«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Күннің шуағынан қуат алатын станса

Күннің шуағынан қуат алатын станса
ашық дереккөз
Күннің шуағынан қуат алатын станса

15 мың үйді электрмен қамтамасыз етеді

Биыл индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші жартыжылдығы басталғаны белгілі. Индустрияландыру картасына сай облыс бойынша 2020 жылға дейін жалпы сомасы 581,7 миллиард теңгені құрайтын 27 инвестициялық жоба жүзеге асырылады деп жоспарланған болатын. Аталған жобалар құрылысы жүргізілген кезде 6,6 мың, ал нысан пайдалануға берілген кезде 5,7 мың жаңа жұмыс орындары ашылмақ.

Сонымен, екінші бесжылдықта алғашқылар қатарында пайдалануға берілген жобаларға тоқталып өтсек. Жыл басынан бері жалпы сомасы 23,8 миллиард теңгені құрайтын үш нысан іске қосылды. Соның бірі – «Полиэтилен-Агро» ЖШС. Полиэтилен қалталар шығару мен жылыжай кешенін және оған қажетті жабындыларды жасаумен айналысатын серіктестік осыдан төрт ай бұрын іске қосылып, бүгінде 30 тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы. Өнімдер қатарында синтетикалық жіңішке арқан, жылыжайға арналған полиэтилен жабындылар, бақша дақылдарын өсіру кезінде техникалық мақсатта қолданылатын әйнектер бар. Өткен жылы зауыт құрылысы жүріп жатқан кездің өзінде өнімнің алғашқы сынамасы шығарылып, оны Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері сатып алған екен. Зауыт басшылығы олармен тұрақты түрде жұмыс істеуге де келіскен. Кәсіпорын директоры Нұрпейіс Қалдыбековтің айтуынша, аталған зауытта шығарылатын полиэтилен жабындылардың артықшылығы оның ені 10 метрді құрайды. Ол жылыжай иелері үшін өте қолайлы әрі тиімді көрінеді. «Полиэтилен-Агро» ЖШС шығарған өнімдерге жергілікті кәсіпкерлер де жоғары бағасын беріп отыр. Сөйтіп, көршілес Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданының және облыстың бес кәсіпорны аталған серіктестіктің тауарын сатып алатын болып келіскен. Индустрияландыру картасы аясында іске қосылған «Byrnoye Solar-1» ЖШС-ның күн электр стансасының маңызы тіпті зор. Стансаның іске қосылуымен өңірдің көршілес елдерге электр энергиясына деген тәуелділігі азаймақ. Жуалы ауданының аумағында орналасқан бұл нысанның Орталық Азиядағы ең ірі жобалардың бірі екені анық. Жалпы стансаның маңыздылығы мен қуаттылығы, құрылысының жүргізілу барысы туралы газеттің өткен сандарында бірнеше рет жазған болатынбыз. «Byrnoye Solar-1» серіктестігінің Бас директоры Нұрлан Қапеновтің айтуынша, бүгінде кәсіпорын 97 пайыз қуатында жұмыс істеп тұр. Онда өндірілген энергия 15 мың үйлі бір ауылдық аймақты түгелдей қамтамасыз етуге толығымен жетеді. Құрылыс материалдарын шығарумен айналысатын «Тараз көлік жолы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – жыл басынан бері іске қосылған үшінші өндіріс орны. Негізінен құрылысқа арналған құм, қиыршық тас, құм мен қиыршық тас қоспасы, асфальтті-бетонды қоспа шығарумен айналысатын кәсіпорынның өнімдері де мол сұранысқа ие. Айта кетейік, аталған кәсіпорындарда өндірілетін өнімдердің барлығы шетелдерден әкелінетін осы тектес өнімдерден артық болмаса еш кем емес. Ал бағасы жағынан өте тиімді. Енді жыл соңына дейін өңір өндірісіне жаңа дем беретін 6,6 миллиард теңгенің тағы үш жобасы іске қосылмақ. Олар: «Әулиеата феникс» құс фабрикасы, алтын өндірумен айналысатын «GoldenCompassCapital» ЖШС және «Жамбыл недра» компаниясының М400, М500 маркалы цемент өндіретін зауытының құрылысы. Сонымен қатар, жуық арада іске қосылып, пайдалануға берілетін инвестициялық жобалар арасында «Kisc» ЖШС-ның құю цехын модернизациялау, халал стандартты ет өндірумен айналысатын «ОңтүстікХалалТағамдары» ЖШС, мия тамырын өңдейтін «KazMiya» ЖШС, глифосат өндіретін «Біріккен химия компаниясы» ЖШС бар. Өңірдің өндіріс саласында бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан «Тараз металлургия зауыты» ЖШС, «Қазфосфат» ЖШС, «Aca-Damy» ЖШС, «AlinaHolding» ЖШС секілді кәсіпорындар да өздерінің жаңа өнімдерімен шетелдік тауарларды отандық нарықтан біршама ығыстырмақ.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар