Жуырда Ұлттық экономика министрлігі бірқатар статистикалық мәліметтерді жариялады. Соның ішінде Жамбыл өңірі өнім өндіру жағынан өзге облыстардан оқ бойы озық шығып, көш бастап тұр.
Нақтырақ тоқталар болсақ, Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметінше, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Атырау және Маңғыстау өңірлері мұнай бағасының әлемдік деңгейде құлдырауына байланысты өнім өндіру көрсеткішін төмендетіп алған. Жоғары нәтижеге жете алмаған облыстардың қатарында металлургия саласы дамыған Қарағанды, Қостанай, Павлодар және Шығыс Қазақстан өңірлері де бар. Әйткенмен, мұнай мен темір өндірмейтін аймақтардың көрсеткіштері айтар-лықтай жақсы. Атап айтар болсақ, Ақмола облысы – 4,7 пайыз, Алматы облысы – 7,3, Солтүстік Қазақстан – 6,8 пайыз. Алматы қаласы өнім өндіру бойынша 2,5, Астана қаласы 18,1 пайыз көрсеткішке ие. Ал біздің облыс өнім өндіруге байланысты 34,5 пайыз көрсеткішпен алға шыққан. Бұл өз кезегінде облысымызда өндіру көлемінің артып, қайта өңдеу секторындағы жұмыстар жанданып, ауыл шаруашылығы саласы да тың серпінге ие болғанын білдіреді. Жалпы, ағымдағы жылдың 20 тамызынан бастап теңге бағамы еркін айналымға жіберілгелі отандық тауар өндірушілер Еуразиялық экономикалық одақ нарығында өздерін «суда жүзген балықтай» еркін сезіне бастағандай. Содан бері екі айдан астам уақыт өтті. Сондықтан отандық өнім өндіру бойынша қыркүйек айының көрсеткіштерімен елімізге таргеттеу қалай әсер еткендігін салыстыруға әбден болады. Экономикалық даму бойынша республикалық көрсеткіштердің ішінен қайта өңдеу саласы алдыңғы шепте. Өндіріс көлемі қыркүйек айында тамызбен салыстырғанда 7,9 пайызға артқан. Жылдық көрсеткіш 2,4 пайызды құрайды.
Мамандар пікірінше, өсу динамикасы болашақта да сақталуы тиіс. – Еуразиялық экономикалық одақ нарығы қызу жұмыс істеуде. Бірақ қазақстандық кәсіпкерлер Ресей рублінің құлдырауынан біраз қиындықтарды бастан кешірді. Бастапқыда ресейліктердің, беларусьтар мен қырғыздардың тауарлары ел нарығын жаулап алды. Олар отандық тауарлардан әлдеқайда арзан екені айтпаса да түсінікті. Ал қазір біз керісінше көріністің куәсі болып отырмыз. Қазақстандық өнімдер ел ішінде ғана емес, Еуразиялық экономикалық одақ бойынша сұранысқа ие болып, бағасы да арзандай түсті, – дейді Қазақстан инвесторлар Альянсының президенті Азаматхан Әміртай. Ал өз тауарларына деген сұраныстың барын сезінген жергілікті халық импорттық тауардың орнын отандық өніммен алмастыра бастаған. Ресейлік өнімдерге деген қызығушылық көп аймақта төмендеп, кейбір өңірде тіпті, мүлдем сұраныстан ада болған. – Теңге бағамын еркін айналымға жібергелі шетелдік тауарлар әлдеқайда қымбаттағандықтан, олардың өнімдеріне деген көтерме сауда компанияларының қызығушылығы бүгінде төмен. Әрі шетелдік өнім бағасы қымбаттағалы олар бұрынғыдай көп көлемде сатып алудан да бас тартуда. Мысалы, облысымызда Ресейден келген қант, өсімдік майы мен жұмыртқа өте аз қалды. Бұл болашақта басқа да импорттық тауарларға қатысты орын алатын жағдай болмақ. Сондықтан отандық өндірушілердің өз кәсіптерін дамытуға жол ашық, – дейді тараздық сауда өкілі Самат Тұрысов. Бұл – біріншіден. Ал екіншіден, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің арасында ұлттық валютамен өзара есеп айырысу да экономикамыздың дамуына серпін бермек. Бұл жөнінде одаққа мүше елдердің президенттері ұлттық валюталарына қолдау білдіріп, долларға деген тәуелділіктен арылу мақсатында Астанада өткен кездесу барысында келісімге келген болатын. Осыған орай Қазақстанды долларсыздандыру және айырбас нүктелері мен екінші деңгейлі банктерде долларды сатудан бас тарту туралы мәселе де біраз қозғалған болатын. Дегенмен, сала мамандары мұндай шешімнің тым қатаң әрі ақталмайтын қадам екенін алға тартуда. – Меніңше, бұл ұсыныс дұрыс емес. Өйткені, АҚШ доллары әлем экономикасының 40 пайызын «өз бақылауында» ұстайды. Доллар Қытай, азиялық «жолбарыстар», Еуропа үшін тұрақты экономиканы қамтамасыз етті. Соңғы 20-25 жылда ол елдер ауқымды түрде әртараптанды. Америка әлемдегі ірі мұнай кен орындарын өз бақылауында ұстайды. Егер біз дедолларизацияны қолдап, жүзеге асырсақ, тіпті, жүз жылға кейін шегінуіміз ғажап емес. Қазақстанның өзіндік қаржылық жүйесі нық қалыптасқан. Сондықтан біз сол бағыттан таймағанымыз жөн. Біз ЕАЭО нарығының шарттары бойынша белсенді жұмыс жасай бергеніміз дұрыс. Оның үстіне, Үкіметтің қабылдаған шешімдерінің оң нәтижелерін де көріп келе жатырмыз. Ал болашақта қазақстандық кәсіпкерлер одаққа мүше елдерге экспорттау көлемін ұлғайтады деген болжам бар, – дейді Азаматхан Әміртай.
Эльвира ЖАРЫЛҚАСЫНОВА, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Мақсатты игерілген қаржы – даму динамикасының кепілі
- 21 қараша, 2024
Жобалық менеджментті жетілдіруде
- 14 қараша, 2024
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді