Егемен елдің ежелгі тарихы

Егемен елдің ежелгі тарихы
ашық дереккөз
Егемен елдің ежелгі тарихы

Мерейтой аясында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты «Еңселі елдің ұлы тарихы: Ұлағат пен мәңгілік жоба» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Жиын Қазақ хандығы тарихының бүгінгі күнде алатын орны мен маңызын таныту, түп тамыры тереңде жатқан тарихымызды дәріптеу мақсатында өтті. Аталмыш шара қазақ халқының әу бастағы тарихынан сыр шертіп, сан ғасырлар тоғысындағы түрлі оқиғалар тізбегін еске түсіре отырып, жастардың танымын арттыруға септігін тигізді. Сонымен қатар, өшкеніміз тіріліп, өткеніміз жаңғырып, ұлт мұрасы жанданған шақта тарихи ұлы тұлғалардың ерліктерін насихаттау мен жастарды ұлттық патриоттық сезімге баулып, еліміздің өткені мен бүгінін зерделеуге де мол мүмкіндік тудырды. Кең-байтақ жеріміздегі Қазақ хандығынан бергі әлеуметтік, саяси оқиғалар жөнінде баяндамалар оқылып, қатысушылардың ұсыныс-пікірлері тыңдалды. «Әркімнің туған жері – Мысыр шаһары» дегендей, асылын тануға құмартқан жастар мен зиялы қауым өкілдері кездесіп, келелі әңгіме жүргізді. Одан бөлек, сөз алғандар болашағымыздың баянды болуы үшін әрқашан ауызбіршілікте болып, «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығару» қағидасын жадыдан шығармау керектігін айтты. Қазақ мемлекетінің өзгелермен иық тіресе алар мемлекет ретінде қалыптасуы үшін қазақстандықтардың ұлттық құндылықтар мен елдегі бейбіт тұрақтылықты уыстан шығармау керектігі сөз болды. Басқосуға арнайы шақырылған зиялы қауым өкілдері мен Сауд Арабиясынан келген білімгер Хилена Чи Ве Ау мен Америка Құрама Штаты, Майами қаласы, Майами университетінің білімгері Әсел Шаймерденованың «Ұлы Дала елі» атты онлайн режіміндегі баяндамалары тыңдалып, көпшілік тағылымға толы әңгімелерге қанықты. Елдігімізді ұлықтап, тарихи жадымызды жаңғыртатын торқалы тойға өз үлесін қосқан аталған институттың ұйымдастыруындағы конференцияның пленарлық бөлімі өткен күн мен бүгінгі күннің тарихи байланысының әдемі көрінісі ретінде 4 секцияда өз жалғасын тапты. Конференцияға арқау болған Елбасының «Ұлы Даланың перзенттеріміз» идеясы да жан-жақты талқыланып, келелі ойлардың арқауы болды. Осылайша, Қазақ хандығының терең тарихы, хандар мен батыр-билердің қайталанбас ерліктері дәріптелген тарихи тағылымдар мен тың деректер, дәйекті тұжырымдар жастар жадын байытып, рухын асқақтата түсті.

Гүлнәр Әбделиева, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының облыс бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты» қоғаммен байланыс және баспасөз қызметі бөлімінің басшысы.

Ұқсас жаңалықтар