Қоғам қайраткері, публицист, ақын, жазушы, аудармашы Арғынбай Бекбосынның шығармалары туралы бірер сөз
Арғынбай Бекбосын ағамыз кезінде «Жеті қарақшысы жоқ аспан» атты кітабымен ТМД елдері халықаралық журналистер конфедерациясы сыйлығын жеңіп алып, қазақ журналистикасының мерейін тасытқанда, ол жөнінде ұлы ақын Фариза Оңғарсынова «Егемен Қазақстанға» көлдей мақала жазып, оқырмандарды марқайтқан еді. Әдебиет атты киелі әлемге, кезінде «Егеменде» үлкен ақын Қайрат Жұмағалиев атап көрсеткендей, үлкен өмір жолынан өтіп барып енген, суреткерлік әлеуеті зор Арғынбай ағамыздың беделі өзін дәріптеу тәсілін шебер меңгеріп алып, ешкім тең келмейтін ақын, жазушы атанып, маңайын менсінбей жүргендерден әлдеқайда жоғары, биік. «Қазақ» газетінің тұтас бір бетін алып, өткен жылдың соңғы айының ортасында Болат Бодаубаев пен марқұм Қайрат Жұмағалиевтың «Жарқылдаған жақұт жырлар, ақын Арғынбай Бекбосынның өзі, өлеңдері және аудармалары жайында мөлтек сыр» деген танымды, тағылымды мақаласы шықты. Аты айтып тұрғандай, ағамыздың қазақ поэзиясына өз үнімен келіп қосылып, өзіндік соны соқпағын салып отырғанына арналған. Соқпақ демекші, Арғынбай ағамыз өлең жазуды түбіт мұрт бозбала кезінде бастаған, бірақ қойып кетіп, араға ондаған жылдар салып қайта табысқан. Екі арада қанша жыл өткенін анықтау өткен жылы мүмкін болды. Облыстың құрылғанына 75 жыл толуы қарсаңында қажетті деректер іздеп, мұрағатта «Сталиндік жолдың» (қазіргі «Ақ жол» басылымының бұл атты Арғынбай ағамыздың бас редактор болған кезінде алғаны да өзінше бөлек әңгіме) 1957 жылдың 16 шілдесіндегі санын шолып отырғанымда «Алатау» деген өлеңнің астындағы «Арғынбай Бекбосынов» деген ныспы көзге оттай басылды. Ұйқастары жақсы. Теңеулері де қандай! Бұлттан тұмақ киген, қиясында арқарлар ойнақ салған, төсін ерке бұлақ сүйген тәкаппар Алатау. Араға көп уақыт өтпей осы газеттің 28 шілдедегі санында «Біздің ауыл жастары» деген тағы бір әдемі өлеңі жарияланыпты. «Әдебиет теоретигі, академик-жазушы Зейнолла Қабдолов пен Халық жазушысы Шерхан Мұртаза ағаларымыздың батасын алып, «Жетелеп Омар Һайям енді өлеңге, енсем мен төрттағандай отпен енем!» деген және төрттағандары арқылы алашқа танымал ақынға айналған Арғынбай ағамыз «жыр өлкесіне алғашқы қадамын әлгіндей өлеңдермен сәтті бастағанымен, талпынысын әлдебір жағдайлармен жалғастырмай тастап кетіп, араға ұзақ жылдар салып қайта оралған екен ғой» деген ой түйдім. Сонда қарапайым есеппен отыз жылдан астам уақыт кеудесіндегі өлең жанартауын сөндіріп жүрген болып шығады. Және қандай күйде десеңізші... Есіме ол кісі облыстық газетте бас редактор болып істеген он жыл оралды. Облыстық партия комитетінің жетектеулі тайлағындай момақан тіршілік кешіп келе жатқан қазақ тілді басылым ол келісімен мүлде басқа келбетке ие болған. Беті елге қажетті ақпаратқа, сын мақалаға, оқырмандар хаттарына, ұсыныстарына толы халық газетіне айналған. Таралымы он шақты мыңнан 50 мыңға жеткен. Өткір мәселелерді көтеруде, жедел жазуда көбіне бас редакторымыздың өзі үлгі танытатын. Айналасы бірер аптада Америка, Батыс Германия сапарында болып келіп, машинисткаға тікелей айтып отырып «Жеті қарақшысы жоқ аспан» деген атпен тамаша кітап жазып, оны газетте жедел жариялағаны, мол таралыммен республикалық «Қазақстан» баспасынан шығарғаны, жоғарыда айтқанымыздай, журналистердің халықаралық сыйлығын алғаны газет тарихында қалған оқиға. «Теңіздің дәмі – тамшыдан» демей ме? 1992 жылы Жамбыл қаласындағы баспаханадан және республикалық «Жалын» баспасынан ұлы Омар Һайямнан тәржімалаған «100 рубаи» атты шағын кітапша шықты. Кітап тез-ақ оқырмандарын көптеп тапты. Бұл жағдай қаламын қанаттандырған болар, аударманы одан әрі жалғастырып, «Мерей», «Атамұра» баспаларынан «250 рубаи» аты кітапшаны және шығарды. Аудармаға алғысөз жазған – өзі де Омар Һайямның бірқатар рубаятын аударған, жаны жаннатта болғыр Фариза Оңғарсынова. Қай нәрсеге болса да қатал сыншылдықпен, әділдікпен қарайтын Фәкеңнің тәржімаға аса жоғары баға беріп, Арекеңді «көзге түсіп көлбеңдеуге құлқы жоқ талант иесі болса керек» деуі де жайдан-жай болмаса керек. Арғынбай ағамыз өлеңге ұлы Омар Һайямның жетелеуімен осылайша оралған. Кітап артынан кітап шыға бастады. «Санат», «Елорда» баспаларынан шыққан рубаят кітаптары «Мың түрлі ой» деп аталды және оны классик ақын Тұманбай «Менің настольный кітабым» десе, 2012 жылы «Алаш» баспасынан шыққан «Фәнилік драма» өлеңдер жинағына 2500 рубаяты кірді. Және қандай төрттағандар! Бір ғана шумаққа сыйғызылған үлкен ой, түйінді тұжырымдар. Содан да болар, Ақселеу Сейдімбектің рубаяттарды Баласағұнның «Құтты білігіне» ұқсатуы, философ Жомарт Әбдіқалықтың шабыттана талдауы... «...Өзгеге қарағанда ақын көзі – әрқашан көргіш, ақын жүрегі – әрқашан сезгіш, сондықтан да қайсыбіріміз елемейтін, қайсыбіріміз аңдамайтын қисынды-қисынсыз тұстардан әлеуметтік психологиялық қайшылықтарды қалтқысыз табады да, бір-ақ ауыз сөзбен, бір-ақ ауыз түйінді оймен нұсқай салып, пешенесіне тағдыр жазған міндетін – ақындық міндетін өтейді. Әсілі, Арғынбайда жадағай шумақтар жоқтың қасы. Әр шумақ түгіл әр жолы, әр сөзі жүк арқалап тұратын реттер көп. Қай өлеңін оқысаң да, ақын үнемі ой үстінде, толғаныс үстінде. Айтатыны – әмсе, ел қамы. Әрі оны туған ұлтының мүддесі тұрғысынан қозғайды. Жүрегі қан жылап қозғайды. Сондықтан да ол әрі ойшыл, әрі лирик ретінде танылады» деп жазған көрнекті жазушы Марал Ысқақбайдың берген бағасы өте орынды. «Сөзде сиқыр, өлеңде даналық бар» дейді ұлы Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) хадистерінде. Ал француздың ұлы философы Рене Декарт «Философтарға қарағанда, ақындардың еңбектерінде небір ұлы ойлар жиі кездесетініне таңғалмасқа шара жоқ» деп жазған. Адамдарды рухани, парасатты дүниетанымға баулитын «Фәнилік драмадағы» ойлы шумақтар, жастарға өсиет, өнеге ұқтыратын жолдар – имандылық сабақтары. Осыдан да болар, жыл сайын шығатын «Мұсылман күнтізбесі» өзге әлем, қазақ классик ақындарымен қатар Арғынбай Бекбосын өлеңдерінен алынған бір шумақ, екі шумақты берумен келеді. Қайбір жылы танымал термеші Аяз Бетбаев төрттағандарды телеарналардан орындаған. Содан жыршылар әуенін қағып алып, жиын-тойларда айтып жүргенін де талай көрдік. Ақын қаламынан туған имани жырлар асыл дініне бет бұрғандардың да көңіл шуағына бөленген. Олар ақынды әрдайым есінде ұстап, сырттай болса да сұрастырып жүреді, рубаяттарын жатқа айтады. Мұндай оқырмандарының да қатары қалың. Жақында ғана Тайбурылдың тұяғы тиген Бурыл таудың етегіндегі ауылдан келген, қасиетті Меккеге екі рет барған Жүзімхан Мәсенқұлов қажымен аз-кем сұхбаттасудан да осындай ой түйгенмін. Оқырмандарының көптігі өз алдына, қазақ әдебиетінде төрттаған жанрының жаңаруы, қалыптаса түсуі Арғынбай Бекбосын есіміне байланысты екендігін зерттеуге талпынушылар да шығып жатқаны қуанышты жағдай. Кандидаттық диссертациялар мен дипломдық жұмыстар тақырыбы етіп алынып жүргенінен де хабардармыз. Атақты теолог-ғалым Иман Валерия Порохова тәржімалаған Пайғам-барымыз Мұхаммедтің 100 хадисін қазақша өлеңмен сөйлеткені де әдеби ерлік, үлкен сауапты имандылық іс деп бағалауға боларлық. Шығыстың жеті жұлдызы – Рудаки, Фирдоуси, Һайям, Руми, Саади, Хафиз, Жәмидің жекелеген шағын шығармаларынан аудармалары топтастырылған «Омар Һайям жұлдыздар шоғырында» жинағы да әдеби әлемдегі үлкен жаңалық, құбылыс болғанын «ҚазАқпарат» кезінде хабарлады. Аударма жайлы сөз болған соң, айта кетелік, орыс классиктерін аударуда да көзге түсті. Пушкин, Лермонтов, Есенин, Буниннен жүзге тарта өлеңді жоғары көркемдік деңгейде тамаша тәржімалағаны бар. Одан тыс араб, үнді, француз, кәріс ақындарынан аударғандары да бір төбе. Драматургия саласында да жемісті еңбек еткенін ұмытып барады екенбіз. Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаев бас кейіпкері болып табылатын «Соңғы сезім» (бастапқы атауы «Нюрнбергтен бұрын») тарихи қасіретнамасы М.Әуезов атындағы Қазақ Академиялық драма театрында, өкінішке қарай, жастай дүниеден озған талантты режиссер Қайрат Сүгірбековтің қоюымен сахналанып, көрермендердің көңілінен шыққан. Жас ғалым, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері Анар Еркебай Ұлы Отан соғысының ауыр азабы туралы бүгінгі уақыт биігінен сөз қозғаған туынды ретінде бағалаған («Ақиқат» журналы, №8, 2010 ж.) қойылым театр репертуарында бес жылдай тұрақтады. Жамбыл облыстық драма театрында режиссер Асқар Дүйсебаев, Қуандық Қасымов сахнаға шығарғанда да көрермендердің жоғары бағасын алды. Жақсы шығармалар тууы үшін өмірбаян керек деседі. Жақсы жазушылардың бәрі жақсы адам болған (М.Мағауин) дегенге де келісеміз. Балалық шағын соғыс өрті шарпыған ұрпақ өкілі Арғынбай Бекбосын ағамыз қалам қайратын танытып қана қоймай, азаматтық ерлік деп бағалауға болатын талай істер де атқарғанын ел жақсы біледі. Біразын айта кетелік. Сталиндік заманда қуғындалғанында Мойынқұмнан пана тауып, жан баққанын тарс ұмытып, қазақтың асын ішіп, аяғын тепкен А.Солженицын Қазақстан жерінің көбін Ресейге беру туралы шовинистік ұран көтергенде, алғашқылар қатарында Арғынбай ағамыз әлгіндей арамзалыққа лайықты тойтарыс берді. Қайда дейсіз ғой. Мәскеуде, КСРО Журналистер одағының съезінде. Сол тұста КОКП Орталық Комитетінің хатшысы В.Медведевке «қазақ ұлтшылдығы» деген айыптаудың мүлде негізсіз екенін білдіргені де жүректілік, ерлік болатын. Ал осындай ұлтжанды тұлға, әрине, ел аузына ілінеді. Алдымен Қазақстан Республикасының Жоғарғы кеңесіне, Парламент Мәжілісінің бірінші шақырылымына депутат болып сайланған еліміздегі бірінші облыстық газет редакторы. Уақыт өте келе, өткенге әділ баға беруге ұмтылған сарапшылар да, кешегі депутаттар да Жоғарғы кеңестің соңғы шақырылымына да, Парламенттің І шақырылымына да сайлауалды сайыстар нағыз демократиялық үрдістермен өткенін айтып, жазумен келеді. Ал Парламенттің ІІ шақырылымында, Мырзакелді Кемел жазғандай («Төртінші билік» газеті, 30 сәуір 2015 жыл), «рулардың лидерлеріне ақша ұсыну, шай, ұн, қант тағы басқалар тарту ету, көше асфальттау, мешіт салу арқылы депутаттыққа өткендер болды». Осындай себептермен ағамыз екінші шақырылымға қайта сайланған жоқ. Кейінгі сайлауларға да қатысуға ниет білдірмеді. Бірақ депутат болған жылдары Жоғарғы кеңесте де, Парламентте де жұрт осы күнге дейін айтып жүретіндей үлкен істер тындырып, жақсы із қалдырды. Сол жылдардағы азаматтық ерлігі парламенттік әріптесі, ақын Әкім Ысқақтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Арқаға артылған соң жүгі нардың» деген мақаласында жан-жақты жазылған. Тағы бір депутат Нәубет Қалиевтың жамбылдық «Ақ жолда» 2007 жылдың 16 маусымында жарық көрген «Қайраткер. Қаламгер. Азамат» деген мақаласында жаңа кәсіби Парламенттің тарихи миссиясын абыроймен орындауына Арғынбай Бекбосынның қосқан үлесі туралы едәуір айтылады: «Бұдан бұрын Қазақстан Республикасының ХІІ сайланған Жоғарғы кеңесінің депутаты болған мемлекеттік, партиялық, саяси-идеологиялық жұмыстың үлкен мектебінен өткен һәм заң шығару жұмысынан да біраз тәжірибесі бар Арекең жаңа қос палаталы Парламенттің сан салалы заң шығарушылық жұмысына білек сыбана кірісіп кетті. ...Арекең заң шығару ісіне белсене араласты және олардың, әсіресе, ұлт мүддесіне қатысты тұсына келгенде қашанда принципті позиция ұстап, ел, ұрпақ болашағына қажет қағидалар мен нормаларды енгізуге, солардың сақталуына ерекше күш салды.». Қазіргі қолданыстағы «Қарулы күштер мен құқық қорғау органдарындағы тіл» атты 12-бап толықтай А.Бекбосынның ұсынысы және сол кісінің берген редакциясымен біраз айтыс-тартыспен бүтіндей қабылданғаны, кейінірек қабылданған «Ұлттық қауіпсіздік туралы», «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңдарға да үлкен еңбек сіңіргені де аталмыш мақалада кеңірек жазылған. Бір кезгі Парламенттегі әріптесі келтірген осы мысалдарға қарап «Арғынбай Бекбосын ағамыз тек қазақ тілінің мәртебесін асқақтату үшін күресті, өзге тілдерге қарсы болды» деген ұғым тумауы керек. Соңғы жылдары бірқатар шығармаларын орыс тілінде жазуы да соған дәлел. Мұндай қадамға орыс тілінің ұлтаралық қарым-қатынас тілі ғана емес, көптеген халықтардың жалпы адамзаттық құндылықтарға, мәдениеттің, әдебиеттің, өнердің жетістіктеріне қолдарын жеткізген өзіндік құрал, кілт екендігін түсінгендіктен барып отыр. Орыс тілінде жазу арқылы Шыңғыс Айтматов пен Расул Ғамзатов өздерінің шағын елдерін жер жүзіне танытты емес пе?! Қазақ халқының өз ұлы болып кеткен Герольд Бельгер бір кезде Жоғарғы кеңесте қатар отырып, қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе бергізу жолында бірге күрескен Арғынбай ағамызды поэзиядағы жанрын тапқан ақын ретінде де сыйлайтынын, өмірінің соңына дейін хабарласып, пікірлесіп тұрғанын да білетін едік. Гете жазғандай, «жастық шақтан гөрі жас ұлғайғанда көп еңбек тындыру керек». Осы ұстанымдағы Арғынбай Бекбосын ағамыздың орыс тіліндегі алғашқы жазған көлемді еңбегі «Течет река Талас» эссесі 2009 жылы баспасөзде жарияланды. Мәскеуде шығатын қазіргі қазақ прозасы антологиясына да енген деп естиміз. Бұл және кейін орыс тілінде жарияланған шығармаларының ортақ арқауы – авторының өмірбаяндық шежіресінен тамыр тартатынын алдымен айтар едік. Өмірде болған жайлар, өз көзімен көріп, басынан өткергендер осы заманғы орыс жазушыларының көбінде кездеспейтін поэтикалық леппен жазылғандықтан, жүрек шымырлатар ой-сезімге, көркем шындыққа толы. Бұған автордың өзіне ғана тән стильді, кестелі тілді қосыңыз. Келесі, 2010 жылы жазған «Сын солдата или по Пушкинской, Пушкинской..» деп аталатын повесі жоғарыдағы