«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Өмірін әнмен өрнектеп өткен

Өмірін әнмен        өрнектеп өткен
ашық дереккөз
Өмірін әнмен өрнектеп өткен

Бәрінен де күміс көмей әншілігін айтсаңызшы! Қаршадай қыздың даусын естіген жұрт аузын ашып, сүйсіне таңдай қағатын. Ол ортаға шыққанда көрермен қайта-қайта қол соғып, сахнадан жібергісі келмейтін. Жіңішке, әсем  табиғи даусы көпшілікті баурап алады. Орындайтындары – ел сүйіп тыңдайтын халық әндері мен қазақ сазгерлерінің елге танымал әндері.

 Әсіресе, Нұржамал кеңінен таралған ойнақы ырғақ, жеңіл әзілге құрылған «Қыздар-ай» халық әнін шырқағанда көрерменнің делебесі қозып, шапалақты аямай соғатын. Әсет Бейсеуовтің «Алтыным» әнін де төгілте тамылжытты. Әдетте, концерттік бағдарламада ең үздік әншілерді соңына қарай шығарады. Нұржамал да думанның аяғына қарай сахнаға шығып, екі-үш ән шырқайды. Содан кейін «Менен жақсы ән айтатын замандасыма кезек беремін» деген ән мәтінімен, доғарады. Сөзінде «замандасым» дегенімен, жолды Алтынбек Оразбековке беретін. Ағасының өнерін жоғары бағалап, өзін кішік санауды ешқашан ұмытқан емес.

Нұржамал ашық-жарқын мінезімен де жұрт назарына ілікті. Көзінде өткір от бар, тілінде қарып түсер шоқ бар қызға қатарлас жігіттер артық ауыз сөз айтудан қаймығатын. Жалғыз ауыз сөзбен-ақ қарсыласының «жынын» қағып алатын. Оның орамды ойы, қазақы қалыпқа тән әдемі әзіл-қалжыңы базбір жігітті есінен жаңылдырып тастайтын. Ал қыз көрсе жем көрген қаршығадай шүйлігетін ұрыншақ жандарды жұрттың алдында сөзбен қағып, аузына құм құйғанын талай көрдік. Сондықтан, көп жігіттер Нұржамал отырған жерде кеуде керіп көсемсуден, ауыздыға сөз бермей шешенсуден тайсақтайтын. Ал қызмет дәрежесі қаншалықты жоғары, жас шамасы біршама алшақ болғанына қарамастан, кейбір «ағайларға» да майдалап ескерту жасаудан тайған емес. Әдетте шынайы мінезбен емен-жарқын әңгімелесіп, отырысқа көрік беретін. «Ән айт!» деп қолқа салса, көп бәлденбей ән шырқап та кетер еді. Қысқасы, Нұржамал өзгені сыйлай да білді, өзін сыйлата да білді. Аз жылда жұртшылықтың сүйіктісіне айналған кітапханашы әрі әнші қыздың еңбегі елеусіз қалмады. Көпшіліктің ықылас-құрметіне бөленді. Ленин комсомолының 50 жылдығы қарсаңында өткен аудандық, облыстық өнерпаздар байқауына қатысып жүлделі орын алды. 1968 жылы аудандық, облыстық комсомол конференцияларына делегат болып сайланды. Сол жылдың мамырында аудандық газетте К. Кәдірбекованың (жаңылмасақ, газет тілшісі Күләш Ахметованың бүркеншік аттарының бірі болуы керек) «Нұржамал» деген мақаласы жарық көрді. Артынша сол басылымда суретімен бірге «Өнерлі өрен» атты мақала жарияланып, жас қыздың мерейін көтерді. Нұржамал үшін 1970 жыл – ерекше жыл болды. Сол жылдың наурыз айында өткен облыс комсомолдарының конференциясына делегат болып қатысқан жерлесімізді облыс жастары ВЛКСМ-нің ХVІ съезіне делегаттыққа кандидат етіп ұсынды. Алайда, соңғы нүктені қоятын – алдағы болатын республика комсомолдарының съезі. Облыстық комсомол жиынынан қайтқан Нұржамал бұл хабарды ешкімге жария етпей, құпия сақтады. Республикадағы пәлен миллион комсомол мүшесінің ішінен жеке-дара маңдайы жарқырап шығатын ондаған адамның қатарына қосылатынына сене қоймады. Көптен күткен Қазақстан ЛКСМ съезінің соңғы күні ұйымдастыру мәселесі қаралып, бекітілді. Соның бірі – ВЛКСМ-нің алдағы ХVІ съезіне делегаттар сайлау. Форум аяқталысымен облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Елубай Олжабаев кеш болса да дереу Жамбылдағы қызметтестеріне телефон шалып, делегаттардың есімін хабарлады. Солардың қатарында Талас ауданындағы Жданов атындағы совхоздың кітапханашысы Нұржамал Сейдалиева да бар еді. Ертесіне бұл хабар аудан орталығы – Ақкөлге, одан Ждановқа жетті. Н.Сейдалиеваның аты облыстан асып, республикаға танылды. Бағы жанған қыз жайлы радио да айтып, газеттер де жарыса жазып жатты. Әуелі аудандық газетте жергілікті журналист Ә. Әбдірәсіловтің «Қияға қанат қаққан қыз» деген суреттемесі жарық көрсе, облыстық «Еңбек туы» газетінің арнаулы тілшісі Н. Қоссейітовтің «Қыз көңілі қияда» атты очеркі жарияланды. Әріптестерінен облыстық «Знамя труда» газеті де қалыспады. В.Нежинская есімді автор кітапханашы қыз жайлы қалам сілтеп, «Дочь степей» атты көлдей мақала жазды. Республикалық басылымдар да қалыс қалған жоқ. «Қазақстан әйелдері» журналының бір беті Нұржамалға арналды. Серік Байшуақовтың «Ән қанатында» атты мақаласы кейіпкердің суретімен бірге басылды. «Лениншіл жас» газетінде делегат қыздың портреті шықты. Бұл тек біздің назарымызға іліккені ғана, қаншасы эфирден өтті, ол жағы бізге беймәлім. Мамыр айында ВЛКСМ съезіне баратын топ Жамбыл қаласынан пойызға мінді. Делегация құрамында бағы жанған біздің Нұржамал да бар еді. Мәскеу делегаттарды құшақ жая қарсы алды. Съезд екінің бірінің аяғы баса бермейтін Кремльдегі Съездер Сарайында өтті. Басқалардың қандай күйде болғанын кім білсін, алыстағы аядай ауылдан келген қазақтың қызы үшін бұл көрініс тура бір ертедегідей көрінді. Мәскеуге жолы түсіп барған қарапайым қазақстандықтар Кремльді тек сыртын тамашалап, Ленин мовзолейіне кіргеніне мәз болып қайтатын болса, таластық қыз оның ішіне кіріп, атақты Съездер Сарайында отырды. Бәлкім, сол салтанатты Сарайдың табалдырығын 1966 жылғы КПСС съезіне делегат болып қатысқан «Талас» совхозының директоры Әбдір Сағынтаевтан кейін аттаған, оның ішінде біраз уақыт өткен мәртебелі жиынға қатысқан екінші жан шығар... ВЛКСМ ХVІ съезінің делегаты Нұржамал Сейдалиева №1106 мандатқа ие болды. Сол мандатымен съезд шешімдерін бекітуге дауыс берді. Бүкілодақтық жастар форумы өте мазмұнды өтті. Нұржамал мамырдың 25-і күні СССР Мәдениет министрлігінде өткен кездесуге шақырылды. Сол кездегі сала министрі Демишевті көзбе-көз көріп, сөзін тыңдады. Министр мәденит саласы қызметкерлерін «Үздік қызметі үшін» белгісімен марапаттады. Мамырдың 28-і күні Таластан барған делегат қызды жастардың эстетикалық және адамгершілік тәрбиесі талқыланған съездің секциялық отырысына шақырды. Ол Орталық Кино үйінде өтті. Келесі күні КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Указымен Н.Сейдалиева «В.И.Лениннің 100 жылдығы құрметіне арналған үздік еңбегі үшін» мерекелік медалімен марапатталды. Съезден ерекше әсермен оралған Нұржамалға облыстық комсомол комитетінен Мәскеу қаласындағы Жоғарғы комсомол мектебіне оқуға бару жөнінде ұсыныс түсті. Қолының қысқалығынан білім алуға мұршасы келмеген қыз үшін бұл күтпеген жағдай еді. Иә, жас кезінде оқығанға не жетсін?! Бұл кезде Жамбылдағы мәдени-ағарту училищесінің кітапхана бөлімінде сырттай оқып жүрген. Әрине, терең білім емес екенін іштей сезеді. Намысты қыз Алматыдағы жоғары оқу орнында оқығысы бар. Табан астынан түскен ұсыныс біршама еліктіргені рас. Бірақ көптен сөз байласқан жігіті Әуезге не уәж айтпақ? «Мен оқу бітіргенше төрт жыл күт!» демек пе? Ол да кемпір мен шалдың бетіне қарап отырған жалғыз баласы. Егер Нұржамал Мәскеуге оқуға кетсе, екеуінің арасындағы қатынасқа нүкте қойылатыны сөзсіз. Екіұдай ойдың ортасында қалған Нұржамал ақыры оқуға бармайтын болып шешті. Көп ұзамай Әуез бен Нұржамал шаңырақ қөтеріп, отау құрды. Жас келіннің міндеттері де көп. Құлқын сәріден тұрып, ата-енесінің дәрет суын жылытады. Сиыр сауып, сүт пісіреді. Күбі пісіп, шай қояды. Табаға нан жабатыны тағы бар. Ата-енесіне таңғы ас бергеннен кейін ғана жұмысқа барады. Осылайша күндер өтіп жатты. Бұрынғыдай ән салуын сиретті. Ендігі мақсаты – шаруашылықта қара жұмыс істеп жүрген жолдасын оқытып, аяғынан тік тұрғызу. Әуез бұрын Жамбылдағы гидромелиоративтік институтына оқуға түсіп, алғашқы семестрден кейін бір ұстазымен тіл табыса алмай шығып кеткен. Математикаға жүйрік. Қай оқуды болмасын іліп алып кететін қабілеті бар. Ол бес-алты жыл совхоздың құрылыс бөлімінде жұмыс істеді. Өз міндетін абыроймен атқарғаны үшін ауылдық Кеңеске депутат болып сайланды. Совхоз комсомол комитетінің мүшесі болды. Өмір өз дегенін істейді. Нұржамал еріне ертелі-кеш «Оқы, оқы! Мен айлық тауып жүрмін. Қолда азын-аулақ мал бар. Көштен қалмаспыз» деп айтуын қоймады. Әуез алдымен Жамбыл қаласындағы кооператив мектебінде оқыған соң Шымкент қаласындағы сауда техникумына сырттай түсті. Сауда саласындағы алғашқы еңбек жолын Талас аудандық тұтынушылар одағындағы ұйымдастыру бөлімі меңгерушілігінен бастады. Одан кейін бес жыл Ойық жұмысшылар кооперациясында төрағаның сауда жөніндегі орынбасары болып істеді. Содан бастап қайда барса да бастауыш партия ұйымының хатшысы қызмет­терін қатар атқаратын болды. 1984-86 жылдары «Қаратау» совхозындағы шаруашылық есептегі сауда нүктелерінің меңгерушісі, одан кейін Майтөбе жұмысшылар коопера­циясында төраға, сауда бөлімінің басшысы лауазымдарын иеленді. Нұржамал күйеуі қайда барса да мамандығы бойынша жұмыс істеп жүрді. Баяғы абыройының арқасында өз биігін айшықтап алды. Осы екі ортада Кеңестер одағы құлады. Сонымен бірге кооперация жүйесінің де шаруасы шайқалып, ақыры тарап бітті. Аумалы-төкпелі заманда Әуез бен Нұржамал Қаратау қаласына қоныстанып үй соқты, бала-шағасын қанаттандырды. Үлкен ұлы Шәріп мектепте жүргеннен спортпен айналысты. Соның арқасында тайсалмастан өмірден өз жолын тапты. Алматыға барып, түрлі қызметтің тұтқасын ұстап көрді. Әртүрлі адамдармен қызметтес болды. Алматыға алғаш атбасын тірегенде сүйеу болған ағасы Рысбек пен Әлия жеңгесінің қамқорлығын көп көрді. Аяғынан тік тұрғанша қасына ертіп тәрбиеледі. Шәріп Қазақтың ұлттық университетінде оқитын Шолпанмен табысып, отбасын құрды. Қазір ол Алматыдағы құрылыс фирмасының бірінде атқарушы директор болып жұмыс істейді. Әуез бен Нұржамалдың екінші ұлдары Олжас жары Аида екеуі қара шаңырақты ұстап отыр. Қазір Қаратау қаласындағы халыққа қызмет көрсету орталығындағы басшының орынбасары. Жұбайымен екеуі үш ұл-қыз тәрбиелеуде. Нұржамал мен Әуездің қыздары Шынар мен Ләйлә денсаулық сақтау саласында жұмыс істейді. Сүт кенжелері Бану медколледжді тәмәмдап, қазір Алматыдағы медицина институтының төртінші курсында оқиды. Болашақ дәрігер. Анасы осы қызын ұзатып, аяқтандырсам деп көп армандаушы еді, алайда көксеген мақсатына жете алмады. Өкінішке қарай, он-он бес жылдан бері дендеген дерт жақында кеудесі күмбірлеген әнге, жүрегі мейірім-шапағатқа толы қатарымызды жетпіс жылдық мерейтойын атап өтуге жыл жарым уақыт қалғанда арамыздан алып кетті. Нұржамал күллі мұсылмандар қадірлейтін қасиетті Құрбан айт мейрамы өтіп жатқанда дүниеден қайтты. Алла оған жұмақтың төрінен орын алуға жазсын!

Қамбар ҚОЙШЫБАЙҰЛЫ, журналист.

Қаратау қаласы.

Ұқсас жаңалықтар