Қуаныш Ауғанбаев.

Қуаныш Ауғанбаев.
ашық дереккөз
Қуаныш Ауғанбаев.

Өлеңде өзіндік өрнегін байқатуға талпынып, күпі киген қазақтың қара өлеңін өзінше жазып жүрген жас таланттардың бірі – жамбылдық Қуаныш Ауғанбаев. Әдемі ырғақ, көркем оймен әдіптелген Қуаныштың бірнеше өлеңдерін оқырман қауымның назарына «Ақ жол» газеті алғаш рет ұсынып отыр. Ендеше ақынның өлеңіне өздеріңіз таразы, құрметті оқырман! 

Күз

Тал-дарақтан жапырақтар үзіліп, Зеңгір көкте құстар ұшты тізіліп. Көкке қарап ой үстінде отырмын, Мынау жатқан сұр әлемге қызынып.

Бар жасылды жойып жатыр мұңлы күз, Мұңайғанда жазамыз ғой жырды біз. Ақ қағазға өлең жаза бастадым, Көңіліме түсіріп ап кірбің із.

Жоғалтып ап жазғы құстар тізбегін, Табиғаттың тамашасын іздедім. Алтын күннің шуағымен қоштасып, Амалсыздан қарсы аламын күз желін.

Кім түсінер мендік мұңды жамылған, Жапырақтар тоналыпты талымнан. Ол да менің қу тағдырым секілді, Дәру таппай денсаулықтан қағылған.

Күзде жаным солай азап шегетін, Көңілім ғой гүл таппайды өбетін. Адамдардан жапырақтар бақытты, Мезгіл жетсе үнсіз құлап өлетін.

Күз келгенде қалай ғана жүрмекпін, Жетегінде өмір деген дүрмектің. Санамдағы қоңыр күзбен алысып, Ауылыма күз жеткенін білмеппін.

Шерлі десең тарқатайын шерімді, Күз жаулады жерімді де көгімді. Қоңыр күздің шындық сірә келгені, Өмір маған қоңыр болып көрінді.

Қара шаңырақ

Жүдеу жүрек көңілсіз бір күй алды, Қалай қиям ақ жұмыртқа ұямды. Көш дейсіңдер, қалай қабыл аламын, Қала деген қоңырсыған қиялды.

Уайымы осы боп тұр қапердің, Сіңісем бе ортасына жат елдің? Жүкті жиып көшу оңай болғанмен, Ал моласын қалай қиям әкемнің?

Бұл өмірдің қыр-сырына қанықтық, Дәулетіне жатпаса да қарық қып. Ұлың болып шыға алмадым үдеден, Кешір мені, туған өлке жарықтық.

Жырақ кетсем, ертесіне-ақ сағынам, Мендік сырды жүрегі бар жан ұғар. Қыдыр қонған құт мекенім Еңбекте, Ата-баба табанының табы бар.

Көңілдің нәркес көкжиегі сәл тұман, Мазасыздық көкейімді шарпыған. Арқа қысса көше кезіп кетемін, Нән қалада қалай енді қаңғырам?

Осы жерде таптым ойдың тұнығын, Ұлығы мен асылдардың сынығын. Бұл өлкеде әкем келген өмірге, Жазған жырын көрмей кеткен ұлының.

Бал күнімнің шамшырағы жанған үй, Тілеуші едім сенде өтсе деп бар фәни. Енді күйің не болады білмедім, Қара шалдың жалғызынан қалған үй?

Сені іздеймін

Ұлы сезім жүректі қашап алған, Екеумізді шексіз бір тосады арман. Қалқатайым қайда деп осы менің, Уыз шағым шырқырап қашады алдан.

Сені таппай қалайша дамылдармын, Мендік жайын кім ұғар ауыр халдың. Қалада өскен талдырмаш сұлуым ең, Жанын ұқпай ауыл деп ауырғанның.

Шер толғады осылай керім кеуде, Селкеу сезім өлең боп өрілгенде. Алмай қойған өзіме обал жоқ-ау, Суретің де жоқ екен сенің менде.

Алған беттен кезім жоқ танған күнім, Шын сүюден өзіңді арман гүлім. Білермісің қолда жоқ суретіңнің Жүрегіме жазылып қалғандығын?

Жыр түгілі жазбаймын тақпақ бұл күн, Отын қайда жібердім шақпақ жырдың? Таразыма күлімдеп келген едім, Ауылыма жылатып аттандырдың.

Жамбыл ауданы.

Ұқсас жаңалықтар