Ел ертеңі – жастар қолында

Ел ертеңі – жастар қолында
ашық дереккөз
Ел ертеңі – жастар қолында
Уалихан Болатбек, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Жас Отан» ЖҚ-ның төрағасы. Астанада «Мәңгілік Ел – Болашағы Біртұтас Ел» тақырыбында өткен республикалық патриоттар форумына мен де облыс делегациясы құрамында қатысып қайттым. Форум Мемлекет басшысының «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясына арналды. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген азаматтар тарапынан Елбасымыздың елімізде атқарған еңбегі туралы жылы лебіздерінен, ойлары мен ұсыныстарынан өте жақсы әсер алдым. Жамбыл ауданы жастары көшбасшысы ретінде мен де Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінгі жастар саясатын, патриоттық тәрбие беру бағытындағы бастамаларын қолдайтынымды айтқым келеді. Әлемдегі экономикалық тұрақсыздыққа байланысты атқарылып жатқан көптеген жұмыстар да еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайына тек қана игі ықпалын тигізетіні күмәнсіз. Қазақстандықтардың Ұлы Дала еліне деген ерекше сүйіспеншілігін паш еткен аса ауқымды шара ел халқының осы ұлы идея айналасына топтаса бастағанын айқын аңғартты. Ал Елбасы форумға қатысушыларға жолдаған құттықтауында жастарға баса назар аударып, еңбек етуге, жоғары білім алып, ел игілігіне қызмет етуге шақырды. Жастардың Елбасының сенімін ақтайтындығы даусыз. Елімізде әр азаматтың, әсіресе, жастардың өз дәрежесінде білім алуына мүмкіндік жасалған. Мемлекет басшысы бастаған жасампаз істердің әрдайым қасынан табыла білу, кез келген бастаманы іліп әкетіп, мақсатына жеткізу жолында жалықпай еңбек ету – мына біздер – жастардың міндеті. Қазіргі уақытта «Нұр Отан» партиясы жанындағы «Нұр Отан» жастар қанатының негізгі мақсаты жастардың, соның ішінде, ауыл жастарының әлеуметтік сұранысын қанағаттандыру, жастарға арналып жасалған мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, түсіндіру болып табылады. Нұрсұлтан Назарбаев әлемде тек нақты іс-қимыл стратегиясына ие саяси күштердің ғана табысқа жетіп жатқанын ескерте келіп: «Қай жерде ұзақ мерзімді саяси көшбасшылық қамтамасыз етілсе, табыс сол жерде! Мұндай көшбасшылық – біздің халқымыздың бірлігі мен дамуының, отансүйгіштігінің берік кепілі. Партияның аса маңызды миссиясы – «Қазақстан-2050» Стратегиясында жарияланған «Жаңа қазақстандық патриотизмді» қалыптастырудың жалпыұлттық орталығына айналуы», деп нақтылады. Бұл жұмысқа «Жас Қыран» және «Жас Ұлан» балалар ұйымдары, «Жас Отан» бастаған жастар бірлестіктері қатысуы міндет. Ана тіліміз бен ата дәстүрімізді, ұлттық мәдениетімізді сақтап, жаңғырту – парызымыз. Біле-білсек, бұл – бізге Елбасының көрегендігімен келген құндылық. Сондықтан алдағы уақытта да еліміз үшін қызмет етіп, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бастаған кең ауқымды жұмыстарға үлес қосуды біздер, жастар, Отан алдындағы перзенттік парызымыз деп санаймыз.

Ұқсас жаңалықтар