Әне-міне дегенше, мамыр айы да келді. Соңғы қоңырау сыңғыры естілер күн де алыс емес. Арғы жағында мектеп бітірушілердің көңілдерін күпті еткен ұлттық бірыңғай тестілеу өтетін кезең де жақын. Тест тапсыруға өтініш берген түлектер қазір бас көтермей сынаққа әзірленіп жатқаны анық. Ал, тестілеу өткізу пункттері дайын ба?! Облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуовтың төрағалығымен өткен жиында ҰБТ-ға дайындық барысы қаралды.
Биыл ҰБТ-ға облыс бойынша 9349 мектеп бітірушінің 6773-і қатысуға өтініш білдіріпті. Оның 60 пайыздан астамы – ауыл мектептерінің түлектері. Аудандарда тестілеуді өткізу үшін 13 миллион теңгедей қаржы бөлінген екен. Нақтырақ айтсақ, қарастырылған қаржы шалғай ауылдан келетіндерді тасымалдауға, тамақтандыруға және өзге де қажетті шараларды ұйымдастыруға жұмсалмақ. Облыстық білім басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекованың айтуынша, барлық тестілеу өткізу пункттерінде бейнебақылау камералары, ұялы телефондардың байланысын тұншықтырғыш құрылғылар орнатылып, металіздегіштер сатып алыныпты. Қысқасы, пункттерде материалдық база жағынан проблема жоқ. Ал, моральдық тұрғыдағы әзірлік қалай жүруде?
«Мектеп бітірушілердің ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындығын анықтау, білім деңгейлерін тәуелсіз барлау мақсатында қаңтар-ақпан айларында EDTECH-KZ халықаралық білім орталығының қатысуымен SAR автоматтандырылған жүйесі арқылы облыстағы 11-сыныпты бітіретін 7145 (83%) оқушыдан байқау тесттері алынды. Сондай-ақ, түлектерді сынаққа психологиялық тұрғыдан дайындау үшін пункттерде сынама тесттері алынды. Тек қана Меркі ауданы және Тараз қаласында бақылау сынағы 15 мамырдан кейін алынады деп жоспарлануда. Бірақ, бұл дұрыс емес. Мұндай шара бітірушілер сол аудиторияда отырып ішкі толқыныстарын жеңу үшін, тест тапсыратын жермен алдын ала танысу үшін қажет», – дейді Сұлушаш Сәтбекқызы. Бақылау сынақтарының қаншалықты пайдасы барын білмейміз, бірақ былтыр дәл осы Меркі ауданында шекті деңгейден өте алмай қалған талапкерлер көп болған еді. Өткен жылғы олқылықтардың алдын алу үшін елден бұрын қимылдаудың орнына аталған аудан мен облыс орталығындағы жауапты мамандардың арқаны кеңге салып отырғаны түсініксіз. Облыстың бас педагогы жинаған баллдары шекті деңгейге жетпей қалған 930 оқушының басым бөлігі Меркі, Байзақ, Жамбыл аудандары мен Тараз қаласының бітірушілері болғанын айтады. «Ұлттық бірыңғай тестілеуге бір ай мерзім қалды. Сынаққа дейін барлық әзірлік шараларын қайта пысықтап қарауымыз керек. Өрт қауіпсіздігі, санитарлық тазалық секілді мәселелер назардан тыс қалмасын», - деді облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов. ҰБТ-ға дайындық барысы бақылауда болатынын ескертіп, аудан әкімдерінің орынбасарларына балаларды тасымалдау, орналасатын үй-жайларын ретке келтіру туралы тапсырмалар берді. Талап біреу – мамырдың 15-іне дейін барлық кемшіліктер жойылып, сынаққа сақадай сай әзірлік жүргізілуі керек.
Ардақ Үсейінова, «Ақ жол».
Ұқсас жаңалықтар
Ақпарат
Газетке жазылу
«Aulieata-Media» серіктестігі газетке онлайн жазылу тетігін алғаш «Halyk bank» қосымшасына енгізді