атшабар» үшін бұл жұмыстарды бастау әзірге мүмкін емес. Осы тектес олқылықтарға басқа да бірқатар аудандар жол беріп отыр. Дегенмен, Т.Рысқұлов ауданында өзгелерге қарағанда біршама ілгерілеушілік байқалады. «Қаз туризм» жеке шаруашылық серіктестігінің сенімді өкілі, құландық Ертіс Тұғылшиевтің айтуынша, өздері салатын туристік-сервистік кешен орналасатын алқаптың беткі бөлігі бір метр биіктікте табиғи тастармен толтырылып жатыр екен. «Бүгінде жобаға кіретін жол бойындағы қызмет көрсету кешенінің құрылысы жүргізілетін аумақтағы май құю стансасы, басқа да қызмет көрсету павильондары орналасатын бөліктер осындай жолмен дайындалуда. Келер жылы көктем шыға құрылыс ісі толық қолға алынып, тамыз айында аяқталады», – дейді ол. Ал сервистік кешеннің жол бойында орналасқан көлік жуу, жанар-жағармай стансасы, ең озық үлгідегі қонақ үй, асхана, көлік жөндеу секілді халыққа қызмет көрсететін нысандар екені белгілі. Жиын соңында туризм саласы қомақты табыс көзі екенін тілге тиек еткен Тимур Амантайұлы: «Біздің негізгі басты мақсатымыз – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында туристік кластерді дамыту, инвесторларға мемлекет тарапынан мүмкіндігінше көмек көрсету, халықаралық стандарттарға сай жол бойғы сервис кешендерінің құрылысын межелі уақытта аяқтау және нәтижелі жұмыстарға қол жеткізу» – дей келе, тиісті орындарға автожол бойындағы құрылысын жандандыруды тапсырды.
Нұрым Сырғабаев, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді