Сайын даланың Сәулесі

Сайын даланың Сәулесі
ашық дереккөз
Сайын даланың Сәулесі

Тараздық тыңдармандарын тәнті етті

Сарысу өңіріндегі кішкентай ғана Маятаста туылған Сәуле Жанпейісованың есімі барша қазаққа, тіпті алыс-жақын шетелге де жайылып кеткелі қашан. Қазақтың дәстүрлі әнін дәріптеген дара дарын кең тынысты дауысын, әуелетіп салған әнін тыңдағанда кім-кімнің де толғанысты күй кешетіні анық. 

Иә, жерлесіміз Сәуле жөнінде халқымыздың жүрегінде жүрген, қоғам қайраткерлері аса ризашылықпен лебіздерін арнаған. Мәселен, 1995 жылы С.Жанпейісованың Алматыда алғаш өткен «Айнамкөз» атты концертін әдемі әсермен тамашалаған Қазақстанның Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев «Қазақтың ән сахнасының ең төрінде тұруға лайық жарық жұлдызға айналған, шеберліктің ең шырқау биігіне шыққан, шеберлік жағынан, табиғат пен кісінің талабы беретін биіктердің бәрін алып болған шебер әнші деп білемін. Оның үстіне Сәуле қазір шын мәніндегі біздің ұлттық ән мектебіміздің ұстазына айналып отыр» деп жоғары бағасын берген екен. Осыдан жиырма жыл бұрын Сәуленің әншілік өнері жөнінде «Қазақта бір сөз бар екен, «Тумысынан тұмарлы туған тұйғын» деген. Сол «тұмарлы туған тұйғын» – осы. Бұл кісінің диапазоны, тынысы бүкіл Қазақстанның қай жерін болса да, бәрін құшағына сыйғызып жатыр» деп заңғар ақын Хамит Ерғалиев те шын ризашылықпен жақсы пікірін арнаған екен. Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік «Дарын» сыйлығының лауреаты, әнші Сәуле Жанпейісованың шығармашылығының 30 жылдығына арналған «Ән-дауа!» атты жеке шығармашылық кеші өтті. Өнер кешін белгілі айтыскер ақын Алик Бекмұсаев пен халықаралық ән байқауларының лауреаты (Сәуленің қызы) Қуаныш Табын жүргізді. Алдымен 1984 жылы Кенен Әзірбаевтың 100 жылдығына орай түсірілген «Кененнің айтыстары» атты телефильмнен үзінді көрсетілді. Бұл фильмде байдың қызы Шалипаны 18 жастағы Сәуле Жанпейісова ойнап шыққан екен. Бұдан кейін Үкілі Ыбырайдың «Гәккуін» әуелете сахнаға көтерілген Жанпейісованы көпшілік қошеметпен көмкерді. Сол сәттегі барша көрерменнің дуылдата соққан шапалағынан-ақ әншінің тыңдармандары алдындағы абыройының соншалықты биік екені байқалып тұрды. Әнші де көрермендерін зеріктірген жоқ. Жүрекке жететін, көңілді толғанысқа жетелейтін мағыналы әндерді шарықтата шырқады. Тынышбай Рахимовтың «Алқалы жұртым, армысың!» әні, Кенен Әзірбаевтың «Бозторғайы» тыңдаған құлақтың құрышын қандырып, ән өнерінің керемет тұңғиығына батырып жіберді. Барша көрермен бір сәтке айналасының барлығын ұмытып, ән әлемінің бесігінде тербеліп, тебіреніп кеткендей еді. Бұлай әсерге бөлемесе, Сәуле Сәуле бола ма?! Кеште әншінің шәкірттері де өнер көрсетіп, халықтың ықыласына бөленді. Атыраудан арнайы келген Күлімхан Жұмалиева халық әні «Айжан-айды» жұрт жүрегіне жеткізсе, Ғалымжан Жолдасбай орындаған Сүгірдің термесін де көпшілік сүйсіне тыңдады. Сондай-ақ, Ғарифолла Құрманғалиев­тың өнегесін көрген, үлгісін алған Сәуле Жанпейісова ұстазының «Сүйген жар» әнін нақышына келтіре орындады. Мұхиттың әні «Айнамкөз» ел көңіліне толғанысты әсер болып тарады. Бұл ән Сәуленің орындауында тіпті құлпырып, асқақтап кетеді екен. Сондай-ақ, Сәуле Төлеген Айбергеновтің сөзіне жазылған «Ортаңа келді өз балаң», Маралтай Райымбекұлының сөзіне жазылған «Алатау», «Айнамкөз», «Игілік», Серік Томановтың сөзіне жазылған «Қайран өлең», Александр Пушкиннің сөзіне жазылған «Қара шәлі» және өзінің бірнеше әндерін орындады. Жергілікті саксофоншы Әлібек Аманов С.Жанпейісованың «Ақ жаңбырлар» әнін саксофон тілімен жеткізгенде жиналғандардың ризашылығында шек болмады. Сәуленің өнердегі досы Мейрамгүл Орашева Алматы шаһарынан арнайы келіп, жылы лебізін арнап, ән шырқады. Белгілі әнші Бақыт Шағырбаев та осы кеште сахна төрінен табылып, бірнеше ән орындады. Кеш иесінің қызы, бірнеше халықаралық ән байқауларының лауреаты Қуаныш Табын «Ана» деген әдемі әнді жүрекке жеткізіп орындап берді. Кеш соңында облыс әкімдігі мәдениет, құжаттама және мұрағаттар басқармасының ықылас гүлін аталған басқарма басшысының орынбасары Мүбәрак Жинақбаева тапсырып, Сәуленің барша қазаққа ортақ екенін, жерлестеріне мақтан екенін айтып, шығармашылығына табыс тіледі. Сондай-ақ, Сарысу ауданының әкімі Бейбітбек Жайлыбаевтың әншіге дайындаған сыйлығы – үкілі домбыраны аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жұбаныш Жарықбасов табыс етті. Жергілікті ақын Рәтбек Сүлейменов әншіге деген алғысын жүрекжарды өлең жолдарымен білдірді.

Есет Досалы, «Ақ жол».

Тараз қаласы.

Ұқсас жаңалықтар