ТАЗАЛЫҒЫ ТАҢҒАЛДЫРДЫ

ТАЗАЛЫҒЫ  ТАҢҒАЛДЫРДЫ
ашық дереккөз
ТАЗАЛЫҒЫ ТАҢҒАЛДЫРДЫ
Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВ,  Жуалы ауданының әкімі. Беларусьқа барған жұмыс сапары ауыл шаруашылығына ден қойып, мал және егін өсіруді негізгі кәсіп етіп отырған біздің облыстың азаматтарына үлкен бастамаларға жол ашты деп ойлаймын. Өйткені, ол жақта біз барған облыстың шаруалары да дәл біздің тіршілігімізге ұқсас күн кешуде. Айырмашылығы көп, әрине. Ең бастысы, ондағы барлық мүлік – мемлекеттікі. Ауыл шаруашылығы бұрынғы колхоз, совхоздар деңгейінде дамуда. Біздегі секілді жекешелендіру деген атымен жоқ. Тіпті, қонақ үйлеріне дейін мемлекет құзырында екен. Ауыл шаруашылығын субсидиялауды да мемлекет өз міндетіне алған. Өйткені, барлық тұрғын бұрынғы кеңес заманындағыдай сол колхоздар мен совхоздардың малын бағып, егінін егіп күнелтуде. Ауылдарында жұмыссыз адам жоқ деуге де болады. Халықтың алаңсыз еңбек етуіне әлеуметтік жағдай жасалынып қойған. Халықтың еңбекқорлығымен қатар, тазалыққа деген жауапкершілігін де атап өтпесе болмас. Тіпті, айдаладағы егіс алқаптарына баратын жолдардың бойынан да қылаудай қоқыс көрінбейді. Сондай-ақ, жолдарының сапасы кім-кімді де бейжай қалдырмайды. Беларусьтар ауыл шаруашылығы техникаларын жасап шығаруда әлемдік нарықта өз орны бар ел екені белгілі. Әсіресе, ауыл шаруашылығына қажетті техникалары біздің елде де көп сұранысқа ие. Техника шығарумен қатар, өз өнімдерін ғана пайдалану да бұл елде жақсы үрдіске айналған. Айталық, «Лидосельмаш» ААҚ, «Лидоагропроммаш» ААҚ, «Агрокомбинат СНОВ», «Прогресс-Вертилишки» сынды кәсіпорындарда болып, олардың жұмыстарымен танысқанымызда, оған толық көз жеткіздік. Жуық арада облыстың шаруаларының басын қосатын Дала күніне, сондағы техника шығаратын зауыттар өз өнімдерін әкелетін болып келісілді. Оларды сапасы мен жан-жақтылығы біздің ауыл шаруашылығы қызметкерлеріне ұнап жатса, сатып алу жоспарда бар. Ал Жуалы ауданының мал өсірумен айналысатын шаруалары үшін беларусьтардан мал сатып алсақ деген ойға келіп, сол мақсатта жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Жалпы алғанда, ол елдің шаруаларынан үйренеріміз көп екен. Жуалы ауданы.

Ұқсас жаңалықтар