эссенің жалғасы сияқты. «Купейная исповедь или неспетая песня любви» және «Купейная исповедь-2 или пощечина на Казанском» деген повестері мен «Сердце Агадила» эсселері де оқырмандарына сыйлар әсері мол, толымды, көркем дүниелер. Соғыс кезіндегі ауыл өмірін, майдан эпизодтарын шыншылдықпен суреттейтін «Медаль за город Будапешт» повесін Астанада шығатын әдеби-көркем, қоғамдық-саяси «Нива» журналы 2013 жылғы № 5 санының беташары етіп жариялағаны көп жайды аңғартса, ең бастысы, орыс әдебиетшілерінің жоғары бағасын білдірсе керек. Бұл туындысы, сондай-ақ басқа да орыс тіліндегі шығармалары биыл «Алаш» баспасынан «Медаль за город Будапешт» деген атпен көркем безендіріліп, кітап болып шықты. Айналасы бірнеше жылда осындай шығармаларды орыс тілінде жазып тастағандағы шығармашылық мақсаты неде? Қысқаша түйіндеп айтсақ, қазақ халқын, оның жан дүниесін, досқа адалдығын орыс тілді оқырмандарға таныстыру, басынан өткерген қилы кезеңдерін білгізу, кеңестік идеология кезінде боямаланып келген халықтар достығының шынайы мәнін түсіндіру. Шынайы достық, сыйластық бірін-бірі терең түсінгенде ғана мүмкін болатынын түсіну аса қуатты құрал – көркем әдебиеттің де көмегімен іске асатынын көрсету. Орыс тілінде жазатындардың бұл мәселеге мән бермейтіндігі, олардың шығармаларында орыс рухы басым түсіп жататындығы, байырғы ұлт – қазақтарға аз көңіл бөлінетіні немесе көңіл бөлінбейтіні жазылмаған заңдылыққа айналғаны шындық. Бұл баспасөзде де көрініс тауып тұрады. Жазушы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Нұрдәулет Ақышевтың «Қазаққа көңіл бөлмеу – қалыпты жағдай. Орыс тілді көсемсөзшілердің оралымсыздығы ойлантуға тиіс» деген мақаласы («Түркістан» газеті, 9 шілде 2015 жыл) осы тұрғыда көп жайды қозғайды. Мақала авторы «Жалпы Қазақстан басылымдарында әр уақыттарда орыс тілінде жарық көріп жатқан көркем көсемсөз үлгілерінің едәуір бөлігінде осы елдің байырғы тұрғындары қазақтың иісі де, көлеңкесі де болмайды. Рухани тепе-теңдік тұрғысынан алып қарағанда бұл, әрине, келісуге болмайтын, ұлттық қабылдауға қиғаш келетін кертартпа құбылыс» деген пікір айтады. Арғынбай Бекбосынның орыс тілінде жазған шығармалары, міне, осы олқылықтың орнын толтыруға үлес болып қосылатын әдебиет әлеміндегі оң бастама деп санаймыз. Осы мақаланы жазуымыздағы мақсат та осы жай тасада қалмаса деген ниеттен еді. Осын-дайда өмірден ерте өткен талантты сыншы, әдебиетті ардың ісі, адамгершіліктің айнасы, азаматтың мінбері санаған Сағат Әшімбаевтың «Әдебиетте де, өмірдегі сияқты қайсыбір жаңалықтар мойындала қоймайтыны анық» деген пікірі еске түседі. Ұзаңқырап кеткен әңгімемізді түйіндер алдында тағы да «Фәнилік драма» кітабын қолға алдық: Бірде сауыт киініп, бірде жібек, Ойлар келсе тулайды күнде жүрек... Тәуелсіздік алған, енді ғана тәжірибе жинай бастаған тұста Парламент қабырғасындағы қым-қуыт айтыстарда талай батпан жүкке төтеп берген жүрегі бертінірек, алты мүшелден асқанда сыр бере бастағаны, ауыр отаны да көргенін інілері, біз жақсы білеміз. Алайда қайсар ағамыз «жылы сөзден дәрі жасап, жарасын жүрегімнің жүрмін жазып» деп тағы бір төрттағанында айтқанындай, ежелгі киелі Таразда тұрып қалам қайратын танытумен келеді. Біле білгенге бұл да ерлік!
Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ.
(«Айқын» газеті, 1 қазан, 2015 ж).
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді