Т. Рысқұлов ауданының орталығы – Құлан ауылында ұзақ жылдардан бері өнер мектебі жұмыс істейді. Онда өскелең ұрпақ өнердің әртүрлі саласы бойынша тәрбиеленуде. Атап айтқанда, ән-күйден басқа қолөнер шеберлігін дамытуға арналған топтар бар. Мысалы, 2-сынып оқушысы Ақерке Бақытжан облыстық, республикалық әншілер байқауының жеңімпазы болды. Қолөнер тобында білімін жетілдіріп жүрген Ж. Байқұлова республикалық «Қазақстан – жаңа әлемде» атты байқаудың бас жүлдесін жеңіп алса, И. Малымбаев «Болашақтың іргесін Елбасымен бірге қала!» атты байқауда 3- орынды иеленді. Республикалық «Ата-бабамыздың мұрасын сақтаймыз және дамытамыз» байқауында А. Жақсылық бас жүлдеге иегері атанды.
Өнер мектебі оқушыларының көптеген жеңістерге жетуіне қолөнер тобының мұғалімі Бақыткүл Игенбекованың еңбегі ұшан-теңіз. – Бақыттың біздің мектепте еңбек еткеніне 10 жыл болды. Жас ұрпаққа қазақтың білгенін үйретуден жалыққан емес. Өзі бас болып, түрлі түсті кестемен оюлап тіккен дүниелері көздің жауын алады. Кілемшелер, терезе перделері, жастық тысы, ұлттық үлгідегі ертегі кейіпкерлері, камзолдары облыстық және республикалық көрмелерде халықтың қызығушылығын тудырып, тәнті еткен. Бақыткүл жоғары білімді, білікті маман, өз ісінің шебері, қазақ қолөнерінің нағыз ісмері және оқушыларын ұлттық өнерге баулуда атқарып жүрген жұмыстары әр кезде жоғары бағаға ие. Біздің өнер мектебінің 4-5 ауылда бөлімшелері бар. Осында оқитын оқушылар Бақыткүлдің тобына баруды қалайды. Себебі, ұлттық өнеріміз жастарды қатты қызықтырады, – дейді мектеп директоры Б. Үтебаев. Бақыткүлдің тағы бір оқушысы Л. Калуцкая облыстық «Қысқы қиял» байқауында қалдық заттардан бұйымдар жасаудан 2-орын, М. Фахрисманова 3-орынды иеленсе, А. Еркінбаева I дәрежелі дипломмен марапатталды. Осы және басқа да жетістіктері үшін Бақыткүл аудандық фестивальда көрсеткен өнері үшін аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. «Мәдениет және өнер» көрмесінен иеленген марапаттары да жеткілікті. Облыстық «Қазақстан жаңа әлемде» атты байқауға белсене қатысып және шығармашылық әдістемесі үшін облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасына ие болды. Шығармашылық жұмыстағы жетістіктері және оқу-әдістемесі облыстық «Білім шуағы» газетінде жарияланып тұрады. Бақыткүл – осылайша мектебіндегі ұстаздар мен оқушылардың құрметіне ие болған жан.
Москау Ноқрабеков, журналист.
Т. Рысқұлов ауданы.
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
IQanat – жарқын болашаққа бастайтын жоба
- 28 қазан, 2024
Референдумнан қордайлықтар да қалыс қалмауда
- 6 қазан, 2024
АЭС салсақ - электр энергиясын экспорттаймыз
- 22 қыркүйек, 2024
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді