Сұр бұлт, түсі суық қаптайды аспан...

Сұр бұлт, түсі суық қаптайды аспан...
ашық дереккөз
Сұр бұлт, түсі суық қаптайды аспан...

Облыс қысқы жылыту маусымына толық дайын

Облыстық әкімдікте облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қысқы маусымға дайындық мәселесі бойынша селектрлік штаб отырысын өткізді.

2015-2016 жылғы жылыту маусымына республикалық және жергілікті бюджеттен барлық нысандарды дайындауға, күрделі жөндеуге 10,2 миллиард теңге қаржы бөлініп, аталған қаржы тиімді және мақсатты жұмсалуы қатаң бақылауға алынған. 15 қазан күні облыс әкімінің негізгі тапсырмасына сәйкес аудан, қала әкімдері өздерінің жылыту маусымына дайындықтарын пысықтап, арнайы қаулы шығарып, жұмыстарын бастады.

Жылыту маусымына дайындық барысында атқарылған жұмыстар жөнінде облыс әкімінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ерік Көшербаев баяндады. Ол Шу және Талас аудандарында орын алған кемшіліктерді қатаң сынға алып, аудандағы жауапты мамандардың салғырттығынан жылыту маусымындағы кемшіліктердің алдын алмаса, қиыншылықтар туындайтынын ескертті. – Тараз қаласы мен шағын қалалар 15 қазаннан бастап жылыту маусымына қосылды. Бүгінгі күні, мәліметтерге сайсақ, күрделі жөндеуден өткен 263,5 шақырым газ желісі, 2735 шақырым электр желісі, 776 білім нысаны, 433 денсаулық сақтау нысаны, 743 әлеуметтік мәдени нысан және 1481 көп қабатты тұрғын үй 100 пайыз әзір. Т.Рысқұлов, Жуалы, Жамбыл және басқа аудандар тұрғындарды көмірмен қамтамасыз етуді тездету керек. Өйткені көмір бағасы күннен-күнге қымбаттап барады. Төртінші тоқсанда қарастырылып, республикалық бюджеттен бөлінген 54,4 миллион теңгеге 1433 тонна мазут сатып алу бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Мәселе жақын арада шешімін табады. Былтырғы жылыту маусымынан қалған 26 миллион теңгеге 1270000 текше метр газ сатып алуға тиіспіз. Жауапты адамдар ол қаржыны қайда жібергенін өздері біледі, сондықтан бұл да күрделі мәселе. Шу қаласының орталық қазандығына тұрғындардың дебиторлық берешегі қазір 4,8 миллион теңгені құрайды. Берешекті өндіруді жандандыру қажет. Электр энергиясы бойынша облыста кейбір мекемелер электр энергиясына қарыз болғанына қарамастан, жылыту маусымын уақтысында бастадық. Облыста электр қуатына ең үлкен берешек Таразда – 486 миллион теңгені құрап отыр, – деді ол. Шу қаласының Жайсаң алқабындағы қосалқы стансаны салуға 527 миллион теңге бөлінгенмен, ол жұмыс осы күнге дейін әлі бітпеген. Жоба басталғалы бері осы күнге дейін 483 миллион теңге игеріліп, құрылыс-монтаж жұмыстары бар болғаны 85 пайызға орындалған. Бүгінгі таңда аталмыш қосалқы станса толық жұмыс істемей тұр. Ол – төңірегіндегі мекемелерге және басқа нысандарға жұмыс істеуге кедергі келтіреді деген сөз. Биыл «Нұрлы жол» бағдарламасын іске асыру шеңберінде Тараз қаласында жылу желілерін жаңғырту бойынша екі жоба жүзеге асты. Абай даңғылының бойындағы ТК410, ТК411, ТК410 дер кезінде жаңғыртқанымыз дұрыс болған. Өйткені, оған қарасты желі бойында балабақша, тұрғын үйлер бар болатын. Ал ТК411 бойынша жұмыстар қазір 90 пайызға біткен. Бұл желінің бойында 11 тұрғын үй, балабақша бар екен. Облыста ағымдағы жылы газдандырылған елді мекендердің саны 150-ге жетті немесе 48 пайызды құрап отыр. Облысымызда 352 елді мекен бар болса, соның 312-сіне «көгілдір отын» жеткізуді 2025 жылға дейін толық аяқтау көзделген. Шуға тартылған газ желісінің 10 мың абонентті қамтамасыз етуге күші жетеді. Алайда қазіргі уақытта абоненттердің саны бар болғаны 850-ге жеткен. Бұл жақта халықты газбен қамтамасыз ету төмен деңгейде жүріп жатқаны осы көрсеткіштен байқалады. Халықты «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуде шулықтардың немқұрайлылығы тым жоғары демеске амал жоқ. – Қылышын сүйретіп келе жатқан қысқа облыс орталығы сақадай сай деп айтуға болады. Тараз қаласында жылуды өндіруші және жеткізуші 5 мекеме бар. Жылуды орталықтандырылған жүйеден алатын 1481 нысан дайындықпен толық қамтылып отыр. Оның ішінде көп пәтерлі тұрғын үй – 1200, денсаулық сақтау мекемелері – 35, білім беру мекемелері – 132, әлеуметтік нысандар – 12, басқа да нысандар – 132. Диспетчерлік қызмет қалалық әкімдікте дұрыс жолға қойылған. Бүгінгі таңда қаладағы жылу жүйелерін модернизациялауға, инженерлік жөндеуге байланысты қазіргі уақытта үш мөлтек аудандағы 3 үйге жылу берілмей отыр. Жұмыс осыдан он күн бұрын басталған болатын, енді жиырма күннің төңірегінде аяқталатын болады, – дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Әлім Жусанбаев. Қызметіне жақында кіріскен қала әкімінің орынбасары Әлім Октябрьұлының баяндамасына түсіністікпен қараған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков аталмыш үш мөлтек аудандағы көп қабатты 3 үйдің және басқа да төрт-бес тұрғын үйдің жаңғырту жұмыстары кешіксе, жұмсақтық танытпайтынын баса ескертіп, жертөледегі жылу жүйелері жұмысын жиырма күнде емес, он күнде сапалы аяқтауларын тапсырды. Қар жауған соң халықаралық, қалааралық және ауданаралық жолдарда көліктің еркін қозғалысы қиындайтыны белгілі. Әсіресе, Қордай, Күйік және Шақпақата асуларында жылда қайталанатын қиындықтардың алдын алу мәселесі жіті тапсырылды. Көк тайғақта қажетті 1435 тонна тұз, 7040 тонна құм осы бастан дайындалып қойылыпты. Штаб отырысының қорытындысы бойынша облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қала және аудан әкімдеріне қысқы жылу маусымын апатсыз жағдайда өткізуді, бірде-бір нысанды жылусыз қалдырмауды тапсырды. Соңыра республикалық және жергілікті маңызы бар автожолдардағы қысқы қиындықтарды болдырмауға, алдын алуға байланысты жұмыстарды сапалы атқаруды пысықтады.

Қанат Тілепберген, «Ақ жол».

Ұқсас жаңалықтар