«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Бірінші байлық – денсаулық

Бірінші байлық – денсаулық
ашық дереккөз
Бірінші байлық – денсаулық

IMG_5350Тараз қаласында облыстық перинаталдық орталықтың жаңа ғимараты пайдалануға берілді

Қоғамның басты факторы – адам. Әрбір қазақстандықтың денсаулығының мықты болуы мемлекетіміздің қуаты мен әлеуетін көрсетеді. Әсіресе, ана мен баланың саулығы маңызды. Елбасымыздың бастамасымен еліміздің барлық аймақтарында еңселі денсаулық сақтау нысандарының көптеп салынуы – барша тұрғындардың дерттен сау жүруіне жасалып жатқан игі іс екені белгілі. 

Өткен бейсенбіде Тараз қаласында облыстық перинаталдық орталықтың жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Бұл нысанның құрылысы 2013 жылы басталған болатын. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев денсаулық сақтау саласы қызметкерлерін жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, Елбасымыздың дана саясатымен елімізде жүзеге асқан жобалардың өте көп екеніне, дағдарысқа қарамастан, мемлекет халыққа ең қажетті құрылыстарды салуға қаржы бөліп отырғанына тоқталды. – Әлемге айбынымызды асырып, тарихымызды терең танытқан Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына бұл нысан да ерекше тарту болды. Себебі, ана мен бала денсаулығы бәрінен маңызды. Өмір есігін ашқан сәбилердің барлығы –Қазақстанның азаматтары, еліміздің жарқын болашағы. Сондықтан, әр сәбидің денсаулығын қорғауға тиіспіз. Соңғы бес жылдан бері біздің облыста ашылған денсаулық нысандарын қос қолдың саусақтарымен санап шығу мүмкін емес.

Тараз қаласының өзінде 200 орындық облыстық перинаталдық орталық, 200 орындық қалалық аурухана, 500 орындық емхана, Қан орталығы салынды. Шу ауданында орталық аурухана, Меркі, Талас, Жамбыл аудандарында емхана (әрқайсысы 250 орындық) жаңадан салынып, ел игілігіне берілді. Жаңа ғимараттардың барлығы заманауи жабдықтармен жабдықтармен қамтылған. Мұның барлығы Мемлекет басшысының дана саясатының, болашаққа жасаған бағдарламаларының жемісі. 

Біздің облысымызда орта есеппен жылына 10 мың сәби өмірге келеді. Мұндай орталық аналар мен сәбилер үшін өте қажет. Аналарымыз бен сәбилеріміз сергек болсын, ауырмасын! Осындай игілікті істер көбейе берсін. Баршаларыңызға денсаулық, отбасыларыңызға жақсылық тілеймін, – деді облыс басшысы. Қоғам қайраткері, ҚР Парламенті Сенатының экс-депутаты Александр Савченко көпшілікті заманауи ғимараттың ашылуымен құттықтап, мұндай жаңа нысанда еңбек ету орталық қызметкерлеріне ерекше серпін сыйлайтынына сенім білдірді. Аталған нысанның құрылысын жүргізген мердігер компания – «Тараз-Құрылыс-дизаин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Тимур Манашев облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері Гүлнағира Байзатоваға жаңа ғимараттың символикалық кілтін табыс етті. Облыс әкімі Кәрім Көкірекбаев перинаталдық орталықты аралап көрді. Осынау еңселі ғимараттың салынуына республикалық бюджеттен (технологиялық жабдықтарын қоса есептегенде) 6 миллиард 900 миллион теңге бөлініпті. 200 орындық бұл ғимаратта 16 жеке босандыру бөлмесі, 90 орындық ана мен баланың бірге болу бөлімі, 44 орындық жүкті әйелдер патологиясы бөлімі бар. 12 орындық жаңа туылған сәбилерге арналған интенсивті терапия және жансақтау бөлімдері бүгінгі заман талабына сай жарақтандырылған. №1 жансақтау залдағы жылжымалы технологияның қызметі назар аударарлық. Бұл технология сәбилердің тыныс алуы үшін оттегін бөледі. Жансақтау бөлімінің меңгерушісі Әуез Нұғманов облыс әкіміне бірнеше залдардағы электронды байланыс бір ғана орталықтан басқарылатынын, бұл жүйенің тиімділігіне көздері жеткенін айтып берді. Сондай-ақ, Кәрім Нәсбекұлы терапиялық палатада болып, отаға дайындық, ота жасау бөлмелерін аралады. Кәрім Көкірекбаев жаңа ғимараттың сапалы салынғанын айтып, мердігер компания жұмысын оң бағалады. Облыс басшысы еңселі ғимараттың жаңа тілек кітабына алғашқы болып ақ тілегін жазып, қолтаңбасын қалдырды. Сондай-ақ, жаңа ғимаратта жұмыстарын жалғастыратын Гүлнағира Әбілсейітқызы басқаратын ұжымның алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Есет Досалы. «Ақ жол».

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Ұқсас жаңалықтар