АДАЛ ҚЫЗМЕТ –– АЗАМАТТЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ

АДАЛ ҚЫЗМЕТ –– АЗАМАТТЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ
ашық дереккөз
АДАЛ ҚЫЗМЕТ –– АЗАМАТТЫҚТЫҢ БЕЛГІСІ

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстағы Тәртіптік кеңесінің кезекті отырысында он бір мәселе қаралды. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын бұзған бірқатар мемлекеттік қызметшілердің мәселесін аталған агенттіктің облыс бойынша департаменті басшысының орынбасары-Тәртіптік кеңестің төрағасы Ғалым Тұрсынбаев басшылық ететін тәртіптік кеңес мүшелері жіті тексеріп, тиісті шешімдер шығарды.

Жуалы ауданы прокуратурасының ұсынысымен аудан әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы М.Пешенов пен аталған бөлімнің бас маманы Н.Коскельбаева қызметтік міндеттерін атқару барысында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңда көрсетілген өз құзыретіне кіретін мәселелерді шешудің заңда белгіленген тәртібін әлденеше рет бұзғаны үшін қызметінен төмендету, ал төмен тұрған бос лауазым болмаған жағдайда, қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы аудан басшылығына ұсыныс жолданды. Олардың жіберген қателігінің салдарынан тиісті талаптарға сай келмейтін тұлғаларға жер телімі берілген. Дәл осындай кемшілікке Меркі ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы К.Арғымбаев пен бөлімнің бас маманы С.Бабижановтар да жол берген. Аталған азаматтар біліктілік талаптарына сай келмейтін компанияның өтінімін қабылдап, оны конкурстан өткізіп жіберген. Бұл іске байланысты делінген аудан әкімі Б. Көпбосыновтың тарапынан заң бұзушылық фактілері орын алмағандығы дәлелденіп, тәртіптік ісі тоқтатылды. Ал Жамбыл ауданы прокуратурасының ұсынысымен аудан әкімдігінің «Аса-су» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының директоры М.Бұралқиевке қатысты тәртіптік іс те көңіл қобалжытады. Өйткені, кәсіпорын тарапынан мемлекеттік сатып алуды рәсімдеместен, конкурстық және басқа да құжаттамалардың әзірлігіне қарамастан, жылдық жоспарда көзделмеген 1 500 246 теңгеге «ТаразГеоПроектЛюкс» ЖШС-мен мемлекеттік сатып алу шартына отырған. Серіктестік шартта көрсетілген қызметтерді толық орындап шыққан. Алайда, тапсырыс беруші кәсіпорын оған еш қаражат аудармаған. Тіпті, серіктестік қызметкерлері телефон қоңырауларына жауап бермей, түрлі сылтау айтып түлкібұлаңға салуға көшкен. Мемлекеттік қызметкер бола тұра осындай абыройсыз іске барып отырған М.Бұралқиевке қызметінен төмендету, төмен тұрған бос лауазым болмаған жағдайда қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылды. Ал өздеріне тиесілі қаржыға қол жеткізе алмай жүрген серіктестікке ақшаны сот арқылы даулауға кеңес берілді. Азаматтардың тәртіптік ісі қаралып, тиісті шешім қабылданған соң Меркі ауданының әкімі Б.Көпбосынов пен Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Г.Зәуірбекованың мемлекеттік қызмет, көрсетілетін мемлекеттік қызметтер туралы заңнамалардың және ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Ар-намыс кодексінің сақталуы жөніндегі жұмыстары мен сыбайлас жемқорлыққа қатысты қатерлердің алдын алу жөніндегі жұмыстары туралы есептері тыңдалып, тиісінше ұсыныстар берілді.

Маржан РАҚАЙ, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар