Тұрақты экономика, сапалы заң елімізді бай әрі қуатты мемлекетке айналдырады
- author «Ақ жол»
- 6 мамыр, 2014
- 307
Экономиканы талдап, зерттемей қоғамды алға бастыру, сондай-ақ, қайта оралып тұратын қаржы дағдарысын жеңіп шығу мүмкін емес. Осы орайда елімізде халықаралық экономикалық форумдар өтіп отырады. Осындай жаһандық форумдарда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің нақты ұсыныстары мен көзқарасын айтып, әлемдік экономикадағы еліміздің алатын орнын, алдағы көздеген мақсаттарын мәлімдеп келеді. Соның барлығы не үшін жасалып жатыр десек, табиғи байлығымызды игеруде және қоғамды дамытуда тек қана өз күшімізді пайдаланумен шектелмей, елімізге үрдісі қалыптасқан, әлемдегі бәсекеге қабілетті шетелдердің білікті инвесторларын тарту болып табылады. Сол арқылы өзіміздің ішкі экономикалық жағдайымызды реттеуге мүмкіндік туады. Бұл – бірінші мәселе.
Ал, екінші мәселе – адами капиталды дамыту барысында мамандарымызды кең ауқымды түрде жаңа инновациялық технологияны игеруге жан-жақты бейімдеп, сол арқылы экономиканы ілгері бастыру қажет. Үшіншіден, адамзат баласы қай қоғамда өмір сүрсе, сол қоғамның тұрақты болғанын қалайды. Даму үрдісінде тұрақтылығы мен өзара келісімі бар қоғамның болашағы зор болмақ. Бұл құндылықтар да экономиканың бір іргетасы болып табылады. Осы факторларды есепке ала отырып, қазіргі уақытта біздің елде әртүрлі бағыттағы бірнеше маңызды жобалар қолға алынуда. Соның ішінде негізі іске асырылатын жобалардың бағыт-бағдары еліміздің 2050 жылға дейінгі даму кезеңін қамтыған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында көрініс тапқан. Халық өскен соң, азық-түлік қажеттілігі арта түседі. Қазір әлем бойынша 1 миллиардқа жуық адам тамақ жетіспеушіліктің зардабын шегіп отыр. Азық-түлікті өндіру саласын дамытуда біздің елдің мүмкіндігі зор. Егін, мал шаруашылықтары, оның ішінде жайылымды, бау-бақша, көкөніс өсіру және басқа да саланы заманауи технологиялардың күшімен дамыта білсек, экономикамызды алға бастырамыз. Елбасы тек қана шикізатқа тәуелді болып қалмай, экономикамызды әртараптандыру қажет деген саясатты ұстанып отыр. Қашанда инновациялық технологиялар өз бетінше дамымайды, бізге нарыққа төзімді, бейімделген, тиімді технологиялар керек. Ол үшін қандай қадамдар жасау керек десек, «Болашағы зор ұлттық кластерлер қалыптастыру жөнінде нақтылы Жол карталарын әзірлеу аса маңызды», – деді Елбасы. Мемлекет басшысының стратегиялық Жолдауында ел дамуының жолдары кезең-кезеңімен, саты-сатысымен айқын көрсетілген. Енді оны Үкімет, біздің қоғам, азаматтарымыз нәтижелі іске асыруы қажет. Болашаққа нық қадам жасап, келешек ұрпаққа дәстүрлі, жан-жақты нығайған, бәсекелестікке төтеп бере алатын мықты экономиканы қалдыруға міндеттіміз. Осы орайда, елдің дамуына сүбелі үлес қосатын ірі-ірі бағдарламаларды іске асыра білсек, ұтарымыз көп. Қазір біз уақытты үнемдей білуге үйренуіміз керек. Өйткені, нарық заманы кезінде босқа жасаған әр қадамымыз – ақша шығыны. Сондықтан уақытты тиімді пайдаланып, «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп» жасаған жұмысымыз табыс әкелуі тиіс. Үкімет нақты бағдарламаларды әзірлесе, ал Парламент Жолдауда көрініс тапқан бағыттар бойынша барлық саланы қамтитын заңдарды жетілдіру бағыттарын қарастыруда. Өмір бір орнында тұрмайды, экономикалық қатынастар да үнемі өзгерістерге ұшырап отырады. Заң да бір қалыпқа құйып қойған не қатып қалған дүние емес. Сондықтан мемлекет алға басуы үшін сапалы әрі тиімді заң қажет. Заң болмаса, қоғамда ештеңе жасай алмайсың. Елбасы біздің алдымызға Қазақстан 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған отыз елінің қатарында болуға тиіс деген міндет қойды. Және алдағы уақытта қарқынды дамып келе жатқан елдер арасындағы бәсекелестіктің қатал болатынын ескертті. Барлық байлықтарымыз бен құндылықтарымызды тиімді пайдаланып, адами капиталымызды дамыта отырып, заман талабына сай бәсекеге қабілетті тауарларымызбен елдің ішкі сұранысын қамтамасыз етіп, сыртқы нарыққа да шығарып, кедергі келтіретін мәселелерді шешіп, әлемге шығатын жолды ашып, білімді де білікті ғалымдарымызды тарта отырып, жаңа технологияларды инновациялық жолмен алға бастырып, бірлігі мықты халық ретінде жұмыс жасасақ, әлбетте, біздің отыз елдің қатарына кіруімізге мүмкіндігіміз мол.
Жексенбай ДҮЙСЕБАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі, экономика ғылымдарының кандидаты.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді