«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек»
Ахмет Байтұрсынов

Төрт түлікке толады

Төрт түлікке толады
ашық дереккөз
Төрт түлікке толады

Құлан – төскейінде төрт түлігі мыңғырған, етегінде егінжайы жайқалған, қойнауы қазынаға толы құт мекен. Шыбық шаншысаң тал-дарақ болып көктейтін өңірдің ауыл шаруашылығы саласында да оң нәтижелер көп-ақ. Биыл ауданымыздағы жалпы көлемі 138 387 гектарды құрайтын егістік алқаптары түгел игерілді. 78080 гектарға себілген масақты дақылдардың әр гектарынан 14,5 центнерден өнім алынды. Қамбаға 53796 тонна бидай, 59695 тонна арпа түсті. Биыл ауданда 300 гектар алқап жаңбырлатып, 55, 26 гектар жеміс ағаштары тамшылатып суғарумен қамтылды. Жаңа отырғызылған 40 гектар жеміс ағаштары алқабының 20 гектарына тамшылатып суару бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте «Шегірткеден қорыққан егін екпейді» демекші, қауіпсіздік шараларына да баса назар аударылған. Атап өтер болсақ, алқаптардың 4000 гектар аумағында зиянды бақашыққа, 1000 гектарында тапсептериозға, 6865 гектарында әртүрлі шегірткелерге,13530 гектарында укекіреге, 105 гектарында арам сояуға қарсы және 15 гектар алма ағаш­тарына химиялық өңдеу жүргізілді. Сондай-ақ, аудандағы 13 шаруашылық 534,8 миллион теңгеге 26 техника сатып алды. Оның 25-і лизингіге, 1-еуі нақты ақшаға сатып алынды. Одан бөлек, комбайндар паркінің 30,2 пайызы, тракторлардың 14,2 пайызы жаңартылған. Өткен жылға қарағанда биыл малдың барлық түрлері бойынша саны көбейіп, өнімдерінің көлемі артқанын атап өту ләзім. Яғни, қой-ешкі – 32875, жылқы – 553, ірі қара 969 басқа артқан. Осы мерзімде 5931,1 тонна ет, 10331,4 тонна сүт, 2106,3 мың дана жұмыртқа өндіріліп отыр. Бұл тұрғыдағы көрсеткіштеріміз де былтырғыдан біршама жоғары. Осы орайда аудандағы «Еркін таң» мен «Айдар» шаруа қожалықтарының әрқайсысы 100 бастан ірі қара мал бордақылау кешендерін іске қосқаны және 27 ұсақ шаруашылықтың 6 шаруашылыққа біріктіріліп ірілендірілгені де ортақ істің едәуір ілгеріленуіне қол жеткізді. Бұлардан бөлек, ауданда «Сыбаға», «Алтын асық» және «Құлан» бағдарламалары бойынша бірқатар жобалар іске асуда. Яғни, алдағы уақытта осы жобалармен жүйелі жұмыстар жүргізу арқылы қарт Құланның төскейі төрт түлікке бұдан әрі де тола беретініне сенім мол.

Ерғазы ЕСПЕНОВ, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.

Ұқсас жаңалықтар