«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

«АҚЫННЫҢ ОЙЫ ЗЕРЕК, СӨЗІ НАҒЫЗ...»

«АҚЫННЫҢ ОЙЫ ЗЕРЕК, СӨЗІ НАҒЫЗ...»
ашық дереккөз
«АҚЫННЫҢ ОЙЫ ЗЕРЕК, СӨЗІ НАҒЫЗ...»

Саудакент ауылында республикалық ақындар айтысы өтті

 Айтыс десе, бәйге десе, делебесі қозбайтын қазақтың баласы жоқ. Кілең сәйгүлік жүйріктерін баптап, аламан бәйгеге қатыстырып, жыл сайын туған ауылында ат бәйгесі жарысын өткізіп жүрген, қазақтың меценаттарының бірі Жеңіс Бөрібекұлы биыл төл өнерімізді насихаттап, ұлықтау мақсатымен айтыс ұйымдастырғанды жөн көріпті. Айтыс белгілі түйе балуан, қазақ күресінен бірнеше дүркін ел чемпионы Бөрібек Тоғызақбайұлының рухына арналды. Айтысқа республикамыздың 9 облысынан ақындардың сайланып келуі де көңілге қуаныш. Талай дүбірлі, думанды додаларда өнерсүйер қауымды суырып салмалық қасиеттерімен таңдандырып жүрген ақындардың бұл жолғы бәсекесін ауданның тумасы, айтыс ақыны Алик Бекмұсаев жүргізіп отырды. 

Ең алдымен аудан әкімі Бейбітбек Жайлыбаев сөз сөйлеп, айтыскерлерге ақ жол тіледі. Ақын Рзақия Сәдуақасова қазақтың салт-дәстүріне сай арнау айтты. Айтыс шымкенттік Қажымұқан Абзал мен шығысқазақстандық жас ақын Бибігүл Жандарбекқызының сөз сайысымен басталды. Алматылық Серік Қалиев пен атыраулық Сырымбет Сәрсенбековтің айтысы да елдің есінде қалды. Серік өлеңнің әр шумағын кестелеп айтуымен ерекшеленсе, Сырымбет батыс өңіріне тән төкпелігімен қошеметке ие болды. Ол айтулы ақын өз ұстазы Мэлс Қосымбаев сияқты төкпелігімен танылып, елге ой салар әлеуметтік мәселелерді көтерді. Оңтүстік Қазақстан облысынан келген Кәрима Оралова мен Талғат Құсайыновтың айтысы да қалжыңға өрілген, әдемі, тартысты болды. Сондай тұшымды айтысты жамбылдық ақын Күміскүл Сәрсенбаева мен батысқазақстандық жас пері Талғат Мықи да жасады. Жеңге мен қайын арасындағы жыр додасы көпшілік көңілінен шықты. Күміскүл: «Айтысып, талай-талай майдан көрдім, Балғынбек, Айтбектерге сайлан дедім. Түйе балуанның ұлан-асыр тойын бұзып, Түйенің құмалағы қайдан келдің?» деген әдемі әзіліне, Талғат: «Ат жалынан тік ұстап жүре берем, Сыйынып Жаратқанға өмір сүре берем, Шалдарға кәріқыз боп қалған жеңгем, Қадіріңді осыдан-ақ біле берем» деп қалыса қоймады. Күміскүл: «Жер қозғалса да қозғалмас, Жігіттер қазір сиреген, Кемпірдің түбі – қыз деген, Ұят қой соны білмеген», – деп орынды уәж айтты. Талай дүбірлі додада жекпе-жекке шығып, бір-біріне сыралғы болған талдықорғандық Айтақын Бұлғақов пен астаналық Айнұр Тұрсынбаеваның айтысын көрермендер ризашылықпен тамашалады. Елімізге елеулі ақындарды нағыз айтыссүйер көрермен­дерімен қауыштырған Жеңіс Бөрібекұлы секілді ұлттық өнерді қолдайтын кәсіпкер азаматтар – мақтанышымыз. Мұны айтыскерлер де жақсы жырлады. Айтысты облыстағы ақындардың Алқа төрағасы, белгілі мәдениеттанушы Әлібек Әмзеұлы қорытындылап, сайыстың жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанына разылығын білдірді. Айтысқа демеушілік еткен, меценат кәсіпкер Жеңіс Бөрібекұлы жыр дүлдүлдеріне ақшалай сыйлықтарын табыс етіп, айтысқа қызығушылық танытқан көрермендерге алғысын білдірді.

Сәулембай  Әбсадықұлы, «Ақ жол».

Сарысу ауданы.

Ұқсас жаңалықтар